Қарахан мемлекеті тұсындағы белгілі тұлғалар мен олардың еңбектері

Қарахан мемлекеті тұсындағы белгілі тұлғалар мен олардың еңбектері

ШУКУРБЕКОВА Д. Е.

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Шымкент қ., 6В01301 Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мұғалімін даярлау» білім беру бағдарламасы, 1301-11 тобының студенті.dana.13.08.03.s@gmail.com

Резюме

         В данной статье рассматриваются известные лица, жившие во времена Караханского государства и их избранные произведения. Произведения Абу Насыра аль-Фараби «Начало наук», Юсуфа Баласагуна «Кутадгу билик», «Дивани Лугат-ат-Турки» Махмута Кашкари, «Дивани Хикмет» Ходжи Ахмета Ясави, «Книга Бакыргани» Сулеймана Бакыргани были изучены и философски проанализированы. Какое значение имели эти произведения в то время, их значение сегодня и какое дается образование людям, эти вопросы рассматриваются в статье.

Summary

         In this article, well-known persons who lived during the Karakhan state and their selected works are considered. The works of Abu Nasir al-Farabi “The Beginning of Sciences”, Yusuf Balasagun’s “Qutadgu Bilik”, “Diwani Lugat-at-Turki” by Mahmut Kashkari, “Diwani Hikmet” by Khoja Ahmet Yasawi, “The Book of Bakyrgani” by Süleyman Bakyrgani were studied and philosophically analyzed. What was the importance of these works at that time, their importance today and what is the education given to people, these issues are considered in the article.

         Кілт сөздер: Тарих, Қарахан мемлекеті, Әл-Фараби “Ғылымдардың шығуы, Жүсіп Баласағұн “Құтты білік”, Махмұд Қашғари “Диуани лұғат-ат-түрік”, Ахмет Яссауи “Диуани хикмет”, Сүлеймен Бақырғани “Бақырғани кітабы”, адамгершілік, эстетика, дін, сопы.

         Ключевые слова: История, Караханское государство, аль-Фараби «Начало наук», Юсуп Баласагун «Кутадгу билик», Махмуд Кашгари «Дивани Лугат-ат-Тюрк», Ахмет Яссауи «Дивани Хикмет», Сулеймен Бакыргани «Книга Бакыргани», мораль, эстетика, религия, суфий.

         Keywords: History, Karakhan State, Al-Farabi “The Beginning of Sciences”, Yusup Balasagun “Kutadgu Bilik”, Mahmud Kashgari “Diwani Lugat-at-Turk”, Ahmet Yassawi “Diwani Hikmet”, Suleiman Bakyrgani “Book of Bakyrgani”, morality, aesthetics, religion, sufi.

         Тарихтағы өз орныңды білу, бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпы ұлттық өреде мақтан тұту, ұланбайтақ Еуразия тарихында ұлы істерге ұйытқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып – түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жаралардан арылу – міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері. Жүсіп Баласаұнидің «Құтты білігі», Махмұд Қашқаридың «Түрік сөздігі», Қожа Ахмет Яссауидің «Даналық кітабы», Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» секілді ұлы шағармалары, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр әл-Фарабидің бұған дейін біршама игерілген ғажайып мұралары тұғырлы тарихтың, ұлы мәдениеттің, мол біліктің мәңгілік мәуесіндей. [1]

         Осыдан 1100 – 900 жылдар бұрын Қазақстанға ислам діні дендеп енді. Араб әріпі руна жазуын ығыстырып шығарды. Бұған себеп, сол кездегі Қарахан мемлекетінде ғылыми ойдың дамуы, қалалардың бой көтеруі, сәулет өнерінің кең өркен жаюы, ислам дінінің таралуы және Жібек жолының гүлденіп тұруы Қазақстанның ортағасырлық тарихында өшпес ізін қалдырды. Бұл кезде Қарахан мемлекетінің материалдық мәдениеті мен рухани мәдениеті дамып, гүлденген кезі еді. Бұл кезде жазу мәдениеті біршама жоғары сатыға көтерілгенін әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгінеки еңбектерінен аңғара аламыз. Бұл аталған белгілі тұлғалардың еңбектері осы уақытқа дейін өз маңыздылығын жоймаған. Дәлел ретінде осы уақытқа дейін шыққан зерттеулерді, мерзімді басылымдарда жарияланып келе жатқан материалдарды айта аламыз. [2]

         Х ғасырда мәлім, Қазақстан жерінде туып-өскен философ әрі энциклопедияшы ғалым мұсылман шығысында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» ретінде белгілі болған Әбу Насыр әл-Фараби. Дүние, әл-Фарабидің көзқарасы бойынша, материалдық элементтерден құралатын заттардан тұрады. Қозғалыс – денелердің қасиеті. Заттардың өзінде қозғалыс мүмкіндігі бар. [3, 71]

         Сана туралы ілім әл-Фараби философиясындағы маңызды жетістіктердің бірі. Ол адамның санасы мен болмысының бірден бір бастамасы құдайдың құдіретімен болған деген обьективтік-идеалистік түсінікке негіздеп, адамның санасы мен болмысындағы диалектикалық бірлігін ашты. Әл-Фараби жер бетіндегі дүниеге іштей тән және дүниенің заңдылықтарын анықтап отыратын «әрекетті сана» туралы тұжырым ұсынды. [3, 71-72]

         Әл-Фараби ғылымның методологиялық мәселелеріне ерекше мән берді. «Ғылымдардың шығуы» деген трактатында ол ғылым дінге тәуелсіз деген тұжырымға сүйенді. Табиғат өз алдына дербес, оның себептері өзінің сипаты бойынша табиғи түрде болатынын атап көрсете отырып, құдайды тек қана әлемнің жаратылуында алғашқы себепшісі ретінде ғана бар деп білді. Әл-Фараби жаратылыстану, математика ғылымдарына зор көңіл бөледі. Оның математикалық астрономия, музыканың, физикалық-математика теориясы, сондай-ақ геодезия мен архитектураның математикалық негіздері жөнінде бірқатар іргелі зерттеулері бар. Әл-Фараби философиясының негізі – аристотелизмдік эманация туралы неоплатондық іліммен ұштастыру болып табылады. Оның философиясының бірегей, дербес сипатына ешкім күмән келтірмейді. Негізінен идеалист бола тұрып, әл-Фараби материалистік пікірлер де айтқан. Мәселен, ол ең жоғарғы дүниенің бар екенін және оны түйсік арқылы танып-білуге болатынын мойындаған, адамның жанын денемен байланысты қараған. Нақ осы себептен де мұсылман дін басылары философты діннен безген деп те кінәлаған. [3, 71]

         Жүсіп Баласағұни, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында “Құтадғу білік” (“Құтты білік”) дастаны арқылы қалды. [4]

         Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул-мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман мулук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул-мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеуметтік рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. [4]

         Жүсіп Баласағүниның “Құтты білігінде” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Жүсіп Баласағүни ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағүнидың қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеуметтікфилософиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. 

         Жүсіп Баласағұнның бұл дастанында адам мәселесін басты назарға алып отыр. Онда адамның жетілуі, кемелденуі туралы, жалпы елді басқару мәселесі жайлы айтылған. Жүсіп Баласағұн бұл дастанды Қарахан әулетінен шыққан Табғаш Қара Боғраханға арнады. Еңбекте ел басқару ісін, елге билік жүргізудің ережелері мен тәртібін, қоғам мүшелерінің мінез-құлық және әдеп-ғұрып нормаларын атап көрсетті. Жүсіп Баласағұн өмір сүрген уақытта Қарахан мемлекеті үлкен аумақты алып жатса да, мемлекетті басқару тәртібі, адамдардың құқықтарын айқындайтын заңдар болмады. Mіне, eлдегі оcы олқылықтың орнын толтыру мaқсатымен Бaласағұн өзінің «Құтадғу Білік» дастанын жазды. Онда тек әлеуметтік-этикалық ғана емес, сонымен бірге орта ғасыр ойшылдарының рухани ізденістеріне тән көптеген философиялық мәселелер көтеріледі. Осыған байланысты А.Н. Кононов дұрыс атап өтті: «Өзінің барлық моральдық бағыты үшін «Құтты білік» – бұл этикалық және дидактикалық нұсқаулар мен ілімдердің кітабы емес. Бұл адамның қоғамдағы мәні мен мағынасын талдайтын философиялық жұмыс». [5]

         ХІ ғасырдағы белгілі тұлғалардың бірі – Махмұд Қашқари. Махмұд Қашқари, толық аты Махмұд ибн әл-Хүсейн ибн Мұхаммед әл-Қашқари (1030-1090) Қашқарда туса керек. Авторлардың айтуынша, Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Махмұд түріктердің тілі мен ауыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет-ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап 1074 жылы «Диуани лұғат-ат-түрік» («Түркі тілінің сөздігі») деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ежелгі орта ғасырдағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады. Осы шығармасымен автор тіл білімі тарихында үлкен үлес қосты. Махмұд Қашқари өзінің кітабында түркі тілдес халықтардың тарихын, тұрмысын, мінез-құлқын, сондай-ақ сол заманның табиғи-ғылыми түсініктерін зерттейді. [3, 73]

         М.Қашқари энциклопедиялық жан-жақты терең білімді,  нағыз тіл маманы болған ғұлама. Оның «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегі түркі тілдес халықтардың ойлау логикасы мен өмір сүру дағдысының, тұрмысының, тарихының ғана емес, сонымен қатар,көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін зерттеп, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіретін, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайтын өзіндік философиясы. Жалпы оны – мәдени-әлеуметтік, адамгершілік және діни қарым-қатынастарды қамтыған туынды деуге болады.

         Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, мұсылман әлеміндегі ғұлама ойшылдардың бірі, философ, сопы ақындардың ішінде Ахмет Яссауидің (1103-1166) шығармалары елеулі орын алады. Оны Қожа Ахмет Яссауи деп те атайды. Ол Оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам мен мұсылман дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Қожа Ахмет өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Оның өлеңмен жазылған «Диуани хикмет» («Даналық жайындағы кітап») деген еңбегі ерекше бағаланды. Ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты, имандылықты уағыздаған Қожа Ахмет бір өлеңінде былай дейді:

                    Қожа Ахмет басыңды елге ие біл,

                    Ақиқатты ары таза сүйе біл.

                    Дүниеқорлар кетсін бықсып өзімен,

                    Халық қана дүниеге ие бұл. [3, 73-74]

         Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес.Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. [6]

         Қожа Ахмет Яссауидің “Диуани хикмет” еңбегі бізді имандылыққа, жоғары адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейтін құдіретті күш десек қателеспеген болар едік. Еңбегінде ол гуманистік құндылықтарды жоғары бағалайды. Жәнe адам, қоғaм мәсeлелеріне де aйрықша назар аударған. Ол қарапайым халыққа үстемдік еткен бектер мен әмірлердің әділетсіз билігін сынайды. Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикмет – бұл адамдық құндылықтардың ең жоғарғысы.

         Аты аңызға айналған сопы, ақын, ойшыл, ғұлама, Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті Хакім ата деген атпен елге есімі белгілі Сүлеймен Бақырғани. Сүлеймен Бақырғанидің көпке танымал, басты еңбектері «Ақырзаман» және «Бақырғани» еңбектері. Бұл еңбектерде этика, эстетика, тазару, тазалық, адам жанының үндестігі туралы мәселелерге көңіл бөлінеді. Ұстазы Қожа Ахмет Яссауидің көзқарасын ұстанып, одан әрі қарай өз ой тұжырымдамаларын жасап, дамытқан. [3, 74]

         Ақынның хикмет – жырлары кезінде қазақ ақын – жыраулары поэзиясында кеңінен тараған ақыл — өсиет айту сарынындағы жыр – толғау үлгісінен үндес болып келеді. «Бақырғани кітабы» негізінен бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде шартты түрде көңіл күй жырлары деуге болар еді. Ал екіншісі – сопылық идеясын насихаттауға арналған дидактикалық – философиялық өлеңдері, үшіншісі – Алланы мадақтауға арналған жырлар («Мечроне – наме») төртіншісі «Ақыр заман көріністері» дастаны, бесіншісі – «Бибі Мариям» толғау. «Бақырғани кітабының» басты идеясы – оқырманның ізгілікке, имандылыққа, руханитазалыққа үндеу. Ол адам Алланы толық танып – білгенде ғана нағыз рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жете алады ден айтқан болатын.

         Бақырғани шығармасының соңында Сүлеймен Бақырғани әдемілікті 3 түрге бөліп қарастырған.

1. Абсолютті өзгермейтін Алла сұлулығы;

2. Жаратылыс сұлулығы немесе Құдай сұлулығының шағылысып түскен жердегі көрінісі;

3. Рухани сұлулық.

         Адам жерге Алла арқылы рухани сұлулыққа жету үшін жіберілген. Философияның түсінігінше, шынайы өмірдің негізін адамгершілік, демократия, әлеуметтік әдемілік құрайды. Міне, осы ойлардың бәрі сопылық ілімнен бастау алып жатыр. Дәлірек айтқанда, өз ұстазы Қожа Ахмет Ясауи көзқарасын ұстанып, оны ілгері дамытқаны ақиқат. [4]

         Қорыта айтқанда Қарахан мемлекетінің дәуірі кезінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдай түркі тайпалары арасында тарихта қайталанбас көптеген дара тұлғалар, ақын, ойшыл, ғұлама, сопы, тарихшы, философтардың шығуына зор ықпал жасады. Сол дәуірдегі әл-Фарабидің шығармашылығы орта ғасырлық «шығылысты ренессанс» дәуіріне кірген Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу біліг», Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат-ат-түрік», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабы»  тәрізді тарихи тұлғалардың еңбектері сол дәуірдің ғана емес, қазіргі кезге дейін ерекше орын алатын шығармалардың бірі болып табылады. Сол кездегі бұл философиялық  шығармалар біздің мәдени мұраларымыздың сақталып қалуына ықпалдарын тигізді. Тек түркі халықтарының ғана емес, бүкіл өркениетті әлем мәдениетіне қосқан үлестері көп болды.

         Сөйтіп, Қарахан мемлекеті тұсында дәлірек айтсақ, Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Яссауи және Сүлеймен Бақырғани сияқты өзінің шарықтау шегіне жеткен ақыл-ой алыптарының дидактикалық, эстетикалық, философиялық ой тұжырымдары өздері өмір сүріп отырған дәуірдің адамгершілік нормаларын, моралін, этикасын, эстетикасын философиялық тұрғыдан өзек ете білді. Олар кейінгі ұрпаққа көптеген өшпес тарихи-мәдени мұралар қалдырды.

Әдебиеттер

1. Махмұт Қашқари. Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік): 3 томдық шығармалар жинағы / Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А. ЕГЕУБАЙ. — Алматы: ХАНТ., 1997 ж., 595 б.
2. Н. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіне талдау Ш. Абдибай
3. Жұмақаева Б. Д. Қазақстан тарихы: оқулық: – Алматы: «Эверо» баспасы, 2015 – 320 бет.
6. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *