«Тортай мінер ақ боз ат»
«Тортай мінер ақ боз ат»
(эссе)
Ақтөбе облысы
Шалқар қаласы
«Ә.Жангелдин атындағы ЖОББМ»КММ кітапхана меңгерушісі
Исакова Зинегул Тулегеновна
Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында ұлттық прозаға өзгеше пайым-парасатпен, соны стильмен, алабөтен болмыспен енген Оралхан Бөкейдің шығармашылық әлемі әдебиет сүйер қауымның назарын өзіне бірден аудартты. Қарымды қаламгер эпикалық тектің қай түріне болмасын еркін бойлады, бұған дейін көзі қарақты оқырман кең-байтақ қазақ даласының ең сұлу көрінісі деп Көкшені ғана танып келсе, Оралханның көркем туындылары арқылы өр Алтайдың шыңына шықты, табиғатымен тыныстады. Асқаралы Алтайдың аясында өрбитін оқиғалардың қай-қайсысы болмасын өте қызықты, аса тартымды еді. Солардың бірі «Тортай мінер ақ боз ат» туындысы десек еш қателеспейміз.
Әңгіме жанрында жазылған бұл шығармада шытырман оқиға, күрделі композиция, ерекше сюжет бар деп айта алмаймыз. Бар болғаны екі-ақ кейіпкер, екі бөлек әлеуметтік топтың өкілі – бала Оралхан мен Тортайдың бейнесі арқылы жазушы өмірдің мәнін, тіршілік пәлсапасын толғайды. Ораш – төрт құбыласы түгел, колхоз председателінің баласы да, Тортай – ата-анадан ерте айрылып, туыстарынан теперіш көрген жүрегі жаралы жетім. Ораш мектепте білім алып жүр де, Тортай колхозда бұзау бағып жүр. Ораштың тамағы тоқ, көйлегі көк, дені сау, ал Тортай жылы үй, салулы төсек, дайын асты көрмеген, құлағы хакас. Бірақ Тортайдың есту қабілеті төмен болса да, жан сарайы білуге құштар, көкірек көзі аса сезімтал, санасы сәулеге ұмтылған ұғымтал өрен. Кітапты көп оқитын бала Тортайдың үңгір баспанасына болашақ дана жазушы жиі келгіштейді. Көзінде мұң, көңілінде қаяу болса да Тортай армандаудан талмайтын, қиялдауын қоймайтын, өзін іздеп келген Орашқа аса риза болғанда әңгіме-дүкен құра отырып, оны өзінің ертегі әлеміне ілестіріп әкететін еді, міне, дәл осы сәт колхоз бастығының баласына ерекше ұнайтын, сол үшін соншама шақырымды артқа тастап, жетім досына ас-суын арқалап іздеп, армандауды аңсап келетін. Тортайдың толассыз арманының ең асқағы ақ боз ат болушы еді. Ол онымен аспан әлеміне көтеріліп, сеңгір-сеңгір тауларды кезетін, биік-биік асуларды алатын. Бірақ ол романтикалық күйден реалды тіршілікке тез көшетін де: «Маған ондай ақ боз ат қайда, оны саған сыйладым» деп аяқтайтын. Аңғара білген адамға әңгіменің астарында өкініш сарыны бар, жазушы соншалықты асқақ арманның авторы өз дегеніне қол жеткізе алмағанына, ол межеден өзінің көрінгеніне қысылады, ұялады, оны біз арада көп жыл өткенде досымен бетпе-бет кездесе алмауынан көреміз.
Қазақ прозасының қара нары Оралхан Бөкеевтің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесінде асқақ романтика, шынайы реализм, нәзік те мұңды лирика, кең құлашты эпика, адам жанын еліктірер ертегілік сарын астасқан. Шығарманың тақырыбы – арман, ал идеясы, бұл көркем туындының өміршеңдігі – адамның армансыз ғұмыр кешпейтіндігі, тіршілік етпейтіндігі. Бәріміздің жан сарайымызда бір-бір Тортай бар екені анық, ендеше «Тортайымызды» тосырқатпайық, арманымызға жетер тура жолға ұмытылайық деп өз ойымды аяқтағым келеді.