Мемлекеттік тілдің мәртебесі неге төмен?
Бүгінгі күні айтылуы керек негізгі мәселе – ана тіліміздің келешек тағдыры. Елімізде қозғалуы керек қаншама өзекті мәселелер бар, бірақ ең маңыздысы – мемлекеттік тіл мәртебесі. Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Осы бір ғана сөзде барлық ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Қазақ тілі – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі.
Халқымыз үшін қасірет болып отырған жайттардың бірі – қазақ балаларының 30% ы орыс мектебінде білім алып, кішкентайынан орыс тілінде сөйлеуі. Жалпы халқымыздың 40%-ы, ана тілін білмейтіндер мен шала сөйлейтіндер. Мемлекеттік тілдің мәртебесі неге осыншалықты төмендегінін түсіну қиын емес. Мүмкін, мұның бәрі бүгінгі «демократияның» тым жалпақшешейлік мінезінен, мүмкін, “ қонақжай” халықпыз деп тым ерсіленіп кеткен өзімізден болар. Жүз жылдар бойы бел алып қалған орыс тілінің өктемдігі әлі күнге дейін бәсеңдер емес. Бұл өктемдік күні кешеге барлық республикаларда жүз беріп келсе де, бүгін ол ТМД елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана сіресіп тұр. Орыс ұлтының 1-2 проценті ғана Қазақ мемлекеттік тілін ептеп біліп, ежіктеп сөйлей алмай отырып, қазақтардың 99 проценті орыс тілін жақсы меңгеріп отырған жағдайда қай тілдің қай тілден қағажу көріп отырғанын түсіндіріп, елді үгіттеудің қажеті де жоқ. Орыс тілін білмесе, келеке қылып, орысша сөйлей алмайсың деп қазаққа қазақ айтып отырған мына заманда тілдің ертеңі үшін алаңдау керек. Біз құдды Ресейде тұратын сияқты өмір сүріп жатырмыз. “ Орыстілдімін” деп өз-өзін ақтауға тырысатындар да жоқ емес. Шын мәнісінде, этнолингвистикалық принцип бойынша, «орыстілділерге» орыстар ғана жатады. Ал біз тек “ орыс тілін білетіндер” санатына жатуымыз керек. Осы тұста “ Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген Қадырдың сөзін жадымызда ұстасақ нұр үстіне нұр.
Алыстағы ағайынның аңсары ауып, сағынышпен іздейтін атамекеніне келгендегі бір арманы – ана тілінің сәнді әуезін, ән-күйінің сиқырлы сазын есту ғой. Бұл, әрине, қара шанырақтың өз халіне байланысты. Жер бетінде ана тілінде сөйлейтін бір қазақ қалғанға дейін ғылым үшін тілді өлді деуге болмайды. Сондықтан да егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып, ана тіліне мемлекеттік мәртебе алып беріп отырған халқымыз үшін кешегі әңгіме бір басқа, дәл бүгін «қазақ тілін апаттан алып қалу» деген проблема күн тәртібінен түскен. Ендігі мәселе – оны қалпына келтіру, жан- жақты дамыту, қолданыс аясын кеңейту, өмір сүру қажеттігіне айналдыру, орыс тілінің өктемдігін түсіру.
Міне, қара шанырақтың жағдайы әзірше осылай. Бірақ болашақтан үміт зор. Үлкен бетбұрыс, жаңа үрдіс, ояну, сергу басталуы керек сияқты..
«Қазақ – өз жерінде ғана қазақ» деген сөз бар екен. Өз басым бұл пікірге толық қосыла алмаймын. Өйткені қазақ баласы қара шаңырақтан алыста жүріп-ақ ана тілін ұмытпаса, салт-дәстүрін сақтаса, рухани байлығынан сусындаса, неге ол қазақ болмасын ? Ал өз елінде жүріп, өз үйінде отырып- ақ ана тілінен мақұрым болғандарды қасиетті қазақ тілі «өз перзентім» деп қорғай алмай отырғанына не шара?
Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев:
«Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!» – деп, ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған қазақ тілін марапаттай келіп, бүгін де жер жүзіне тарап кеткен ұрпақтарын тек рухани ұйытқы болар ана тіліміздің құдіретті күшімен ғана басын қосып, тұтастығын сақтауға болады:
«Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Тарап кеткен балаларынды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!» – деп, өсиет айтқан еді. Осы
бір өсиетті орындайтын тарихи сәт келген сияқты.
Тағы да Ана тіліміздің тағдыры тәлкекке түсіп, ғұмырына қауіп төне бастады. «Мың өлім, мың тірілу» аз болғандай, тағы бір нәубет алдымыздан елес беретін сияқты. Қол жайып, сұрап алған Ата Заңымызбен айғақталған Ана тіліміздің биік мәртебесін аяқасты қылудан ел-жұрт болып бүгін қорғап қалмасақ, ертең тым кеш болады, қапыда қалып, өкініп жүрмейік. Енді ғана еңсесін көтеріп, халқына қызмет ете бастаған тілімізге баяғы таз телпегін қайта кигізсек, онда тарих бізді кешіре қоймас.
Мұны жазуым – ай-күннің аманында үрей тудыру ниеті емес, кейінгі кезде үдей түскен тіл төңірегіндегі неше алуан жайсыз әңгімелер мен қисынсыз әрекеттердің күндердің күнінде бір пәлеге ұшыратып, опық жегізетінін шындап сезіне бастаған мазасыз көңілдің шынайы сыры, жүректің әмірі.
Тіл өлсе ұлттың да өлуі мүмкін. Сондықтан да: «Мен ана тілімді қорғаймын, оның алдындағы перзенттік парызымды қайткенде де ақтауым керек!»– деген адамды ешкім де, ешқашан да айыптауға аузы бармайды. Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес,өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!