Бүгінгі білім саласындағы олқылықтар
БҮГІНГІ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР
(Эссе)
Бүгінгі білім саласындағы басты олқылық – білімге деген қызығушылықтың
жетіспеушілігі. Қазір тек мұғалім болып көріну үшін немесе сағатынан айрылып қалмау
үшін, мұғалім болып жүрген адамдар мен амал жоқ оқып жүрген оқушылар өте көп.
Білім беруші де, алушы да білімге мұқтаж болғандықтан, ізденуге деген қызығушылық
басты орында тұруы керек. Нағыз білімпаз ұстаздар мен оқушылар жоқ емес, бірақ олар
аз. «Мұғалім – мектептің алтын жүрегі» болғандықтан, барлық күш ұстаздарға түсетіні
жасырын емес. Ендеше «олқылық» тудырмаудың қандай шаралары бар? Қайтсек білім
сапасын жақсартуға үлес қоса аламыз? – деген сұрақтарға өз ұсыныстарымды айта
кетейін:
Қарым-қатынас. Елімізде мектеп мұғалімдеріне ең алдымен оқушыларға деген
толыққанды махаббат пен мейірім, шынайы жанашырлық жетіспейді. Алдында
отырған әр шәкіртінің жүрегінен қайтсе де орын алып, оқушылармен әдемі
қарым-қатынас құра алмаған мұғалім, өз пәніне оқушыларды ғашық ете алмайды.
Оқушы алдымен мұғалімді қабылдайды. Мұғалім жүрегінен орын ала алса, сол
мұғалім беретін пәнді сүйіп оқып, болашақта ұстаз болуды ниет ете бастайды.
Демек қарым-қатынас – «осы пәнді, осы мұғалімді жек көремін» деген олқылықты
жояды.
Еркіндік. Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын басты назарда ұстап,
оларға барынша еркіндік беріп, оқулықтағы мәтіннен бөлек шынайы өмірде болған
немесе кездесетін жағдаяттармен байланыстыра, мысалға сол сыныптағы
оқушыларды келтіре отырып тақырыпты ашу – ең өтімді тәсілдердің бірі. Білім
берудегі басты мақсат – тұжырымдаманы жаттату емес, тұжырымның қалай жұмыс
істейтінін көрсету. Өкінішке орай бізде, білім саласындағы тест сұрақтары түгелге
дерлік жалаң тұжырымдар мен айтулы даталарға, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды
жаттатуға ғана негізделген. Ал сол оқиғалардың шығу себебі мен тарихта ұлы
бетбұрыс жасаған адамдардың шын өмірдегі келбеті, тәрбиесі, адами болмысы,
әдеттері мен мінез-құлықтары, жағымсыз бет-бейнесі ешқашан талқыланбайды.
Сол себепті оқушылар оқулықтағы адамдарды өзге ғаламшарлық тұлға ретінде
қабылдап, өздері олардан да керемет дүние жасай алатындықтарына сенбейді.
Мысалы, орыс әдебиетінен Пушкин туралы өткенде, оның көптеген өлеңді
тапсырыспен ақшаға жазғанын. Егер оның жиі ғашық болып қалатын тұрақсыз
сезімі болмағанда, махаббат туралы көптеген өлеңдері, әсіресе «Татьяна мен
Онегиннің хаттары» өмірге келмейтіндігін оқушыларға ашып айту, Пушкинді терең
зерттеуге қызықтырмаса, алыстатпас еді. «Бейбітшілік» туралы тақырыпты сөз
еткенде, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі масқара болып, «неміспін» деуге
ұялатын Германия мен «албасты» ел атанған Жапония туралы мысалдарды келтіріп,
осы елдердің әлем алдында қайта абыройлы, бейбіт, алдыңғы қатарлы дамыған ел
болуының құпияларын айтсақ, нағыз бейбіт өмірге қалай жетуге болатындығын
балалар шынайы ұғынар еді. Бұл жердегі олқылық – біз тәуелсіз Қазақстанды,
елбасы мен толеранттылықты ту етіп, құрғақ ұрандата беруіміз. Бізге тәуелсіздікті
ғана абырой санап, тарихтағы ақтаңдақтарды айта беру тағы неше жылға созылады?
Одан гөрі мектеп бағдарламасына қазіргі заманғы өнертапқыштар мен ғалымдар,
жай ақын-жазушылар емес, ұлттық идеологияға ғылым-білімді ұштастыра жырлауға
үлес қосқан ақын-жазушыларды неге енгізбеске?!
Сыни ойлау. Біз оқушылардан білім талап етеміз де, сын айтпауларын қатаң
қадағалаймыз. Кей мұғалімдер жай ғана қолайына жақпаған оқушыларды қырына
алып, ашық дұшпандыққа көшетін кездері де кездесіп қалып жататынын
әлемжеліден көріп жүрміз. Сол себепті әр мұғалім айына бір оқушылардан
жасырын сауалнама арқылы өз кемшіліктерін сұрап отырса, әрі сауалнама
нәтижесінен дұрыс қорытынды шығарса, ең үздік ұстаз болуға ұмтылар еді. Әрі
мұғалім мен оқушы арасындағы кикілжің ұлғайып, оқушы мұғалімді бейнежазбаға
түсіріп, халыққа мәлім болмас еді. Сыннан қорқу, құлағымызды жауып алып, тек
мақтау естігенде ғана ашу – ең үлкен олқылық. Егер біз оқушы алдында сынды
өзіміз әдемі қабылдап, сол сыннан қорытынды шығаруды үйренсек, оқушылар да
сынды дұрыс қабылдап, көркем түрде нәтиже шығаруға дағдыланар еді.
Кешірім, мейірім. Кейде оқушылар арасында түсініспеушіліктер мен ұрыс-керістер,
бір-біріне деген кереғар қарым-қатынастар орын алып жатады. Мұғалімдер мен ата-
аналар қауымы осы кезде не адвокат, не прокурор рөліне кіріп аламыз да, балаға өз
ісіне есеп беріп, терең ойлануға, өз кінәсін түйсінуге мүмкіндік бермейміз.
Оқушыны бас салып ұрса бергенше, неге үй тапсырмасы ретінде бүгінгі жағымсыз
жағдайға душар болғанын талқылап келуге тапсырма бермеске? Өзі шешімін таба
алмаса, ата-анасынан сұрасын. Ол кісілер де шешімін таба алмаса, өзіміз түсіндіріп
даналықпен, кішіпейілділікпен, сыныптасына кешірім жасап, мейірім көрсетуге неге
ынталандырмасқа? Балаға қоғаммен қарым-қатынас жасауды, адамдармен
ренжіспеуді мектеп кезінен санасына сіңіріп, үлкен өмірге мейірімді, адамгершілігі
мол тұлға дайындасақ, болашақ отбасылардың ажырасуының да алдын-алған болар
едік.
Тазалық. Бұрын оқушылар мектепте кезекші болып еден жуып, тоқсан сайын толық
тазалық жасайтын. Өз партасындағы қаламмен жазылған шимайды, сабын жағылған
шүберекпен зорға ысқылап кетірген бала, келесі жолы партаға жазбайтын. Қазір
тақта сүртетін шүберекті ұстауға жиіркенетін ұрпақ пайда болды. Олар үшін еден
жуатын апайлар екінші деңгейдегі адамдар іспетті. Қағып-соғып, амандаспай,
төбесінен қарап өте шығады. Егер білім министрлігі мектеп тазалығын толығымен
оқушылардың мойнына жүктеп, көнбегендерге қатаң шара қолданса, үйде анасына,
жұмысында әріптестеріне, болашақта жарына көмектесуден арланбайтын ұрпақ
шығар еді.
Ата-аналармен жұмыс. Мектеп қазір ата-аналарға есігін тарс жауып алған.
(Әсіресе үлкен қалалардағы үш ауысымды мемлекеттік мектептер). Ата-ана баланың
сабағына қатысу үшін, ай немесе апта бұрын өтініш беруі керек. Бұл – баласының
сабағына қатысып, білім сапасын қадағалауға деген қызығушылығы бар ата-
аналарға жасалған қиянат. Біз мектепте оқып жүргенде, ата-аналарымыз ешбір
ескертпестен сабағымызға қатысып, қалай оқып жүргенімізді өз көздерімен көретін.
Сол себепті оқушы да, мұғалім де сабаққа аса жауапкершілікпен қарап, түрлі
жағдайға дайын болатын. Ал ата-анасы мектептегі жағдайынан бейхабар оқушы, не
сабағына ешкім қатыспайтындығына сенімді ұстаз, арқасын кеңге салып,
дайындығы төмен болуы жиі кездесетін жайт. Ал білім сапасына кері әсер ететін
әр тиым – орны толмас олқылық.
Оқулықтар жайлы. Өкінішке орай оқулықтардағы көптеген тақырыптар қазіргі
заманда пайдаға жарамайды. Сондықтан әр тақырыпты заман ағымына қарай
негіздеп, шынайы өмірде қолдануға келмейтіндерін өзгертсе. Мысалы, қазақ тілінен
«сөз таптары» мен «сөйлем мүшелерін» өткенде, қарапайым жаттығуды ғана
талдатпай, заман талабына сай «жарнамалық мәтіндер» мен «сатылым әкелетін
жазбаларды» талдатсақ, сөз құдіретін терең ұғындырып, сауатты да қысқа-нұсқа
жазуға бейімдесек, мектеп бағдарламасына қосымша «копирайтер» мамандарды
дайындап шығар едік. Қазір атақты журналистер мен блогерлердің өзі мазмұны
тартымды болғанымен, мәтіні «калькаға» толы, сауатсыз жарияланымдарымен
ғаламторды толтырып тастады. Бұлай кете берсе бар сын тағы мектеп ұстаздарына
айтылуы сөзсіз.
Тәлімгерлер мен жас мамандар жайлы. Әр мектепте бірлестіктер, тәлімгерлер
мен жас мамандар бірлесіп жұмыс жасайды. Бірақ ынтымақтасып жұмыс талдап,
бір-бірінің сабағына күніге кезектесіп кіріп, кемшіліктерін тұспалдап айтып,
шабыттандырып, жігерлендіріп, қолдап жүретін топтар өте аз. Мектептерде осындай
топтар көптеп құрылып, бірлесе жұмыстанып жүрген «үштіктер» (одан аз да, көп те
болмаса) арасында сабақ талдаудан жарыстар өткізіліп тұрса, сабақ сапасы бірден
жоғарылар еді. Мұғалімдер – жеке жұмыс жасап, көлеңкелі өмір сүретін
кәсіпкерлер емес. Егер біз мектепке жаңа келген жас маман болсақ, алдымен әр
тәжірибелі мұғалім ақыл айтып, өздерінің сабақтарына қатыстырса. Сабақты түгел
бейнежазбаға жазып, соңында қай жерінде қандай қателік, қандай артықшылық
болғанын бірлесе талдаса, апалы-сіңлідей бірлесе жұмыс істеп, келесі сабақты
бүгінгіден де жақсырақ өткізуге талпынса, ешқандай олқылыққа орын қалмас еді…
Өкінішке орай, біз сабақтың жақсы өтуін тек әдіс-тәсілдер мен пайдасыз
ойындарға ғана негіздеп, нағыз қажетті құндылықтарды назардан тыс қалдырып
жатамыз.
Тікебайтегі Гүлмекен
«Тіл дамыту» үйірме жетекшісі
«АйСаф» жеке қыздар мектебі
Жаңатұрмыс ауылы
Қарасай ауданы
Алматы облысы
Уатсап:+7700230 36 25