Басқара білу де – өнер
«Генерал болуды армандамайтын солдат бола ма» демекші, әрбір студент қолына диплом аларда беделді, белді мекемелерден жұмыс орнын қарастыра бастайды. Ондай жұмыс орындарының талабы да күшті. Қазіргі заман талабына сай, жас түлек тек қана білімді, іскер болып қана қоймай, оның бойында әртүрлі қасиеттердің болуы шарт. Мысалы, топпен жұмыс жасай білу, стресске төзімділік, конфликтілік жағдайлардан шыға білу, т.б. Бұрын ондай жағдайларға түсіп көрмеген үміткер университет қабырғасында қажетті білім алмаса, қатты қиналары сөзсіз. Сондықтан да, әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің білім алушылары «Басқару психологиясы» пәнін қызыға оқиды. Пән оқытушысы, тәжірбиелі ұстаз, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Болтаеваның сабақ беру әдісі де ерекше. Ол әр сабақты қызғылықты түсіндіріп, білім алушылардың назарын өзіне аудара алады. «Басқару психологиясы» пәні аты айтып тұрғандай, басқару іс -әрекетіндегі түрлі жағдайларды, қарым- қатынастарды, туындайтын мәселелер мен оларды шешу жолдарын, т.б. қамтиды. Студенттер сабақ барысында басшының қабілеті мен құзыреттілігі туралы, әртүрлі басқару стильдері туралы, жеке адамдар мен ұжым мүшелерінің психологиясы, ақпарат алмасу, тағы басқа көптеген осындай қызықты тақырыптар туралы дәріс алады.
Г. Кунц пен С. О. Доннел сияқты зерттеушілердің пікірінше: «барлық шынайы ситуацияда бұл ғылымды қолдану мәні болатын, басқару процесі өнер болып табылады», яғни басқару бұл ең алдымен өнер. Дегенмен, бұл өнер мынадай ғылымға сүйенеді: «Басқару бойынша іс-әрекет өнер болғанымен де, оларды иегертін адамдар, бұл өнер ғылымының негізінде жатқандарды түсініп және қолданса ғана, жақсы нәтижеге жетеді». Егер барлық қоғамдағы топтық серіктестік тиімді әрі маңызды нәтижені көрсетсе, онда басқару- барлық өнерден де маңызды екендігін батыл айтуға болады. Қазіргі дүниежүзілік менеджменттің дамуында жүйелік, үрдістік, ситуациялық деген бір бірімен тығыз байланыстағы негізгі жолдар бар. Соның ішінде басқару теориясының әрі қарай дамуын қамтамасыз ететін ситуациялық жол болып табылады.
Басқару теориясының қазіргі даму сатысында менеджмент пен бизнес интернационализациясын басқарудың жаңа мәселелеріне, ұйымдастырудың материалдық технологиялық базасына үлкен мән берілуде.
Ұжымды толыққанды басқару үшін және жұмыстың сәтті болуы үшін басшы өз іс әрекетін талдай біледі және дұрыс шешім қабылдайды. Ол үшін қалыпты және төтенше жағдайда жұмыс істей білудің психологиялық механизмін меңгеруі, яғни, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуі керек. Осылайша басқару қызметінің басты мәселелерін психологиялық біліммен зерделейді. Басқара білу өнер болса, басшы сол өнер иесі болуы заңдылық.
Студенттерге басшы мен көшбасшының бойындағы ұқсас қасиеттер мен айырмашықтар туралы дәрістер де өте қызықты болды. Бір қарағанда екеуінің қызметі бірдей болғанымен, екеуі екі түрлі ұғым. Басшыны құзырлы органдар тағайындайды, ал көшбасшы стихиялық түрде тізгінді қолына алады. Екуінің артатын жауапкершілігі де екі түрлі. Басшы орын алған барлық іске толығымен жауапты болса, көшбасшыда ондай құзіреттілік жоқ. Басшы заңды түрде билік бере алады, ал лидер тек өзінің жеке харизмасы арқылы айтқанын істете алады. Басшының бұйрығын қызметкерлер орындауға тиесілі болады да, көшбасшының бұйрығын жүрек қалауымен орындайды. Басшы адамның бойында көшбасшылық та қасиеті болса, онда ол басқарған үйымды табыс күтіп тұр дей аламыз. Көшбасшылық қасиет адамға тек қана туа бітеді деу қате. Дұрыс білім алып, оны тәжірбиемен ұштастыру арқылы әрбір адам өз өзін жетілдіре алады. Еліміздегі ең шоқтығы биік оқу ордасында білім алып жатқан әр азамат оқу бағдарламаларын жете меңгеріп, қызмет істеуге кіріскен кезде, осы алған білімдерін оңтайлы пайдаланады деп сенеміз. Табысты, жемісті еңбек етуге қажетті білімді беретін пәндердің бірден бірі – «Басқару психологиясы» пәні. Сол білімді студенттердің жетесіне жеткізуге бар ықыласын салып жүрген Әлия Масакбайқызы Болтаева сынды ұстазымызға алғысымыз шексіз. Сүйікті Универіміздің қабырғасында алған білімізді ел игілігіне жұмсап, заман талабына сай, күйзелісті жағдайларға төзімді, мәселені оңай әрі тез шешуге қабілетті маман иесі болып шығамыз деген сенімдеміз.
Жукиева М.Б. магистрант
«Лингвистика» мамандығы.