Ы.Алтынсарин балалар әдебиетінің атасы

Ыбырай Алтынсарин — қазағымыздың маңдайына біткен көрнекті ақын, дарынды жазушы. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқандай маңызы зор көркем шығармалар туды. Ол өзінің бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тəрбиелеу қызметіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы да сол оқу-өнер, білім мəселесімен сабақтас екені сөзсіз. Қараңғы қазақ халқының көзін ашып, көңілін ояту, озық мəдениетті дамыған елдердің қатарына қосу әр Алаш қайраткерінің арманы болатын.

Ы. Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы. Бүкіл өмірін қазақ балаларын оқытуға арнаған. Ыбырайдың әдеби туындылары балалар дүниесіне өте жақын. Сондықтан да ол қазақ балалар әдебиетінің атасы деп танылған. Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, оқулық жазған. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім…» деп тұжырымдаған. Өйткені хрестоматияға Ыбырай өзінің педагогтық мақсатына лайықтай жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай – ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды енгізген болатын. Оның шығармалары мұғалімдер даярлайтын оқу орындарында кең көлемде оқытылады.

Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын-соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге , әрине ол кезде оңайға түскен жоқ. Оның алдында жалпы өнер-білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан ескі салт-сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген, сүйген де оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі күрескер Ыбырай Алтынсарин «Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын», – деп сеніммен жазғанындай, сан-сала қиындықтармен табанды күресе жүріп әрі орыс, әріптестерінің көмегімен ақыл-кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған негізгі мақсатын орындады.1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен – балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілген еді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ол қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болатын.

Бала тәрбиесінде адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналып кеткен«әдебиет» пәні баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, адамгершілікке, ұқыптылыққа, мейірімділікке жақындарын сыйлауға, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Қай қоғамда, қай мемлекетте болсын, қарым – қатынас адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік құндылықтар қалыптастыру кез – келген мектептің міндеті болса, баланың өзін тануына, басқаны тануына, баланың болашақ дамуына «Әдебиет» пәні зор ықпал етеді. «Әдебиет» ол – өнер, ата-бабадан қалған асыл сөз, ұлттық болмыс, өзін сыйлауға, өзін – өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт – бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.

Ыбырай Алтынсарин мұғалімдердің бала оқытудағы орнын жоғары бағалап: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, ол  – мектептің жүрегі» – деген сөзі осы күнге дейін құнын жоймағаны анық. Ыбырай Алтынсариннің қазақ жұртшылығын қараңғы түнектен алып шығып, тұңғыш рет ана тілімізде сауаттылық жолына бастауда сан түрлі ұлттық мектептер мен гимназиялар ұйымдастырып, мектеп  және мұғалімдер үшін оқулық пен әдістемелік еңбектер жазудағы ұлан – ғайыр еңбектері жоғалмақ емес. Сондықтан да бүгінгі педагог қауымы ағартушы шығармаларын өз жұмыстарында үнемі басшылыққа алып келеді. Ыбырай атамыздың өлең, әңгімелері түгел дерлік оқушысына түсінікті, тілі жеңіл, тәрбиелік мәні зор, оқып отырған оқырманына үлкен ой салатындай тақырыбы әсерлі, көркем бейнеленген және ойын жеткізуде тілдік стиль ерекшелігі зор.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *