БАҚ өкілдерінің қоғамдағы рөлі

Аңдатпа: Журналист мамандығы және оның құқықтары мен міндеттері жайында шолу жасау. Қазіргі журналистика саласының қоғамды тәрбиелеудегі алатын

орны. Жастардың журналистика бағытын таңдағандағы ескеретін басты қағидаларға тоқталу.

Аннотация: Обзор профессии журналиста, его прав и обязанностей.Роль современной журналистики в воспитании общества. Остановиться на главных принципах, учитывающих при выборе направления журналистики для молодежи

Annotation: Overview of the profession of a journalist, his rights and obligations.The role of modern journalism in the education of society. To dwell on the main principles that take into account when choosing the direction of journalism for young people.

Кілт сөздер: БАҚ, этика, мамандық таңдау, баспасөз,масс-медиа, “Қаралы қаңтар”, Журналистер одағы,қоғам.

Ключевые слова:СМИ, этика, выбор профессии, пресса, масс-медиа, “Траурный январь”, Союз журналистов, общество.

Keywords: Mass media, ethics, choice of profession, press, mass media, “Mourning January”, Union of Journalists, society.

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Оның ішінде дұрыс, әрі жан дүниеңмен санаса отырып, айқындалған сала болса, тіптен жақсы. Себебі, өмір бойына азық болар ризық пен несібе – таңдалған мамандықтың дұрыс немесе бұрыстығына тікелей байланысты екендігіне көзіміз жетті.

Сонымен, «журналистика  қандай мамандық және журналист деген кім?» деген сауалдар осы салаға бет бұруды армандап жүрген түлектерді қызықтыратыны және толғандыратыны анық.  Әлбетте, төркіні француз тілінен аударғанда «күнделік» деген сөзді білдіретін  «журналист»  сөзі құлағымызға бала кезімізден  жақын естілгені рас. Ежелгі грек  және римдіктерде шешендер, хабар таратушылар деген қызметті атқаратын адамдар болған. Тайпа немесе көсем басшыларының ереже-жарлықтарын қарапайым тұрғындарға жеткізген олардың қызметтері бүгінгі БАҚ өкілдерінің қызметі іспеттес болатын. Журналистің кім екендігі туралы түсініктеме ҚР «БАҚ туралы» Заңының 1-бабының 11-тармағында: «Журналист – еңбек қатынастары негізінде БАҚ үшін хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзірлеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлға» деп айтылған [1].

Қоғамда түрлі жағдайлар, саяси текетірес, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар орын алады. Ақпараттар легі минут сайын емес, секунд сайын алмасып, жаңарып жатыр. Әлемдік кеңістікті қамтитын  түрлі масс-медиа мен ақпарат көздерінің рөлі күннен-күнге артуда. Осыған сәйкес, журналистердің де шығармашылық ізденісі артып, қоғам алдындағы міндет-мақсаты мен қызметі айқындала, күрделене түскендей. Тауарлар мен түрлі өнімдерге нарықтағы сұраныс қандай болса, сауатты, креативті, талапшыл журналистермен де бірлесе қызмет ету бірнеше мәселелердің шешімін табуға оң әсерін беретіні анық. Қазақ халқының көрнекті жазушысы, сатирик-журналист Үмбетбай Уайдин қоғамда ойып алар орны бар журналистер қауымы жайында құнды жазбаларымен бөліскен. Солардың біріне тоқталып өтуді жөн көрдім. «Журналист – ойдың, сезімнің, мінездің адамы. Мамандығын сүймегендерге журналистикада орын жоқ. Қызық та қиын, құрметті де мазасыз мамандықтың адамыосы – журналистер. Оның тілі – заңның, әділеттің тілі. Оның жауапкершілігі – этикалық жауапкершілік» [2].

Мамандықтың жаманы болмайды. Маңдай теріңмен, адал еңбекпен тапқан табысыңа ештеңе тең келмесі анық. Журналистиканың басқа салалардан айырмашылығы масс-медиамен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қарапайым халықпен  тығыз байланыс орнатуында негізделген. Сондай-ақ, кез келген кәсіппен тығыз байланыста. Осыған сәйкес, журналистің де өзге маман иелерінен өзгешелігі – ой және қимыл еркіндігін алға тартып, тәуелсіз жұмыс режимінде қызмет етуінде жатыр. Кәсіби журналист мына талаптарды қатаң ескеруі керек:

1) Тек дәлелденген факт негізінде сөйлеу;
2) Жеке басын емес, халықтың көзқарасын алдыға қою;
3) Ақпараттың рас немесе дұрыс еместігіне көз жеткізу;
4) Қызбалыққа салынбау;
5) Жалған мәліметтермен бөліспеу;
6) Сауатты, ізденімпаз, әділетті болу;
7) Әрқашан креативті ойларымен бөлісу;
8) Тәжірибе алмасу
9) Жаңашылдыққа ұмтылу;

Журналистиканың негізі ежелден қалыптасты. Бүгінгідей ақпараттар

ағыны толассыз «жауып» жатпаса да, бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген халық хабар-ошар алуға мәжбүр болды. Айлап, жылдап жететін сәлемдеме немесе хабарлама мазмұндағы жаңалықтарды олар тағатсыздана күтетін. Сол дәуірдің өзінде де атшабарлардың қоғамдағы рөлі айтарлықтай жаман болмағаны белгілі.

Қазіргі заманауи журналистиканың жілігін тамызып жүрген журналистер жан-жақты. Қоғамдағы рөлдері мен көзқарастары да басымырақ. Осы орайда қоғаммен үнемі байланыста болатын журналист қандай болуы керек деген сұрақтың туындауы заңдылық?! Ең алдымен, журналистің білімділігі мен жан-жақтылығы, тапсырмаға ұқыпты қарауы мен жауапкершілігі алдыңғы орында болғаны абзал. Қызығушылығының  қандай бағытта басым екендігін аңғара білген  журналист үшін өз кәсібіне деген сүйіспеншілік артады. Нәтижесінде халыққа пайдалы ақпарат беретін және олардың тұрмыс-тіршілігіне, мұқтаждығы мен өтінішіне бей-жай қарай алмайтын жалынды маман иесі пайда болады.

Қазақстандағы БАҚ өкілдері  қазақ және орыстілді болып екі топта қызмет етеді. Қоғамның жоғын жоқтап, барын бағалап, халыққа жария етіп жүрген қаншама ардагер-журналистеріміз де жоқ емес. Осы салаға бет бұрып, ыстық пен суығына төтеп беремін деген жалынды жастардың әрқайсысының іштей үлгі тұтатын, сыйлайтын, жанына жақын тартатын журналист аға-апайлары бар. Біз білетін, көзіміз көрген, бүгінде өмірден озған қаламгер-журналистер – Нұртілеу Иманғалиұлы, Аманкелді Сейітхан, Бейсен Құранбек, Жұмабек Кенжалин, Әбдірәлі Бөлебай сынды тағы да басқа азаматтарымыз халқына адал қызмет еткен танымал жандар еді… Осы және өзге де журналистердің тікелей қатысуымен ел арасында шешімі табылмаған әлеуметтік мәселелер оң нәтиже беріп, қарапайым халықтың зор ілтипатына бөленгендігі баршамызға белгілі. Жеке басының қамынан гөрі, қазақ халқының жай-күйін, шеккен азабы мен тартқан тауқыметін жүрегіне жақын қабылдаған асыл азаматтарымыз сыр берген денсаулықтарына да қарамастан, қазақ халқының болашағы үшін соңғы демі үзілгенше адал қызмет атқара білді. Осыдан-ақ, журналистика саласында жүрген қызметкерлердің қоғамдағы орны мен рөлінің қаншалықты маңызды, әрі жауапты екендігін бірден аңғаруға болады. «Журналист талантты болса, науқасы да қатты болады. Ауруынан жартылай айыққан журналист – сыншы. Ал егер журналист осы сырқаттың созылмалы түріне шалдықса, жазушы болғаны», – дейді В. Лебедев[3]. Шынында да, сүйікті кәсібіне адал журналист қоғамға  ой салар мазмұнды сюжеттер  мен мағыналы бағдарламалар, тілі шұрайлы құнды жазбаларды бек қалдырады. Және сол жолда көп  ізденеді, тың ақпарат көзін қарастырады, майдаланбаған мәліметтер жинақтайды.

Журналистика – еркіндікті, белгілі бір шектеуді талап етпейтін мамандық түрі. Сәйкесінше, журналистер де сондай. Шетел асып, Еуропа, Азия мен түрлі дамыған елдердің экономикалық-саяси, мәдени жағдайлары туралы тың ақпаратпен бөлісетін отандық журналистеріміз қаншама! Қоғамда орын алып жатқан оқиғалардан тікелей репортаж жасау барысында түрлі сәтсіздіктермен бетпе-бет ұшырасып жататын да – БАҚ өкілдері. Көрерменге келелі кеңес беріп, ел ішіндегі түйіні шешілмеген түйткілдердің бел ортасында,  жылдың қай мезгілі болмасын, шапқылап жүретін журналистердің жұмысы – кішігірім ерлік деуге болады.  Кәсібіне адал, сүйікті жұмысын  жанын бере атқаратын журналист көздеген нысанасының нәтижесінен рақат, күш алады. Шабытына шабыт қосады.

БАҚ сөзі құлаққа жиі естілгенімен, қарапайым халық  оның арнайы мекеме екендігін біле бермейді. Яғни, аталған әлеуметтік мекеме заманауи технологиялардың көмегімен  көрермен мен оқырманға ашық түрде ақпаратпен бөліседі, таратады. Сонымен, бұқаралық ақпарат құралдарына мына аспектілер жатады:

1) Мерзімді баспасөз басылымы;
2) Радио-бағдарламалар;
3) Теле-бағдарламалар;
4) Бейне және хроникалық бағдарламалар;
5) Мамандандырылған бұқаралық ақпарат құралдары.

Журналист үшін ескеретін тағы бір маңызды жайт – этика, яғни әдеп мәселесі. Отандық журналистика саласында жүрген көптеген қызметкерлер этика заңдылығын ұстана бермейді. Бұл, әрине көңіл көншітетін дүние. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Римма Жақсылықбаева өзінің зерттеу еңбегінде журналистік этика тақырыбын тереңінен қозғаған. «Ресей ғалымдары соңғы жылдары журналистикадағы этика құбылысына ерекше мән бере бастады. Танымал ғалым Р.Г. Бухарцев кәсіби этика мен БАҚ өкілдерінің шығармашылық ізденісін, даму процесін ашық дәлелдеп, көрсеткен. Журналистердің әлеуметтік мәселелерді қарастырғанда нақты дерекпен сөйлеуін және жауапкершіліктен жалтақтамай, дәйекті ақпарат көздерінің қамтылуын ғалым В.М. Теплюк журналистік этиканың заңдылықтарына жатқызған. Ғалымның пайымдауынша, журналистік этика дегеніміз – журналистің өз әлеуметтік рөлін атқару кезіндегі іс-әрекетінің моральдық аспектісін белгілейтін ережелержиынтығы [4].

Қақтығыспен басталған 2022 жылдың «Қаралы қаңтар» оқиғасы қаншама қарапайым, бейбіт тұрғындардың өмірін жалмады. Солардың қатарында халық үшін қызмет етіп жүрген, айтары бар, берері көп журналистер де бақилық болды.  Халыққа ақпарат тарататын телеарналардың ғимараттарына оқ жаудырып, «алтын қорда» сақталған көптеген құнды дүниелер қолды болды. Ол дегеніңіз, ешбір бағалы дүниемен алмастырылмайтын қазақ халқының інжу-маржандарына балта шабумен тең. Сол жұмыстың артында ардагер журналист аға-әпкелеріміздің, ата-апаларымыздың талай жылғы төккен еңбегі, сыңғырлаған саф алтындай үндерінің ізі қалған болатын. Осы қақтығыста журналистердің өмірі қауіп пен қатердің ортасында болды. «Қазаны қайнаған» ортадан тың мәліметтер тарату арқылы олар өз бастарын қатерге тіккендігін сезсе де, ең алдымен қарапайым халықтың мүддесін, қауіпсіздігін алдыңғы орынға қойды. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдағы журналистердің қызметі жанкештілікті, сақтықты, қырағылықты талап ететіндігі жасырын емес. Көрерменге тың мәлімет беру үшін журналист қарлы-жаңбырлы ауа райына қарамай тау мен тасты аралайды, бірнеше күн ұйықтамай, жұмысы аяқталғанша жан ұшыра еңбектенеді. Көздеген мақсатына жеткенде ғана тілшілер мойнына жүктелген барлық қиыншылықтан арылып, өзіне іштей риза болады. «Қаралы қаңтар» оқиғасы еліміз үшін оңайға соқпады. Тұтқиылдан тап берген қақтығыс алаңына ешқандай дайындықсыз (қару-жарақтан қорғанатын арнайы киімдер) журналистердің тікелей ақпарат тарату өмірін қатерге еке есе тіккендей болды. Мәселен, шетелде соғыс немесе қақтығыс алаңынан арнайы репортаж жасайтын журналистер қызмет етеді. Мемлекетке қызмет ететін маңызды  тұлға саналатын журналистердің қауіпсіздігі алдыңғы орынға қойылған. Сондықтан майдан алаңына жібермес бұрын, БАҚ қызметкері арнайы қорғаныш киімімен жасақталады. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай мәртебе біріншіден азаматтардың қорғалуын, екіншіден кәсіби түрде тың ақпараттармен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалғандығын білдірсе керек. Жаңадан қарыштап дамып жатқан Қазақстанды терезесі тең елдерден салыстыру жөн болмас. Дегенмен, саны жағынан аз халқымыздың қорғалуын, тыныштығының  тұрақтылығы мен қамтамасыз етілуін мемлекет басты назарда ұстанғаны жөн.

Бүгінде бірқатар жастар журналист болу оңай деп түсінеді. Және осы мамандық арқылы көпшілікке тез танымал болуды армандайды. Яғни, теледидардан жарқ ете қалып, қысқа мерзім ішінде ауқымды аудиторияны қамтуды көздейді. Алайда, журналистика – білімділікті, жан-жақтылық пен ізденушілікті, зияткерлікті, шынайылықты талап ететін мамандық. Себебі журналистикада өтірікке, бұрмалаушылыққа жол жоқ. «Жалған ақпарат таратып, халықты алдамақ болған ниет сізді мүлде мазаламағаны абзал. Өз кәсібінің нағыз маманы олай жасамайды да! Себебі, журналист  халыққа жақын болған сайын, көпшіліктің көзайымына, құрмет-қошеметіне, ыстық ықыласына бөленеді! Сондықтан да, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени бағыттағы өзекті тақырыптар төңірегіндегі өзгерістер мен заңдылықтарға журналистер араша түседі. Шалғай елдімекендердегі тұрғындардың мұң-мұқтажын көздерімен көріп, республикаға тікелей жеткізетін билік пен халық арасындағы «көпір» іспеттес ауқымды жұмыс атқарады. Қарапайым азаматтардың назына құлақ түру арқылы  журналистің  шынайылығын, ұлтына деген сүйіспеншілігін, жанашырлығын сезіну қиын емес.

XX ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақстан Журналистер одағы құрылды. Бұл ұйым журналистердің шығармашылығына арналған бірлескен топ, ауқымды ұйым болып саналды. Алғаш рет БАҚ өкілдерінің басын қосқан съезд ұйымдастырылып, баяндама жасалды. «Баспасөз туралы» деген тақырыпты қамтыған баяндамада тілшілердің нақты міндеттері мен атқарылатын қызметтері айқындалды. Журналистерге бағыт-бағдар көрсетілді. 1959 жылы Қазақстан БАҚ өкілдерінің  1-съезінде Журналистер одағы құрылды. Қазіргі таңда аталмыш Одақ құрамында танымал ақын-жазушылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, әдебиет зерттеушілері, журналистер бар. Төл тарихымыз бен салт-дәстүріміздің, мәдениетіміз бен ауызекі  әдебиетіміздің қайта жаңғырып, халыққа кеңінен насихатталуына Журналистер одағына мүше азаматтардың қосқан үлесі зор.

Кез келген адам өзінің қарым-қабілетіне, қызығушылығы мен табиғатына қарай мамандық таңдағаны дұрыс. Болашақ жары мен мамандығын таңдауда қателеспеген азамат өмірден тұрақты орнын тауып, бақытқа кенелетіні шүбәсіз. Түсінгеніңіздей, журналистика мамандығын екінің бірі таңдай бермейді. Жүрексінеді. Себебі шешендік өнерді бойға сіңіру бір басқа, ал ел алдында шешіле сөйлеу бөлек дүние екендігін ұмытпаған жөн. Бойында батылдық мінезі басым, төзімділігі мығым жандардан жаза алатын, қоғамда резонанс тудыратын журналист шығады. Сонымен қатар, осы мамандыққа қызығушылығы артқан жас түлектің санасында «егер журналист болсам, халқыма қандай пайда тигізер едім, нендей жаңалық ашатын едім?» деген сауалға іштей жауап іздегені дұрыс. Қазіргі таңдағы сұранысқа ие, көпшіліктің көзайымына айналған майталман журналистердің сұхбаттарын, кездесулерін жіті назарда ұстап, мамандықтың машақаты мен қыр-сырын үйренуге талпынған жөн. «Еңбек түбі – жеңбек» демекші, қоғамнан ойып тұрып орын алуды көздеген журналист болуы үшін ізденіс, құлшыныс, ұмтылыс, байланыс, толғаныс керек.

Қорыта айтқанда,  жазуға икемді, таза әрі еркін сөйлеуге бейім, тілі жатық жаннан тамаша журналист шығады. Сонымен қатар, қоғамда өзіндік ұстанымыңды көрсете білу үшін журналистке  ең алдымен мінез керек. Жалпы мінезсіз адамның биіктен көрінуі екіталай. Шұбалаңқы сөздерден көрі, нақтылыққа, дәйекке негізделген ақпараттарды халыққа ұсыну – журналистің басты міндеті. Өз басым, осы мамандықты таңдағаныма қуанбасам, еш өкінбеймін. Бастысы  өзіме деген сенімділік өшпесін. Қазақ қоғамында ақсаңдап қалған кей тұстарды «жамап», халыққа  қашан да жақсылықты, әділдік пен шынайылықты, ұлтыма деген сүйіспеншілікті дәріптейтін қарымды журналист болуды мақсат тұттым. Сол мақсатыма көп ұзамай жететіндігіме нық сенімдімін.

 

 

 

  ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1) «БАҚ туралы Заң»
2) Ү. Уайдин «Әдеп әлемі және журналистика» Алматы, Мектеп баспасы,
3) massaget.kz сайты
4) Р.С. Жақсылықбаева, «Журналист этикасы». Оқу құралы. Алматы, «Қазақ университеті», 2013 ж.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *