Бала тәрбиесі – басты міндет

Есеркеева Клара Дамировна

Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Әке менен шешенің ата-аналық үлкен міндеті де сәбидің анасының бойына бітуімен басталады. Ал өмірге бейімдеу, қоршаған ортаны тану, қоғаммен қарым-қатынас жасауда педагогтардың жауапкершілігі басым.

“Адам ұрпағымен мың жасайды” деген даналық сөз бар. Расымен, адамзаттың ең үлкен жемісі-салиқалы, тәрбиелі ұрпақ. Баласы жақсы болғанға ғана дүние кең. Баласы нашар, жаман қылыққа бейім болған ата-анаға дүние тар, көңілде уайым, жүректе үрей басым болады. Сол үшін де, баланы өмірге әкелместен алдын, ата-ана өз-өздерін тәрбиелеп үлгергені абзал.

Мағжан Жұмабаевтың: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деген сөзінен-ақ көп ой түюге болады. Сәби өмірге келгенде сондай пәк, ештеңеден хабарсыз, ақ пен қарадан хабары жоқ күйде келеді. Одан қоғамға пайдасы тиетін үлгілі ұрпақ шығару немесе қоғамға зиянды адам етіп шығару тікелей өзімізге байланысты. Балаға ұрлық жасама, өтірік айтпа деп ақыл айтпастан алдын, ата-ата бойларын сол нәрседен өздері де ада еткені дұрыс. Себебі баланы тәрбиелеудің қажеті жоқ, бала бәрібір сізден көргенін қорек етеді. Баланың өзі губка сияқты, ата-ананың бойынан нені көрсе, оны таразыға салмастан сіңіріп алады. Сол себепті де, ең алдымен өзімізді, сөзімізді, әрекет пен амалдарымызды түзесек, ұрпағымыздың жаман болмасы анық. Бала жақсылық жасауды, адамдарға құрметпен қарауды, бауырмал болуды ата-анадан үйренеді. Ата-ана балаларының арасын бөліп-жармай, әрдайым қолдау мен махаббатты бере алса, рухани сау бала қалыптасады.

Қазіргі уақыттағы кемшіліктердің бірі – балаға қажетінше уақыт бөлмеу. Баламен үнемі терең әрі тығыз байланыс орнату – тәрбиенің әмбебап шарты. Бұндай байланыстар балаға қай жасында болса да керек. Әсіресе,  есею шағында. Ата-ананың жеткілікті көңіл бөлуі, қандай да бір істерді жасауда сенім білдіруі, қателік жасағанда сындырмай, қолдай білуі, балаға маңызды болған істерде оған мотивация беруі баланың тұлғалық дамуы үшін өте маңызды істердің бірі. Өзгелердің сөзінен, әке-шешенің: “Сенің қолыңнан келеді, құлыным”, “Мен саған сенемін”, “Мен сені мақтан тұтамын” деген сияқты  сөздері бәрінен де жоғары тұрады. Баланың ата-анасымен тығыз байланысты болуы, ата-ана махаббатын, қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді. Баланың үйдегі көргені, ата-анасынан, жақын туыстарынан естігені – олардың тәрбие мектебіне қалаған ең үлкен кірпіші.

Абай атамыздың жетінші қара сөзінде былай дейді: “Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады.Біріншісі — ішсем, жесем,ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды,hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене ?”, “бұл немене?” деп, “ол неге үйтеді?”, “бұл неге бүйтеді ?”деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі “жан құмары,білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен”.  Баланың тамақ ішу, ұйықтау сияқты тән рахатымен қатар, оған жылулық, махаббат, сүйіспеншілік жан құмары да ауадай қажет. Оның бойын осы нәрселермен сусындатпай, тәрбиенің түпкі мақсаты орындалды деу бос әурешілік. Бұл тек ата-анаға қатысты емес, ұстазға да тікелей байланысты міндеттің бірі.

Ұлттың болашағы – ұрпағы, ұрпақ тәрбиесінің бір жауапты адамы – ұстазы. Ұстаздың мұраты – өзіне сенімді, білімді, толыққанды азамат тәрбиелеу. Педагог білімді, еңбекқор, бала жанын түсіне алатын, оқушының бойындағы қабілетін ашып, талантын танитын болса ғана ұстаздық кәсіптің шыңына жете алады. Адам баласы алған тәрбиесін өз мақсатына жету үшін білім кілті арқылы ашу арқылы пайдаланады. Тәрбие бар жерде мақсат бар, мақсат бар жерде білім басты қажеттілік болмақ.

Әрбір педагог алдына келген әр оқушының жауапкершілігін сезініп, оны тәрбиелеуде өзі үлгі болса, жүрегін махаббатпен жаулай отырып, жақсылыққа нұсқай білсе, қоғам жақсы адамдарға толы болар еді. Оқу-ағарту майданында еңбегі сіңген ұстаздар Абай атамыз айтқандай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздерді әрдайым көкейінде ұстаса, үйренуден жалықпайтын балалар көбейіп, жақсылықта жарысатын, ізденуден жалықпайтын, адамгершілікті бойына жиған жас ұрпақтар көбейер еді деген үміттеміз.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *