БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  т.ғ.к., профессоры  Г.Б.Қозғамбаева

Қазақстанның Халық қаһарманы – Бауыржан Момышұлын ерлік істері мен оның өнегелі өмірінің жастар санасы мен ұлт руханиятына қосатын үлесі мол.. Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында дүниеге келген. 1917 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1924 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жетіжылдық мектепте оқыды. 1928 жылы Орынбор қаласындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі.1929 жылы Жуалыдағы Әулиеата тоғызжылдық мектебін бітіреді.1928-1930 жылдарда Жуалыда бастауыш мектепте ұстаздық етеді.  1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Әр азамат өз ұлтының қадір – қасиетін ардақ тұту үшін ең алдымен өзінің кім екенін, өз елі мен жұртына, туған ортасына ата- бабасының қосқан үлесін, атқарған істерін, көрсеткен ерлігін өнеге қылып ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Бүгінгі жастарды  туған жерге, қазақ халқының салт-дәстүріне, ұлтжанды азамат болып өсуіне, отаншыл рухта тәрбиелеуде батыр, жазушы  Бауыржан Момышұлының артына қалдырған ерлік істері мен шығармалары мол.

Даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы-Бауыржан Момышұлының екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қан майдандағы жасаған ерлігі, батырлығы бүгінгі күнде аты аңызға айналып, халық құрметіне бөленген.

Батыр, жазушының соғыс, отаншылдық тақырыбына жазған мақалалары, қанатты сөздерінің бүгінде тәрбиелік мәні зор. Батыр ағамыздың:«Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас» деп айтқан сөзінен оның ұлтжанды азамат екендігін аңғарамыз. Оның адами қасиеттер қатарына жатқызатын – ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық патриотизм, ұлттық мақтаныш, т.б. туралы ойлары арқылы еліміздің болашағы жастарға патриоттық тәрбие беруде  маңызы ерекше деп айта аламыз. Сондай-ақ батыр өзінің патриоттық сезіміне, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігіне, батырлық сезіміне түрткі болған, осы қазақ тілі екенін айтып өтеді.

Қалың қазақ осы нар тұлғаның өмірін туралы, оның бітім-болмысы мен қадір-қасиеттері туралы «Шуақты күндерден» басқа, Александр Бектің «Арпалыс», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Мамытбек Қалдыбайдың «Атақ пен шатақ», Бақытбек Сұмағұлдың «Қаһарман» шығармаларынан, сондай-ақ найза мен қаламды қатар ұстаған автордың өзінің туындысын «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер», «Куба әсерлері», «Жон арқа», «Өмір өшкен жоқ» шығармаларынан оқып біледі. Қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының ұлт руханиятының болмысы мен болашағына қатысты жазылған өзекті ой-толғаныстары бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің дамып, өркендеуіне бағыт – бағдар беретіні сөзсіз.

Батыр, жазушының   салт – дәстүрімізді, көркем шығармалық тұрғыдан мазмұндап, этнографиялық тұрғыда жазылған  еңбегі – «Ұшқан ұя». Шығармадағы негізгі мәселе – адам, оның кемелдену жолдары болса, шығарма сюжеті осы адамдардын өзара әңгімелесуі, кеңесуі арқылы дамиды.Ұлттық тағылымның түп-төркінің шығарманың бас кейіпкері бала Бауыржанның бала кезіндегі қимылынан, өскен ортасына деген қарым – қатынасы, отбасындағы болмысынан аңғарамыз. Шығармадағы әр жолдың айтар ойы айқын: адалдық, мейірімділік, жомарттық, ұстамдылық, ұят – намысшылдық, ел камыл ойлау. «Ұшқан ұя» шығармасының  басты кейіпкері автор Бауыржанның өзі. Ол адам үшін негізгі міндет парыз деп көрсетеді. Батырдың пайымынша, парыз-өзінің мағыналық аясына ақыл, сезім, ерік, ұят, ар –ождан, әділеттілік, шындық, махаббат сияқты асыл қасиеттерді жинақтаған, жаман әрекеттерге қарсы қойылатын ұғым.

Бауыржан Момышұлының қарапайым  өмір-тұрмыстан туындаған парасатты сөздері көп кездеседі. Оның мақал-мәтелдерінде, адалдық, әділеттік, елдік пен ерлік, ұлттық сезімнен туралы ойлар кеңінен орын алады. Мәселен, «Үлкенді ізетте, кішіні күзетте көр», «Ерлік білекте емес, жүректе», «Отанда опасызға орын жоқ», «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық», «Опасызда Отан жоқ, Отанда опасызға орын жоқ», «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің ұлы», «Белдескеннің белін сындыр», «Тірескеннің тізесін бүктір», «Қарабет болып қашқанша, Қайрат көрсетіп өлген артық» деп, жетпіске тарта нақыл сөздер мен халықтық игі мақсаттарына арнап қанатты сөздер қалдыра білді.

Батыр, жазушы өзінің еңбектерінде  қаһармандықтың қайнар көзін ұлттық дәстүрлерден алатыны, бостандық пен тәуелсіздікті  жоғары қоятындығын аңғардық. Ол өзінің қаламынан шыққан еңбектерінда  адамның асқақ рухы мен оның Отанын сүйген ұлтжандылығын көрсете білді.Сонымен қатар  оның шығармаларында  жастарға аға буынның  ерліктерін баяндаумен қатар   ұлттық рухты биік ұстаудың көрініс алуымен дараланады.

Бауыржан Момышұлы-әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұлан-ғайыр рухани мұра қалдырды. Оның қазақ және орыс тілінде жазылған  шығармалары бүгінде қалың оқырманның игілігіне айналуда.

Жаңа  әлемдегі жаңа Қазақстаннның бәсекеге қабілетті болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, Бауыржан Момышұлының шығармалары ұлттық рух пен алып күш беретін құрал. Сондықтан жастарға батыр Бауыржан Момышұлының  өмірлік тәжірибесінен және мол рухани құндылықтар қатарындағы еңбектеріндегі мақал-мәтелдерінен үлгі өнеге. Бауыржан Момышұлы шығармалары жастардың адамгершілік тұрғыда дамуына игі әсерін тигізіп, ұлтжанды болып қалыптасуына  септігі мол, өйткені оның еңбектерінде жастарды өз Отанының мүддесі үшін қызмет етуге баулып, мәдениетін, салт-дәстүрін, туған жерін, елін сүйуге және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге үйретеді.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *