БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІС- ӘРЕКЕТІН ҚОЛДАНУ
Азирахмет Әсемгүл Байболсынқызы
Менің жұмыс істеген тобым 2019 жылдан бастап «Тілдік ортаға бойлау» эксперимент қатарына енді. Топқа келген балалардың тілі орыс тілді болғандықтан, қазақ тілінде сөздік қорлары аз, қойылған сұрақтарды толығымен түсінбеді, қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп, құрдастарымен қарым-қатынасқа орыс тілінде түсті. Заттық атауларды меңгеріп ажырата алғанымен, сөздерді бір–бірімен толықтай байланыстыра сөйлеу барысында ересектердің көмегіне жүгінді. Отбасында ата-аналарымен орыс тілінде қатынасқа түскендіктен, балаға тілді меңгеруде қиындықтар туындады. Бақылау барысындағы нәтижеге сүйене отырып балалармен жеке, топтық, ұжымдық және ата-аналармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп отырды.
Тілге бойлау әдісінің қағидалары:
Бір педагог – бір тіл;
Тілді үйрету үшін табиғи жағдайларды пайдалану;
Ойын, түрлі белсенді әдістер мен тәсіл,қозғалыстар мен мимика арқылы тіл туралы түсінікті сақтау;
Балалардың қателіктеріндегі қателікті қателік деп айтуға болмайды;
Қарапайымнан күрделіге қарай принципті сақтау;
Ата-аналарды баланың дамуына қатысты мәселелерді шешуді талқылауға тарту баланы шабыттандырып, сөйлеп тұрған тілге сөйлеуге ынталандыру.
Сурет бойынша әңгімелеу, сөз тіркестерін дұрыс айта білуге жаттықтыру, сұраққа толық сөйлеммен жауап беруге, дидактикалық ойындар, түрлі тақырыптағы «Лэпбук», мазмұнды-рөлдік ойындар ойнау арқылы, балалардың сөздік қорлары дамыды. Тілге бойлау әдісінде «Сөйлейтін қабырға», «Жаңа сөздер», «Сөздіктер»,«Бес қадам», интеграциялық іс-әрекетті және басқа тиімді әдіс-тәсілдерді қолдандым. Баланы қызықтыру және сөйлету үшін «Стоп кадр», «Фрейер моделі», «Тостаған», «Гештальт» әдіс-тәсілдерін пайдаландым. Балабақшамызда үнемі жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды үйрену мақсатында вибинарлар мен семинарлар ұйымдастырылып отырады.
Санамақтар, тіл ұстарту жаттығулары арқылы, апта тақырыбына байланысты өлең шумақтарын жаттау, серуен барысында, күн тәртібі кезеңдерінде жаңа сөздерді қайталау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өз тәжірибемде театр түрлерін кеңінен қолданамын. Баланың тілін дамытуда, «Саусақ», «Көлеңке» театры, «Пантомима», «Би-ба-бо» театры, «Тантамарески», «Қасық» театры, «Пима», «Орамал», «Қолғап», «Фартук» театрлары және т.б. театрдың алатын орны ерекше екенін білгеннен кейін, күнделікті қолданысқа ендіріп отырдым.
Осы театр түрлерін қолдана отырып, шығармашылықпен ұштастырдым. Баланың тілін дамытуда, тіл байлығын кеңейтуге мүмкіндік туғызатын шығармашылық әдістердің бірі ол– «Бусоград». Себебі, балалардың ұсақ моториканың дамуы саусақтардың қимылын үйлестіруге, сөйлеу белсенділігін дамытуға мүмкіндік береді.Олар ертегі кейіпкерлерін моншақ арқылы бейнелеп, дыбыстық жаттығулар жасап, ертегі желісімен безендіре отырып, жаңа ертегі құрастыра білді.
Балалардың өздері қойған сахналық көріністер, олардың ой өрісін-кеңейтеді, ата-аналарына, жолдастарына қойылымдар, спектакльдер туралы әңгімелеп беруге итермелейді. Бұның бәрі сөйлеу қабілетінің дамуына, диалог түрінде сөйлеуге, өзі алған әсерін монолог түрінде айтып, жеткізуге себебін тигізеді. Ертегілер дүниесіне сапар шегу, балалардың қиялдау, елестету, тіпті өздерінің ойдан шығару қабілетін дамытады. Балалар нағыз театр өнеріндегідей айшықты құралдар көмегімен дауыс ырғағының, бет-әлпетінің өзгеруі, қол қимылдары, дене бітімінің жағдайымен жүріс-тұрысы арқылы нақты бейнелерін қалыптастырды.
Мысалы: «Түлкімен қоян» ертегісін алайық.
Бірінші қадам: Ертегіні оқып, «Стоп –кадр» әдісін қолдана отырып, видеотаспа арқылы, әртүрлі әдістермен дауыс ырғағымды өзгертіп, баяндап беремін.
Екінші қадам: Ертегі кейіпкерлерінің атауымен байланыстыра отырып, тіл ұстарту жаттығуларын жасайды.
Мысалы:
Кі-кі-кі- қу түлкі,
Ян-ян ян.
Қорқақ қоян
Теш-теш- теш,
Шақырды әтеш т.б
Қазіргі таңда балалар тіл ұстарту жаттығуларын сөздің соңғы буынын алу арқылы өздері құрастырады.
Үшінші қадам: Ертегіні байланыстыра отырып, балалар ритмикалық өлең жолдарын жаттайды.
Мысалы:
Түлкі, түлкі, түлкішек,
Неге, бәрін алдайсың ?
Айдарлы әтеш келеді,
Сазайыңды береді.
Төртінші қадам: Балалар ертегі кейіпкерлерін сомдауға сахнаға шығады.
Сахнада балалар кейіпкердің жүріс-тұрысын, іс-қимылын салады. Барлық бала сахнаға шыққанды ұнатады. Қазақ тілінде сөйлеу барысында ұялатын балалар сахнаға шыққанда ашылып, барынша образға кіруге, өз ойын дұрыс жеткізуге ұмтылады. Осы тұста топтағы тұйық- ұяң мінезді балалар ашыла бастады.
Мысалы: Адина, Түлкінің киімін киіп сахнаға шықты.
Педагог сұрақ қояды:
-Балалар түлкі қандай ?
-Түлкінің түсі қандай екен?
-Түлкі қалай жүріп келеді?
-Түлкінің құйрығы, қоянның құйрығына қарағанда қандай ? т.б
Балалар ертегі кейіпкерлерін сипаттайды, мінез-құлқын айтады.
Міне, осындай сұрақтар қоя отырып, балалардың сөздік қорын толықтырамыз, бастапқыда баладан толық жауап талап етіп, баланың ашылуына кедергі болмау керек, алғашқыда, бір-екі сөзден тұратын жауап алсақ, уақыт өте келе төрт-бес сөзден тұратын сөйлем, толық жауап алатын боламыз.
Бесінші қадам: Өткен ертегі түрлеріне байланысты түрлі диакикалық ойындар ойнатамыз. «Ертегіден үзінді айт», «Ертегіні жалғастыр», «Ертегіні тауып айт», «Ертегі құрастыр», «Ертегіні басқаша аяқта» т.б
Алтыншы қадам. Балалар ертегіні жоғарғыда көрсетілген театр түрлері арқылы рөлдерге бөлініп сахналайды. Осы тәсілдерді қолдану барысында тек «Түлкі мен қоян» ертегісінен балалардың сөздік қорына 60-65 жаңа сөздер қосылады.
Ертегіні мазмұндау, талдау 10 сөз
Ертегі кейіпкерлерін сипаттау 8 сөз
Тіл ұстарту жаттығуы 9 сөз
Ритмикалық өлең жолдары 7-9 сөз
Ертегіні сахналайды 15-17 сөз
Дидактикалық ойын 15 сөз
Сөздік қоры 60-65 сөз
Мектепалды даярлық тобымен аптасына, екі-үш жаңа ертегімен таныстырып, сөздік қорларын жаңа сөздермен толықтырып отырамын.
Қазіргі таңда балалар сөйлемді толық айтады, қарым-қатынасқа қазақ тілінде сөйлей алады, әңгіме мазмұнын түсінеді, ертегіні өздігінен айтып бере алады. Ертегі желісін баяндап береді, сахналайды. Жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, түрлі тақырыптағы өлең жолдарын жатқа айтады және ажыратады. Қазақ тіліндегі сөздік қорлары молайып, мерекелік ертеңгіліктерде өздері жүргізуші болып, кейіпкердің рөлдерін еркін сомдап шығады.