Алаш тарихының «ақтаңдақтары»

Алаш зиялыларының қазақ тарихында алар орындары ерекше. Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, тілі мен діні үшін аянбай еңбек етті. Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан еді. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді.

Менің ойымша, Алаш зиялылары бүгінгі біздің алаңсыз болашағымыз үшін өздерін құрбан етті. Сол Алаш қозғалысы, идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүруі керек. Алаш  қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен  сақтап қалуында Алаш зиялыларының орасан зор еңбегі жатыр.

Қозғалыс көсбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға  – оқуға керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы  керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Шынымен де елге еңбек ету үшін осы айтылғандардың барлығы керек.

Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ» деп жар салды. Барлық қазақты ел болуға шақырды.Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың қатарынан болды. Қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытовтармен тығыз байланыста болды. Қазақ зиялы қауым өкілдері сол қоғамның ең өзекті мәселесі отарлық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, оны қалыптастыру жолында өздерінің шығармашылық қызметтерімен де, қоғамдық – саяси қызметтерімен де алға шығып, қалың қазақ  халқын соңдарына ілестіре білді. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана – сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында аянбай күресті. Жастарды қоғам ісіне тартуда,олардың ой – санасының жетілуіне қажетті мәдени – ағарту саласында жүргізген қызметтері ұшаң – теңіз. Міржақып сол кезеңдегі үкіметтің жүгізіп отырған саясатын шенеп, қазақ елінің егемендігі, ел болып жерге, суға иелік ету мәселесі, қазақ шаруларының мұң – мұқтажы жайында аянбай еңбек еткен ұлы тұлға. Міржақып Дулатұлы ақыл – парасатымен,бүкіл ізгі ғұмырымен туған халқына қызмет ету үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлы , басқа да шоқтығы биік Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, рухани ұстанымы жастарға ой салды. Оңайшылықпен келмеген тәуелсіздігімізді бағалау әрбір отансүйгіш жастарымыздың басты борышы деп білемін.

Алаш зиялыларының қиын қыстау кезеңде, қазақ халқының болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккені барлығымызға мәлім. Ұлы өкілдеріміздің әдебиет бағытындағы атқарған өлшеусіз еңбектері қаншама. Жазба және тілді, ұлттық педагогиканы, тарихты, баспасөзді, аударма ісін, өркениетті даму жолдарын қамтыды. Алаш қаламгерлерінің шығармашылығындағы  ұлт мүддесі, ұлттық патриотизм, жалпы адамзаттық құндылықтар, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жолдары, ана мен әйел мәселесі басты тақырыптардың біріне  айналды. Әділдік пен адамгершілікке құрылған осы еңбектерінде гуманистік идеал, гуманистік ой алдыңғы қатарға шығып, ұлттың адамсүйгіштік қасиеттері бейнеленеді. Алаш қайраткерлерінің зерттелмеген еңбектерін кәсіби тұрғыда саралап, келешек жеткіншек ұрпаққа пайдалы еңбектерін шығарып, биік белестерге шығаруға болады деген ойдамын.

Алаш зиялыларының негізігі ұстанымдары мыналар болды. Біріншіден, Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Екіншіден, Алаш жерінің бар байлығы қазақтың өзіне ғана қызмет етуі керек. Осы секілді ұстанымдары қазақ халқының пайдасы үшін болатын.

Алаш қозғалысының бірнеше үдерісін пысықтап айтатын болсақ, ең алдымен қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы. Қандай да бір тарихи үдеріс бір ортақ атауға ие болуы үшін оны қалыптастырған негізгі тұлғалардың шоғыры болуы тиіс. Мақсаты бір, ниеті ортақ, мүдделес осындай тұлғалар сол саяси құбылыстың жолдары мен тәсілдерін айқындайды. Содан соң Алаш қозғалысы қайраткерлері өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін сол дәуірдің қажет еткен және мүмкіндік берген ауқымы шегінде ұлт азаттығы үшін қажетті саяси, рухани, ағартушылық амалдар мен тәсілдерді жүзеге асырды. Алаштықтардың келешекте жүзеге асырылатын идеяларының басым көпшілігі «Қарқаралы құзырхатынан» көрініс тапты десек боларлық. Осы құзырхатта жазылған талаптар және саяси күрестің дәуірлік қажеттіліктері Алаш қозғалысының басты мұраттарын негіздеп, соған орай күрестің амалдары мен тәсілдерін де қалыптастырды.Қозғалыс қайраткерлерінің халықтың өз арасынан шығуы, сондықтан да ел өмірін өте жақсы білуі олардың қоғамды азаттық идеясына иландыруында, қозғалыстың қазақ жерінің барлығын дерлік аймақтарын қамтуында аса маңызды рөл атқарды. Қозғалыс қайраткерлеріне буржуазиялық қатынастар, орыстың буржуазиялық төңкерісі белгілі деңгейде ықпал еткенімен, олар таза буржуазия өкілдері емес-ті. Қазақ оқығандары халықтың ортасынан шыққан, оның мақсат-мүддесін жақсы білетін, дүниеауи, заманауи білім алған, өз ұлтына шын жаны ашитын азаматтар еді. Сондықтан олар қызметті, мансап-мәртебені, шен-шекпенді емес, ең алдымен халқының қамын ойлайтын ұлтшыл тұлғалар болатын. Олай болмаса, Алаш қозғалысын қалыптастырған қайраткерлердің қайсысы болсын орыс үкіметінен шен алуға мүмкіндіктері бар азаматтар еді. Бірақ олар жеке басының мүддесінен халықтық мүддені жоғары қойды және оған аяғына дейін аянбай, талмай қызмет етті. Зиялылардың ұлт алдындағы риясыз еңбегі мен қайраты – қозғалыстың жалпыхалықтық сипатқа ие болуына бастады. Қазақтар үшін Алаш қозғалысының көшбасшылары тек саяси қайраткерлер ғана емес, ағартушылар, ғалымдар да болды. Алаш Орда таратылғаннан кейін оның көшбасшысы – Әлихан Бөкейханов Мәскеуде тұрып, КСРО халықтары орталық баспасының қазақ секциясының әдеби қызметкері болған, Халел Досмұхамедов денсаулық сақтаумен және баспа ісімен айналысқан, ал Мағжан Жұмабаев Қазақстан Жазушылар одағын құрудың бастауында іс жүзінде тұрған.«Алаш» ұлттық қозғалысының көшбасшылары мен қатысушылары өз халықтарына еркіндік беру және отарлық езгіден арылу сияқты игілікті мақсаттар қойды.Осы мақсатқа жету үшін барын салып еңбек еткен алаш зиялыларымыздың ерлегі айпасақта белгілі.

Қорытындылай келе, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз  Қазақстанның да идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіріп, соған лайықты еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Алаштың жолы , Алаш қайраткерлері қалыптастарған ұлттық санамызды ояту біздің міндетіміз. Тәуелсіздігімізді мәңгі сақтау үшін әрбір жастардың бойында ұлтжандылық болуы керек. Сонда ғана бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етеріміз сөзсіз.  Әлихан Бөкейхановтың өзі де «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деген. Расында да әр ұрпақ қазаққа қызмет етіп, елінің дамуына үлесін қосса, жетер жетістігіміз бен шығар шыңдарымызды бағындыра аламыз.  «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Әлихан атамыз айтқандай, әр қазақ өзінің отанына сүйіспешілікпен қарап, еліне аянбай қызмет жасауы тиіс.

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *