“Мектепке жол” – болашаққа жол
Қазіргі жаһанданған жаңа заманда дамыған мемлекеттердің арасынан ойып орын алуға Қазақстанның кең -байтақ жері мен мол байлығының ғана көмегі аз екені баршамызға мәлім. Бұл жолда ерекше қарқынмен дамып келе жатқан ақпараттық-технологиялық білімнің көз ілеспес жылдамдығына ілесетін білімді ұрпақтың болуы маңызды. Мұны әр бір болашақтан үміті бар, өз елінің өсіп өркендеуін қалайтын азамат түсінеді деп ойлаймын. Рас, осындай қарқынды дамудың көшіне ілесе алмай, тұрмыстың төмендігіне сілтеп, тұралап отырғанымыз да белгілі. Мұндайда маңыздысы қолдың қысқалығына қарамай, тап болған өмірдің қиын жағдайларына қарамай білім алуға ұмтылуды санаға сіңіру керек. Осы орайда, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жылда өткізіліп, дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясын республикалық деңгейде, әр бір елім деп соққан жүрегі бар азаматтарға бағыттап, «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен жүргізілуін қажет деп тапты. Акцияның мақсаты: жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету; баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу; жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады. Науқанға кез келген адам қатыса алады: еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады. Балалардың жаңа оқу жылына дайындығына кез келген адам көмектесе алады. Осылайша, әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын алуға баршамыз ат салысамыз.
Біздің №109 мектебімізде №64 қаулының өзгерістер енгізілген №949 бұйрығына сәйкес санаттарға жататын отбасы балаларына жалпыға білім беру қорынан мектеп формасына арнайы қаржылай көмек берілді. Әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың тізімдері жасалған. Әлі де қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Ол үшін сынып жетекшілеріне немесе мектептің әлеуметтік педагогының жеке номеріне хабарласып өз жағдайын түсіндірсе болғаны.
Сонымен қатар, қайырымдылыққа жақын, жоқшылыққа бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созамын десе де №109 мектеп әкімшілігі қуана күтеді.
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық! – деп Ыбырай атамыз айтқандай алдымызда келе жатқан 1 – қыркүйек «Білім күніне» мақсатты, бақытты балаларды қарсы алып, санасы материалдық жағдайға байланбаған еркін ойлы азаматтарды қабылдап, оқытып-тәрбиелейік!
№109 ЖББ мектеп әлеуметтік педагогы А.Ж.Карибекова