«Сіз қай елдің азаматысыз?»

Сыдықбек Мейрамбек

 

«Сіз қай елдің азаматысыз?»

Ең алдымен, «азамат», «азаматтық» сөзінің түп – төркініне үңілген абзалырақ болар деген оймен, аталмыш терминнің мағынасына ой жіберелік. Азамат сөзі ұлттық мәнде қарастырылатын, қарастырылуы қажет ұғымдар қатарына кіретін сияқты. «Көп томдық түсіндірме сөздікте: ержеткен, отбасын, елін қорғайтын атқа мінген жігіт». Ал, «Азаматтық — тұлғаның нақты мемлекетпен берік құқықтық байланысы», – деп көрсетілген ғаламтор іздеу парақтарының бірінде [1].

«Р. Сыздық сөздің лексикалық мағынасын көрсетуде, «кәмлетке толып ержеткен адам, жігіт» және «белгілі бір мемлекеттің тең құқықты адамы» (ҚӘТС, 2006, 111) деген құқық саласында терминдік мағынадағы сөз болып танылады» дейді» [2].

Яғни, жоғарыда келтірілген анықтамаларға сүйене отырып, талдануы қажет мәселе, азамат сөзінің түп мән – мағынасы мен соған сәйкес азаматтық борыш – міндеттің бар екендігін алға тарту. Ұлт тағдырына, кешесі мен бүгініне, келешегіне жазылып, сараланып, талданып көтеріліп жатқан жазбалар баршылық. Соның бір ғана тілге тиек, ойға жігер беретіні – Есенгүл Кәпқызының «Сөздің шыны» кітабындағы «Қай елдің азаматысыз?» атты мақаласы. Әлбетте, бұл сарынды тақырыптарда қалам арқылы ой жеткізерде эмоцияға берілмеу екіталай, алайда автор жазу қисын тәртібін сақтай отыра «Азаматтық туралы» Заңның түбегейлі өзгеріс қажеттігін алдыға тарта отыра, АҚШ, Канада, Израиль, Ресей сынды экономикасы тұғырлы мемлекеттердің азаматтық алу рәсімдерін атап көрсетеді.

Мақала шағын болғанымен, осы типтес тақырып атаулысы көптеп кездескенімен, автор маңызды мәселелерді көтереді және еліміздің ішкі ұлттық біртұтастығын, ауызбіршілігін нығайту төңірегінде халықтың көкейіндегі ұсыныстарды жазып қалдырған.

Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңын қайта қарау ұсынысының өзекті әрі құптарлық іс екенін автор мәлімдеген хабарламалардан ескеруге болады:

  • «Мәселен, кез-келген мемлекеттің «Азаматтық туралы» заңында қандай да бір мемлекеттен келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам сол мемлекеттің азаматы атану үшін, ең кемінде 5-10 жыл тұрақты тұруы керек, сондай-ақ, сол елдің тарихынан, мемлекеттік тілінен емтихан тапсыруы  қажет»;

  • Америка азаматы атану үшін онда кемінде 10 жыл тұрақты тұруымен қатар, АҚШ тарихынан, географиясынан және мемлекеттік тілінен емтихан тапсырасың және ең маңыздысы – Библияны ұстап тұрып, АҚШ үкіметіне ант бересің. Ал, Канадада бұндай сынақ түрі 14-ке жетсе, Израиль тек еврейлердің ғана азаматтығын мойындайды екен. Көрші Ресейде орыс тілін білмейтін адамды азаматтыққа қабылдаудан бас тартты», – деп ойын факті арқылы дәлелдеп көрсетеді;

  • Білікті мамандардың Отанынан тысқары шығып, игілігін өзге шет елді мекендерде тындыру. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамныда болған азаматтарға жеңілдік жағдайы жасалғанын айта отырып, «егер, сіз ішкі істер органдарының қызметкерлеріне бұрынғы Кеңес Одағының азаматы болғандығыңызды дәлелдесеңіз жетіп жатыр», – деп көрсетеді. Бұл занның тағы бір кемшін тұсы;
  • «31 канал» телеарнасының апталық «Состояние – кз» бағдарламасында өзге шетелдіктер үшін Қазақстан Республикасы Америка тәрізденеді екен. Қытай, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтары біздің елдегі өзге ұлт өкілдеріне жасалатын бақуатты жағдайы еліктірмей қойғанын алға тартады.

Анығында, әр мемлекет ,ең алдымен, жергілікті халықтың әлеуметтік – экономикалық мұң – мақтажын толық дәрежеде орындауы қажет.

Мемлекеттің негізгі қайнар көзі – халық.

Қазақ елі бағзы заманнан қонақжай халық. Елбасының, алғашқы президенттің «Үш тұғырлы саясаты» соның дәлеліндей. Алайда, мұны шала қазақша сөйлеуге, орыс – ағылшын тілдерін бей – берекет қазақ сөздеріне кіріктіріп сөйлеуге болады деген ой емес. Бұл бір саяси ахуалы, экономикалық өрлеу тұрғысында ел басшысы үкімет органдарымен бірлесе отырып, мемлекетаралық қатынастың нығаюына, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген мақалдың сарынына үндеп шығарған саясаты. Бұл – әлемдік елдермен тереземіз тең, бәсекелес болуға бірден – бір жол.

Осы тұста, Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген сөзі бар. Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, әлде өзгеге ме?..  Ол жағы бұлыңғыр болып отырғаны да өкінішті һәм алаңдатарлық.

Жоғарыда келтірген, атап көрсеткен мәселелерім, ең алдымен ішкі жүйені орнықтыруға, мемлекет бірінші орында, жергілікті ұлт – қазақ халқын әлеуметтік – экономикалық тұрғыда қамтамасыз етіп, жағдайын жасау үндеуіне саю.

Қазақ елінің негізгі байлығы – қара жер. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген» күн. «Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн». Кеңес Одағының құрамында болған 130 жылға жуық кезеңде қайран қазағымның басынан не өтпеді десеңізші, «құшақ жая қарсы алғандай», ағалық бауырлық қасиетін көрсеткен сыңай танытып, бір ғана мүддені көздегенін һәм көксегенін бәріміз де білеміз. Қазақ елін түпкілікті жою арқылы, қолдан геноцид жасауы – оған дейінгі адам төзе алмас, нанғысыз реформалардың сәтсіз шығуының көрінісі сияқтанатын. Кең шұрайлы еліміздің жеріне әркім – ақ көз тігеді келіп.

Әрбір істің бастауы өзіндік оң, теріс жақтарымен келеді. Бізге тапсырылған «Тәуелсіздікті» көздің қарашығындай сақтап, оны кемеліне жеткізіп, келешек ұрпаққа аманат етіп табыстау – біздің міндетіміз. Ол үшін, «алтын ортаны» ұстау маңызды.

Әйтпегенде, халық үшін жаны шырылдап, айта алмағанын қаламын тербетіп, дария білімдерін «халықтың көкірек көзін ашуға», әділдік пен жақсылықтың орнауына сеніп жазған Алаш Зиялылары текке қудаланып, темір абақты торында әбден жүйкесі жұқарып, саны сынғанша дейін амалсыз текке отырғандығы ма? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», өзгеге, халыққа пайдасы келер білім іздеп, көкжиек танымын қалыптастырып, ұлт қайнары тілімізді ардақтауға, ұлықтауға, насихаттауға, еліміздің мәдени – тарихи абыздарын, қоғам қайраткерлерін барынша ел ішінде шығармашылық, тұлғалық жағынан, өнегелі өмірін кеңінен тарату іс – шаралары жүргізілуі керек (өзінің қарқынын енді, әлсін – әлсін тауып жатыр).

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабында «Жоғалған тіл» атты тарауында «Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние», – деп көрсетеді.

Ең бірінші,  ішкі біртұтастыққа, тұтастыққа қол жеткізу мақсат… Қазақстан Республикасының экономикасы жоғары алдыңғы қатарлы елдермен бәсекелес болу үшін, үш тілді меңгеріп, өзге ұлт өкілдеріне астамдық үстемдік жасауымен теңеспейтінін түсіну. Алға қойған «Мәңгілік Ел» сынды жаңғырулардың нәтижесі парақ бетінде емес,  іс жүзінде орын табуы – нағыз бәсекелестік аренаға шығудың төте жолы болар еді.

Екіншіден, және ең бастысы, қазақ елі өзге ұлт өкілдерінен бұрын, шетелдегі қазақ диаспорасының қысым көріп, азаматтық құқығының тапталуы. Яғни, өз қандастарымыздың жағдайын өтеу жолын біржақты қылу, олардың амандығына кепілдік жасалуы қажет. Мәселен, өз елінен пана таппаған қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың жағдайы еріксіз еске түседі. Қытай еліндегі қазақ азаматтарының арнайы «үйрету лагерьлерінде» қысым көріп, «тұтқындағылар «Мен Қытайды жақсы көремін», «Коммунистік партияға рахмет», «Мен – қытаймын», «Мен Си Цзиньпинді жақсы көремін» деген сөздерді қайталауға мәжбүр көрінеді [3].  Оның сөзінше, әнді дұрыс шырқамағандар және тілді меңгере алмағандарды арнайы «қара бөлмелерде» жазалайды. Онда адамдарды электр таяқтармен ұрып, шегелерге отыруға мәжбүрлеген. Кейбірі мұндай бөлмеден тырнақсыз оралатын», – деп көрсетіледі. Яғни, шешімін таппай жатқан мәселелер тым көп – ақ, жетерлік. Біздің мемлекеттің осы тарапта жіберіп отырған басты ағаттық іс – әрекеті де осы «Азаматтық туралы» заңының жалпақшешейлігінде болып отыр деуге толық құқымыз бар.

Азаматтық алу – мемлекеттің жергілікті халық тұрғындарына деген сыйласымдылықтың, мемлекеттің тілі мен діліне, дініне, мемлекеттің жеке ұстанымдарына деген көзқарастарының демократиялығын еркін аңғартады. Автордың көтерген мәселесін қолдай келе, әрбір азамат «Қазақстан Республикасының азаматтығын» алу мақсатында қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан емтиханнан өтуі абзал.

Біздің «Азаматтық туралы» заңымызға әлі де ешқандай өзгеріс енгізілмегендігі  өте өкінішті. Біздің заңымыз бойынша,  кез-келген өзге елдің азамат/ азаматшасы жеңіл түрде біздің елдің азаматтығын ала алады. Қазақстан азаматы атанудың еш қиындығы жоқ екенін заңның өзі айқындап тұр. 2006 жылы жарық көрген Есенгүл Кәпқызының мақаласында көтерілген азаматтық алу мәселесі әлі де болса түйінін таппағаны алаңдатарлық мәселе. 2017 жылы мәжіліс депутаттары Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетелдік азаматтар үшін Қазақстан Конституциясын білетіндігіне олардан емтихан алу қажет деген ұсыныс айтқан -ды. «Ақжол» фракциясының атынан жолданған депутаттық сауалда:

Ең алдымен, заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру аясында, «Азаматтық туралы» заңында Қазақстан Республикасының азаматтығын сұраушыларға емтихан тапсыру туралы нормалар қарастырылуы тиіс, атап айтқанда Республика Конс­титуциясы, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тіл саясаты жөнінде және тағы басқа. Азаматтыққа құқық алу үшін емтихан тапсыру (Citizenship немесе Naturalization Test) Австралия, Австрия, Германия, Канада, Нидерланды, АҚШ, Израиль, Оңтүстік Корея сияқты көптеген елдерде қолданылады», – деп Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев көші-қон жағдайының ушығуын күтпей, Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін еліміздің Конституциясы, мемлекеттік тілі, тарихы мен мәдениеті туралы білімін тексеретін емтихан енгізуді ұсынған болатын деп жазады, ақпарат көзі «Тіл әлемі» сайтында жарық көрген [4].

Ұсыныстар көп, оның орындалуын қамтамасыз ететін билік үкіметі жоқ… Ұлтаралық кикілжіңнің тууы да осы бір заңның дұрыс жолға қойылмауынан деп кесіп айтуға толық мүмкіндік бар. «Кейбір мемлекеттерде емтихандарды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар, еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Мысалға, Голландия мен Ресейде. Оның мақсаты – тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау».

«Десе де, шет елдерде азаматтықты ақшаға оңай сатып алудың жолдары да қарастырылған. Өткен жылы Қазақстанда да инвестициялық резиденттіктің бағдарламасын енгізу ұсынылды: констутициялық заңға «АХҚО» туралы өзгерістер енгізілетін болса, шетелдіктерге Қазақстанда өмір сүру үшін  құны 150 мың доллар тұратын ыхтиярхат алуға мүмкіндік беріледі. Резиденттік немесе азаматтыққа инвестиция салу – әлемде кеңінен таралған тәжірибе. Knight Frank  мәліметтеріне сүйенсек, 30 млн доллардан жоғары капиталға ие байлардың үштен бірінің екінші паспорты болса, тағы үштен бір бөлігі алдағы уақытта оны алуды жоспарлап отыр. Азаматтықты инвестиция арқылы алу шығыны көп бағдарлама болғанымен, шетел азаматтығына қол жеткізудің ең жылдам жолы болып тұр. Ал Қазақстан заңнамасы бойынша қос азаматтыққа тыйым салынған, оның үстіне ешкім де қазақстандық паспорттан айырылайын деп отырған жоқ. Дегенмен, Елена Рудая Қазақстан азаматтары арасында биыл пайда болған жаңа үрдіске назарымызды аударды:  «Біздің көптеген тұтынушыларымыз бұл мәселені былай шешті: ҚР азаматтығынан бас тартып, шетел азаматтығын ала тұрып, Қазақстанда ыхтиярхатпен шетел азаматы ретінде тұрып жатыр. Бұл ең алдымен валюталық реттеу мәселесімен байланысты»,– дейді сарапшы.

Қос азаматтық мәселесіне сіздің көзқарасаңыз қандай? Азаматтық – құжат түрінде емес, іштен шығатын, көзге көрінбейтін, бірақ, арақатынас, іс – әрекет арқылы көрсетуге болатын дүние. Заңның әлсіздігі, қауқарының жоқтығы – мәселенің түйткіл шешімін аңғартып тұрғандай.

Есенгүл Кәпқызының «Сөздің шыны» кітабындағы «Қай елдің азаматысыз?» атты мақаласы 16 жыл өткеннен кейін әлі сол баз қалпында шешілмеген мәселе болып отырғанына көзайым болып отырмыз. Ұлттың тілін, тарихын, әдебиетін, салт – дәстүрін білмей, ол елдің азаматтығын алу – нағыз ағаттық шешім. Заң аясында жаңа қатаң ережелер енгізудің де өз кезегі, сәті әбден келді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы һәм мәңгілік болсын.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%B7%D0%B0%D0%BC%D0%B0%D1%82%D1%82%D1%8B%D2%9B

  1. https://ult.kz/post/azamat-sozinin-shygu-torkini-

3.https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%B0%D0%B9%D1%80%D0%B0%D0%B3%D2%AF%D0%BB_%D0%A1%D0%B0%D1%83%D1%8B%D1%82%D0%B1%D0%B0%D0%B9

  1. https://tilalemi.kz/article/549
  2. https://kz.kursiv.media/kk/2018-11-23/azamattykty-auystyru-kansha-turady/, https://www.facebook.com/100015341430130/posts/735596686961706/

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *