Мамандық таңдау – болашақты талдау
Мамандық… «Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» -дегенді білдіреді екен. Бірақ болашағымызбен тікелей байланысты бұл сөздің бұлай аударылатынын қазіргі жастардың көбісі біле бермейді, тіпті мен де енді ұға бастағандаймын. Бұрындары, яғни есте жоқ, ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған, әр адамның өз қолынан қандай жұмыс келеді сол жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал қазір ше?Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен саны бар, сапасы болмаса оның елімізге, өзімізге не пайдасы бар?! Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге — әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз — өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоюы керек деп ойлаймын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек.
Ең бастысы – сенім. Алға қойған мақсаттарым үшін еңбек етсем, сол мақсаттарым болашақта елім үшін, мен үшін еңбек ететін болады. Мен оған сенімдімін. Маған және Отаныма еңбек ететін мақсатты дұрыс таңдағаныма сенімдімін!«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» — деген ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының ой-тұжырымы менің де көкейіме қонады. Мұны тегінен- тегін тілге тиек етіп отырған жоқпын. Иә, ең әуелі адам өзін танып білсе, сонда ғана немен айналысатынын, кім болатынын анықтай бастайды. Ал мен болсам жан-жақты болғым келді, бәрін білгім келді және ол армандарым да уақыт еншісімен орындалды. Мен осы жұмыс орныма жоғарғы оқу орнын бітіріп жас маман болып келдім. Бұл мамандыққа оқып, жұмыс та жасағаным үшін еш өкінбеймін. Әрине кеше ғана бастадым, тәжірибем де аз, бірақ заман талабына сай ұрпақтарымызды ұлтшыл жан қылып, рухани және адамгершілігі мол, «сегіз қырлы – бір сырлы», сыр мінезді, білімді, тәрбиелі етіп тәрбиелеуге тамшыдай болса да үлесімді қосамын деп ойлаймын. Мен болашақта өзім таңдаған мамандықтың шебері боламын деп сенемін.
Гульнуз Жетписова