Алтайдың асыл жыршысы
Алтайдың асыл жыршысы
(Эссе)
Ақтөбе облысы
Шалқар қаласы
«Ә.Жангелдин атындағы ЖОББМ»КММ
ұйымдастырушы педагог
Құдайбергенова Баян Серікқызы
«Оралхан бар жанрда бағын сынап, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде ғажайып із қалдырған аса көрнекті жазушы, қайраткер қаламгер».
Қуанышбай Құрманғали
Жазушының адамгершілік бейнесі де, жазушылық қабілеті де әнші анасының ақ сүтінен, әкесінің шешендік қасиетінен дарығандай. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдызы жарық жазушының тұлғалық болмысы әрбір шығармасынан айқын көрінеді. Оның әрбір туындысынан ұлт болашағына деген жанашырлығы, халық алдындағы жауапкершілігі, жазушы болмысының аса биік деңгейі көрініп тұрады. Кез келген оқырман санаға салып, шығармаларын түйіндей білсе қаламгердің қазақ әдебиетіне адалдығы, суреткерлік шеберлігі, жалпы жер бетінің барлық тіршілік иелеріне деген ғаламға сыймайтын махаббаты сипат алады. Әр шығармасын оқыған сайын жан дүниең аударылып-төңкеріліп, кейіпкерлерімен бірге сол оқииғаны бастан кешкендей күй кешесің. Бұл – жазушының құдіреттілігі. Сонымен қатар, ол адам мен қоғам арасындағы мәселелерді шығармаларында көркем суреттеп, кейіпкерлерін есте қаларлықтай шебер көркемдейтін қасиетке ие қаламгер. Басты кейіпкерлері – рухы жоғары, адамгершілік заңдылықтарын қатаң ұстанған жандар. Әдебиет әлемінде ірі із қалдырып, ойып тұрып орын алуы да жазушының тұлғалық болмысының нағыз ер азаматқа сай екендігінің айқын көрсеткіші. Өр Алтайдың өжет ұлы – Оралхан Бөкей десем қате айтпағаным болар. Себебі, бала күнінен жазушы боламын деген арманына, мақсатына жетті. Небәрі қырық тоғыз жасында күллі әлем әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдыра білген қаламгер. Алтайдың асыл жыршысы туған жерінің әсем табиғатын шебер тілмен суреттеп, қазақ көркем әдебиетінің көкжиегін кеңейтті. Ақынның әрбір шығармасының тақырыбының өзі оқырманды қызықтырып, соңына дейін оқуға мәжбүр етеді. Мысалы, «Үркер», «Қар қызы», «Алданған ұрпақ», «Қамшыгер», атын атасақ көп-ақ.
Қорыта айтқанда, Оралхан туған жері іспеттес Алтайдай асқақ арманымен қазақ әдебиетінің шыңына шыққан нағыз талантты қаламгер. Аз ғана ғұмыры боларын сезгендей, барлық мәселені ой елегінен өткізіп жұртшылыққа паш ете білді. Адамзат баласының жасына немесе жынысына, тіпті ұлтына бөлуге келмейтін ортақ құндылық – рухты намыс пен адамгершілікті алға тартты.