Біртұтас тәрбие бағдарламасы: ұлттық-құндылықтар
«Мырзақадыр Нұрбаев атындағы №58
жалпы білім беретін мектебі” КММ
ДТЖО Мырзадияр Айнаш
«Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адам заттың қас жауы» деп айтқан әл-Фараби бабамыздың сөзінің астарында терең мән жатыр. Себебі, қай заманда, қандай қоғамда болсын бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Келешек ұрпақ, өсіп келе жатқан жас буын – мемлекеттің болашағы. Жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Олай болса, тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсіп, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізеді. Жастардың бойында ұлттық құндылықтар негізінде ұлттық сананы қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірлеген біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Тәрбие бағдарламасының негізгі идеясы, құрылымы, индикатор, принциптерімен жан-жақты таныстыра отырып, алдағы оқу жылындағы негізгі жұмыс бағыттарын айқындалды. Ұлттық құндылықтар, әдеби мұра, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мәдениет, өнер, тұрмыстық бұйымдар, ұлттық ойындар, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттер қазақ халқын өзге ұлттан ерекшеленіп тұратыны анық. Тәрбие жұмысы біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді. Білім беру ұйымдарының барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар аясында жұмыстар атқарылады. Күнделікті сабақ жоспарымызда мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында берілген жалпы білім беру мазмұнының базалық құндылықтары мен жалпыадамзаттық және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын кіріктіру ұсынылады. Қазақстан тарихын оқытуда еліміздің ұлттық мұрасы мен мәдениетіне құрметпен қарауды дәріптеу немесе әдебиетті оқыту барысында шығармаларды талдау арқылы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға басымдық беру, географияны оқыту барысында табиғатқа, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарау және табиғи ресурстарды үнемді әрі тиімді қолдану еліміздің тұрақты дамуы үшін маңызды екендігін дәріптеу ұсынылады. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттық рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру, сезімін ояту біздің басты мақсатымыз. Яғни, бірлескен жұмыстың нәтижесі болмақ. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді сақтау дегеніміз ұлттық сананы сақтау. Тәрбие – бұл көпжақты, үздіксіз, қоғамдық құбылыс. Сондықтан болашақ ұрпақ тәрбиесіне біртұтас ел болып ат салысу басты парызымыз!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718