МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖАСТА ОЙНАЛАТЫН ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖАСТА ОЙНАЛАТЫН ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы
№46 «Балбұлақ» бөбекжайның әдіскері
Кобланова Алима Реджеповна
Адам іс-әрекетінің ерекше бір түрі – ойынның пайда болуын зерттеушілердің біразы өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе өмірдің әртүрлі құбылыстары мен үлкендердің түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу екені белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін өте қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.
Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, сондықтан кейбір педагог ғалымдар «Жақсы ойын – жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын – жаман жұмыс сияқты» деп қарап, бұлардың арасында айырма шамалы деген түйін жасайды. Өйткені, әрбір жас кезінде ойын тиісті дәрежеде ақыл мен қажыр-қайрат жұмсауды керек етеді. Белсенді іс-әрекет пен күш-жігер жұмсалмаған ойын, жақсы болып табылмайды. Жақсы ойын да, жақсы жұмыс та көңілді қуанышқа толтырып, рахатқа бөлейді. Демек, осы жағынан ойын мен жұмыстың ұқсастығы байқалады. Баланың ойынында да белгілі дәрежеде тиісті жұмыстағыдай жауапкершілік болуға тиіс. Олардың негізгі айырмашылығы тек мынада: баланың ойыны нақты материалдық, рухани байлықты көздемейді, ал жұмыс ондай игілікті өндірудің негізгі жолы екені айқын.
Баланың қуанышы мен реніші ойында анық көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиді, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп ғана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Ойын үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады.
Қазақ халқы ұлт ойындарына өте бай халық. Бірақ ол ертеде ауызекі туып, жалпақ жұртқа ауызекі таралып отырған сондықтан да, көшпелігі бүгінгі күнге жетпей ұмыт болып кеткен.
Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көз-қарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше бағаланған. Қазақтың көне жыр-дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше орын алғандығы айқын көрінеді. Мәселен: «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырларды елін сүйген батырлардың жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген ер жігіттердің ең алдымен ұлттық ойындарда сайысқа түсіп, одан кейін көп кісі қатысқан ойын сауықтарда өздерінің мергендік, палуандық, шабандоздық шеберліктерін көрсеткендіктері айтылады. «Домбырамен күй шерту», «Аттың құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны», «Тоғыз құмалақ», «Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда болған. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір сүргендігін айқын көрсетеді.
Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойындары. Ғасырлардан-ғасырларға, атадан-балаға жеткен асық ойын түрлерінің аздығы бізді қатты алаңдатып отыр. «Хан талапай», «Омпы», «Алшы» ойындары қазіргі заман талабына сай өзгеріске ұшыраған. Кейбір асық ойын түрлері халықтың фантастикалық ой құбылысынан туындап отырғаны байқалады. Халықта «асықты аш болсаң да мүжіме, тобықты тоқ болсаңда тастама» деген сөз бар. Осы бір сөздің өзі бекерге айтылмаса керек. Қарайықшы, асықты ойынға пайдалану өте икемді-ақ. Қолға ұстауға ыңғайлы, жинап қоржынға салып қоюға да болады. Ертеректе қазақтар сойылған малдың асықтарын жинап, көбінесе төрдегі кебежелердің астына, үйдің іргелеріне, әсіресе, төрге қарай тастай салатын болған. Кейбіреулер асықты байлыққа балаған, ал кей кезде оны ер баласы жоқ үйлер ырым қылып та жинап қойған. Ер бала сүйгісі келген келіншектер оны төсегінің астына салып қоятын болған екен.
Балалардың жиі ойнайтын «Ақ сүйек» ойыны байқағыштыққа, қырағылыққа, батылдыққа, ептілікке, шапшаңдыққа баулиды. Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық», «Ақ сүйек» баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабылдау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл –қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді.
1 жастан 7-ге дейін баланы халқымыз «нәресте» немесе «ойын баласы» деп атаған. Халық неше алуан ойынды туғызып, оны іс жүзінде қолданып, оның тәрбиелік, білімділік жақтарын көре білген. «Бала ойынмен өседі» деген өмірлік қорытынды жасап, оны өздерінің бала тәрбиесіне тиек еткен.
Ұлттық ойындарды ойнар алдында балаларға әрбір ойынның алдына қоятын мақсаттары айтыла отырып, ойын ережесі түсіндіріледі. Сондай-ақ пайдаланылатын құрал-жабдықтары айтылады. Халық ойындары қолға түскен қарапайым заттармен ойнала береді. Халық ойынының бір мақсаты – баланы жан-жақты тәрбиелеу болғандықтан, бір ойын түрліше ойналуы мүмкін, сондай-ақ, ойлануға берілген сұрақтың түрліше жауабы болуы мүмкін. Ойын ережелерінде тәрбиенің үлкен маңызы жатыр. Олар ойынның барысын белгілейді, балалардың тәртібі мен әрекеттерін, олардың қарым-қатынасын бақылайды, жігерінің қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы: «Қоғи көк» ойынында қаздар кемпірдің: «Олай болса, сендердің біріңді алып қаламын» деген сөзінен ғана тізбегін жазбай кемпірден қаша жөнелуі керек. Бұл ойын ықыластықты, шыдамдылықты, ептілікті, кең жерге тез үйрене білуді, ұжымдық сезімін көрсетуді, дер кезінде бір-біріне көмектесуді (қаздар), жауапкершілікті, батылдықты, тапқырлықты (кемпір) талап етеді. Ойынға қызығуы үшін ойын өмірмен ұштастыра алынып, оның қажеттілігін бала сезінуі тиіс. Сондай-ақ, ойын тұжырымы әдеттегіден бөлектеу, түсінуге жеңіл, мақсаты айқын болуымен бірге, есептеуі аз, ойлану арқылы тез табылатын болуы қажет. Әрбір ойын ойналып болғаннан кейін, қорытындыланады.
Ұлтымыздың тұғыры мықты болуында ұлттық ойындардың ұмытылмай ойналып тұруы да өз үлесін қоспақ. Тәрбиешілердің мақсаты – мықты, дені сау, жігерлі, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын болашақ ұрпақ тәрбиелеу.