Тұғыры биік – Тұран жолбарысы!

 

Бүгінде Тұран жолбарысын “қайта тірілту” мәселесі кең ауқымда талқылануда. Біз өткен тарихымызды тірілту арқылы болашаққа деген көзқарасымызды қалыптастырамыз. Бұл Елбасымыз айтқан ұлттық  кодымыздың бастауы болмақ. Осындай жарқын бастама қазақ елінің ғылыми- рухани мәдениетін арттырып, ел дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз. Бүгіндері Алматыдағы биологиялық мұражайда Тұран жолбарысының терісін ғана кездестіреміз. Мұражайдың бас маманы Қылышбай Мұсабековтың айтуынша “Жолбарысымыз генетикалық-молекуларлық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте жақын. Ол да жойылып бара жатқан тұқым. Алайда білек сыбана кіріссе жүзеге асатын жоба” деп хабарлайды. Осы тұжырыммен Қазақстанның ғалымдары да келісуде. “Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балқаш маңындағы жолбарыс санын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды” деп хабарлайды экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Аманғалиұлы Брекешев. Жақында Ресей мен Қазақстан президенттеріннің Кремльде өткен кездесулерінде де осы мәселе қозғалған болатын. Тұран жолбарысын қайта түлету туралы жаңа жоба қолға алынуда, биыл тарғыл жыртқышты қайта түлету мақсатында кеңауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. БҰҰ Даму бағдарламасы өкілінің мәлімдеуінше, жоба жойылған аңды ел аумағына қайтарумен қоса, ұлттық құндылығымен ерекшеленбек. Алдымен жолбарыс мекендейтін аумақ пен олардың азық базасы дайындалып, 4-5 жылдан кейін алғашқы 12-13 Тұран жолбарысы әкелінеді. Жыртқыштардың жергілікті жерге бейімделуі қадағаланған соң ғана еркіндікке жіберіледі. Жоспар сәтті жүзеге асса, 2050 жылға қарай еліміздегі жолбарыс саны 100-ден асады деп болжанып отыр.

Жолбарыс атаулының ішіндегі дене тұрқы ең ірі, түсі қанық, әдемісі– Тұран жолбарысы. Ол ірілігі жағынан жолбарыстардың бенгалдық және амурлық түрлерінен де асып түседі. Алғаш «Тұран жолбарысы» туралы А.Бутаков 1848-1849 жылдардағы Арал экспедициясындағы жол жазбаларында келтіреді. Александр Иванович Бутаков – Ресей империясының контр-адмиралы, Арал теңізін тұңғыш зерттеп, картаға түсірген саяхатшы-географ. Ол өз ата- анасына жазған хатында жолбарыс аулағандарын суреттеп жазады. “Қырғыздардың(қазақтардың) ірілі-ұсақты 45 адамын жинап алып қамыс арасынан жолбарыс көрген куәгерлер арқылы ұзындығы 6 фут 4 дюйм болатын жолбарыс атып алдық. Жолбарыстың терісін сыпырып жатқанда жергілікті бір қазақ келіп, тісін сұрайды. Неге дегенде, аяғы ауыр әйел босанарда оны шайтан иектейтінін, сонда шайтанның кетуі үшін жолбарыстың тісін мойнына тағуы қажеттігін бақсы айтқанын жеткізеді” дейді. Одан кейін Лев Берг өзінің «О тиграх на берегах Сыр-Дарьи» деген  мақаласында, Перовск портының капитаны Ивашинцев әр түрлі басылымдарда, Ресейде жарық көрген «Военный сборник» журналының 1871 жылғы нөмірінде ақпарат алуға болады. Олардың суреттеуінше, Тұран жолбарысының салмағы 170 пен 240 келі аралығында, ұзындығы  2,5-3 метр болған. Тұран жолбарысының атан түйені жығып, қамыс арасымен 100 метрге дейін сүйреп барғаны туралы оқиға хатқа түскен. Жалпы жолбарыстың тамағы тоқ болса ешкімге тиіспейді. Бірақ, мұрағат деректері бойынша, 1880 жылы Арал түбіндегі ауыл маңында отын жинап жүрген бір әйелді жолбарыс жеп қойған деген ақпарат бар. Дәл солай Перовский гарнизонының офицері де жолбарыстың жемі болған. Осындай оқиғадан кейін Тұран жолбарыстарын жаппай қыру басталған. Әр өлтірілген жолбарыс үшін сыйақыға 25 сом (ол кез үшін бұл 40 қойдың құны) берілген. 1906 жылы Түркістан аумағында жортып жүрген соңғы жолбарысты князь Голицын атқан.

Қазақстан үшін Тұран жолбарысын қайта “тірілту” үлкен бір бастамаға алып келері анық. Жыр алыбы Жамбыл көз жұмарының алдында «Жолбарысым қырғыздарға қарай тау асып кетті» деп кетіпті. Қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Сүйінбай мен Жамбылдың жолбарысты өзіне пір болғанын айтып: «Қазақтан қашан кемеңгер, данышпан ұрпақ шығады, жолбарыс сол кезде өз жұртына қайтар» деген көрінеді. Бабамыздан қалған осынау ұлан- ғайыр атырапта жолбарыс мекен еткен дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Алайда жолбарыстай қайратты ұрпақтардың арқасында осы бір игі іс бастау алды. Қай уақытта болмасын қазағымның Тұран жолбарысының тұғыры биік болары анық.

Жансая Сағынбай

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *