Рушылдығың емес, рухың күшті болсын

 

 Қазақ халқы – әдебиет пен тарихқа бай халық. Руханиятында небір тұлғалардың еңбектері мен мықтылардың ерлігі жаңғырып жатыр. сонымен қатар, қазақ халқы – рухани ғана емес, материалды да бай. Қазақ халқы ұланғайыр атырапқа және сансыз қазба байлықтарына ие. Біз қазақ жұртына бұйырған байлықты білеміз, барымызбен мақтанамыз, бірақ қолдана алмаймыз, неге?

 Қазір «қазақ қандай халық болған?» деп сұрасақ, екінің бірі «қазақ мықты халық болған», «біз қазақтар ұлы хандардың ұрпағымыз», «ата-бабамыз жан тапсырмай беріспеген кісілер болған» деп шыға келеді. Айтар сөздерінің жаны бар. Қазақ жұрты текті, шыққан тегі дін мен салтқа берік, батыр жандар болған. Ата-бабамыз тілімізді, дінімізді, елдігімізді, кең байтақ жерімізді сақтап қалу үшін жанының құнымен күресіп жүріп ұрпағына мұраға қалдырды. Дегенмен бізге өткенімізбен емес, бүгінімізбен мақтанатын күн туды.

 Қазақстан жайлы сұраса, күшті дамыған ел деп аузымыз көпіріп айтатындай сөз таппаймыз. Себебі бүгінде мақтанар түгіміз жоқ. Бар айтарымыз ата-бабамыздың ерлігі, еңбегі, рушылдығымыз. Онымен қоймай жүзге, руға бөлініп, кеудеміздіқағамыз. «Кезінде біз сендерді жау қолынан аман алып қалдық», «қазақ қазақ боп сақталған болса, біздің арқамызда» дейді. Анығына келсек, руРесейдің боданы болған кезде аймақтарды басқаруға тиімді болғаны үшін қағаз жүзінде туған атау ғана. Бұдан кейін рушылдық кімге керек?

 Мақтанудан басқа тындырып жатқанымыз шамалы. Қазақ тілі ең таза, бай тіл деп мақтанамыз. Бірақ аудармада орыс пен өзге елден калька жасап, тілімізді құндылығынан айырып жатырмыз. Ресейдің боданы деген мөр ретінде қазақ тілін орыс тілімен баттастырып біттік. Бүгінде ағылшын тілін меңгеруге бәрі құмар. Бұл жай құмарлық емес, әлемдік сұраныс. Әлемдік аренаға шыға үшін ағылшын тілін білу қазірде міндет. Қазақ тілін таза, бай десек, қазақ тілін де әлемдік деңгейге көтеруімізге әбден болады. Әйтпесе, Ахмет Байтұрсынов, Рабиға Сыздықовалар нені мақсат етіп қазақ тілінің түбіне тереңдеді?!

 Медицина, ғылым, спорт, қай саланы алып қарасақ та өзге елдердің жасағанын қайталап, қандай істі бастасақ та үлгіні шалғайдан іздейміз.Халқымыз да дертінен айығу үшін алыстағы елдерді жағалап, ем іздеп кетеді. Соңғы жылдары қасірет әкелген аты жаман індеттің алдында қауқарсыздығымыз еліміздегі ғылымның деңгейін де айқындап берді. Және қарапайым мысал: теледидарымызда көрсетіп жатқан шоулар мен бағдарламалардың өзін шет елдерден көшіріп аламыз. Бізден өзге елдер қайталайтындай жаңа дүниені жарыққа шығаруға креативіміз жетпегені ме?!

 Жеріміздің қойнауындағы табиғи байлықтарымыз бола тұра халқымыз кедейліктен арыла алмай келеді. «Қазақстан бақытты елдердің алдынғы қатарында» деп сарнайтын статистика өз бетінше, тұрмысы төмен қазақ халқы өз бетіншеөмір сүріп жатыр. Статистикадағы әдемі сандармен кімге нені дәлелдемекпіз?

 Осылай жалғаса берсе, біз келер ұрпағымызға мұра қылып дәнеңе де қалдыра алмаймыз. Әрекет ететін күн туғаны қашан. Мұхит асып тәжірибе алмасып елімізде бір саланы болсын дамытып, қуат-күшіміз жеткенше биігіне жеткізсек өскеніміз емес пе?! Мұхит асып елімізден қол үзіп өзге елді дамытуды мұрат тұтсақ, өшкеніміз емес пе?!

 Елдігімізді сақтап дамыған елдер санатына жету үшін, алдымен, мемлекетіміздің тірегі мен негізі болып табылатын халқымызға жағдай жасалуы тиіс. Келесі кезекте рухымыздың мықтылығымен қолға алған ісімізді тәуекел етіп, соңына дейін, жетер деген биігіне жеткізбей қоймауымыз керек.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *