Орта ғасырда әйелді сахнада тек құл ретінде көрсеткен. “Театр жайлы қызықты мәліметтер”
Teaтp – сахналық өнер. Көрерменнiң көз алдында актерлердiң күшімен орындалған драмалық iс-әрекеттер арқылы бейнеленетін шығармашылық. Театрдың тарихы, дамуы, қалыптасуы, өсiп-өркендеу жолы әрбiр ұлттың, халықтың тұрмыс-салтымен, мәдениетімен, тарихымен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлерi сияқты театр өнерi де – қоғамдық ой-сананың негiзгi бiр формасы. Ендеше, көпшілік қауымға ой салатын қойылымдарды сахналап жүрген театр әлемі жайлы қызық деректерді ұсынамыз.
Пушкиннің дәуірінде көрерменге арналған орындықтар тек алдыңғы қатарда ғана болған. Бұл орындар байлар мен беделді адамдарға ғана арналған. Ал қалған жерлер бос қалған. Бос орында қарапайым халық театрды тұрып көрген. Ол кездегі билеттердің құны өте арзан болғаны және адамдар үшін театрдың маңыздылығы сонша, билет алған халық екі-үш сағат бұрын келіп күткен.
Орта ғасырдағы театрларда ойнаған әйелдердің рөлі мүлде өзгеше. Бүгінгі күндегідей емес, олардың негізгі рөлі тек үй қызметкері немесе құл болған. Яғни сол кездегі әлеуметтік жағдайға байланысты әйелдің орнын сахнада да қалай бар, солай көрсеткен.
АҚШ-тың Вирджина штатында өзгеше бір театр болған. Оның ерекшелігі сіз театр көру үшін билет сатып алуға ақша емес, заттай дүние апарасыз. Яғни ол тамақ немес мүлік болуы мүмкін. Сіздің мүлкіңіздің құнына қарап орныңыз белгілі болады.
Театр өнерінде кейбір күрделі қойылымдарды фонограмма арқылы көрермен назарына ұсынуға тура келетін жағдайлар болады. Ал алғаш рет фонограмма Ежелгі Римде пайда болған. Ливий Андроник есімді драматург пьесалар жазуымен қоса, сол қойылымдарда өзі ойнайды екен. Бір күні оның дауысы шықпай қалғанда, қойылымды шегермейді. Сахна артына актер орнына сөйлейтін адам қойып, өзі сахнада тек аузын жыбырлатып қана тұрған.
Қазақстанда қазіргі уақытта елуден аса театр бар. Тәуелсіздік алғаннан бері елде 20-ға жуық театр ашылған.
Шығармашылық өнердің бұл түрі әр елде түрліше қалыптасып дамып келеді. Қазіргі театр тіршілігі қарқынды дамып, заман талабына сай жаңа үлгідеге пьесаларды сахналап жатыр. Жалынды, дарынды жастармен толыққан театрдың терезесі тең деп айту артық емес. Кейінгі буынға жол көрсететін сахна өнерінің саңлақтары, ақсақал ардагерлер де жемісті еңбек етіп жатыр.
Зульфира МАРКИНҚЫЗЫ