Бала тәрбиесі басты назарда

Бала тәрбиесі басты назарда

Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы болып табылатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты  білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – оларды адамгершілік – рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады.Тәрбиедегі басты мәселе – балалардың тұлға аралық қатынасын дәріптеу,  өз құрбы – құрдастарымен, отбасы мүшелерімен қарым – қатынасын жасай білу, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы  түсіне білуі, өзіне сын көзбен қарап, өзінің көңіл – күйін, атқарған іс – әрекетінің есебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз.Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі , дарындылық іс – әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары анық.

Бала тәрбиесі – үлкен өнер. Қазақ халқы «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жылдың маусымы ауысымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, елдің батыраларының ерлік хиқаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Жас ұрпақты бұлай тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының болашағы қоғамның идеялық бірлігінде» деген еңбегінде «Біз құрып жатқан қоғамның ең жоғарғы құндылығы – адам, бүкіл өзгерістердің бәрі сол үшін, соның игілігі үшін жасалып жатыр» деп атап көрсетілген.

Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта да ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. «Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген қазақтың ұлттық таным-түсінігі бар. Қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріседі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрады. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз.    Рухани – адамгершілік тәрбиесіндегі басты нысана – баланы құрметтеу, оның рух иесі, бойында жаратқанның ұлы қуаты бар – тіршілік иесі екенін және дүние, әлемнің біртұтастығын саналы түсініп, оған бой ұсынса оның болашағы биік болары даусыз.Балаға қоғамда ұлттық тәрбие беру керек. Олай дейтініміз ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал болып саналады.Сондықтанда болар бабаларымыз: Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, – сонда ғана оның болашағы биік деген.
         Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс – әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады. Күн ырғақ – бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін – өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез – құлықтарды байқайды. Сондықтан ата – ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап бала жан дүниесіне оң әсер ететін іс – әрекеттерді дағдыға айналдыру керек.
         Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез – құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл – қыздармен үй шаруасында жүріп – ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа.
Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында дұрыс пікір қалыптастырады.
       Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.
       «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін – өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін – өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан он моральдық – психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір – біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл – күйі тікелей ықпал етеді.

Отбасы — бұл баланың өмір сүру ортасы яғни, қамқорлықтың тұрақты көзі. Тәрбиелеу мен қарапайым біліммен қаруландыру және шешім қабылдай білуге үйрететін ең жақын адамдардың мейірім шуағын сезінетін орта. Осы орайда бала білім нәрімен сусындайтын алтын ұясының алатын орны бөлек. Біріншіден, бала уақытынының көп бөлігін балабақшада өткізеді, тәрбиешілерінен, ұстаздарынан дәріс үйренеді. Демек, отбасы мен балабақша арасындағы қарым-қатынастың алар ролінің қаншалықты маңызды екенін осыған қарап топшылауға болады. Балабақша ұжымы ата-аналарды ұйымдастырып, балаларды балабақшадағы өмірінің тәрбиесіне белсене қатысуларына арналған іс-шаралар жиі өткізіп тұрамыз. Оған сауықтыру кештері, ертеңгіліктер,тренингтар, сауалнамалар жатады. Осындай отырыстар арқылы ата-аналар бір-бірімен жақынырақ танысып, ортақ өзекті мәселелерді бірге шешуге тырысады. Бұл дегенініз, ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігі артады. Балабақша мен отбасы, ата–анамен бала арасындағы достық, бауырмалдық қарым-қатынастардың қалыптасуына игі ықпалын туғызады. Мектепке дейінгі мекемеде өткізіліп жатқан спорттық жарыстар салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу мен қатар ата мен бала арасындағы сүйіспеншілікті, ынтымақтастықтың да нығаюына септігін тигізеді. Қарап тұрсаңыз, отбасы мен балабақша бір-бірінен бөлек алып қарауға келмейтін егіз ұғым секілді. Ол — саналы ұрпақ тәрбиелеуде зор жетістікке жеткізетін берік одақ. Осы екі одақ бірлесіп, ынтымақтасқанда ғана күрмеуі қиын талай мәселелердің түйіні шешілетіні анық. Балабақшада балалармен, ата-аналармен ынтымақтаса  жұмыс істеу нәтижелігінің диагностикалық зерттеу графигін құрып, ата-ананың балабақшаға деген қөзқарасын қалыптастырдық. Ата-ананың қатысуымен «Әкем, шешем және мен», «Отбасы алтын діңгек», сонымен бірге ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерге ата-аналар қатыстырылды. Ондағы мақсат, жаңа технологияларды ата-аналарға бағыттау, әдіс-тәсілдерді түсіндіру, жақсы нәтижені көрсету барысында  жетістіктеріне қол жеткізу. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — дегендей, бала тәрбиелеуде осындай міндеттерді іске асырушылар балабақша мен отбасы. Осы екі арнада жүргізілген тәлім-тәрбие сабақтаса ұштаса жүргізілгенде ғана мектепке дейінгі жастағы балалардың отбасыларымен бірге отырып, жұмыс жасау оның ішінде отбасы бұрышын құрып, олармен жеке-жеке жұмыс жүргізу өз нәтижесін береді.
       «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді Әл – Фараби. Сонымен қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата – аналар болып қолға алсақ болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата – баба салт – дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2004.

2.Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Мұғалім және ұлттық тәрбие. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2000.

3.Толыбаев Қ. Бабадан қалған бар байлық. – Алматы: Қазақстан, 2000. б. 4.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы: Санат, 2001.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *