Ерікті болу – үлкен жауапкершілік
Құрбым екеуміз жазғы демалысты пайдалы өткізгіміз келді. Сабақтың аяқталуын асыға күткен біз үш айлық демалыста тынбай еңбек етуге дайын болдық. Жанып тұрған жастық шағымызды есте қалар қызықты оқиғаларға толтыру басты міндетіміз дедік. «Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар» дегендей, көп ұзамай Алматы жастарының шаңырағына айналған «Лига волонтеров» ұйымының барын білгенде төбеміз көкке жекендей болды. Бұл ұйым ауқымды жобаларымен ерекшеленетін еді.
Солардың бірі нашақорлыққа қарсы «Наркостоп» жобасы еді, бұл қаламызға біраз пайдасын тигізген жоба еді. Біз еріктілер тобына аяқ басқанда, ұзақ карантиннен кейінгі VI жартылай марафонға дайындық басталып кетіпті. Ерікті болу өзіңе үлкен жауапкершілікті алуды талап етеді екен. VI жартылай марафон белгіленген күні еріктілерге түнгі 03:00-де келіп, 06:00-ге дейін дайындық жүргізу тапсырылды. Бірақ бәрі ойдағыдай болмады. Менің әкем түнгі 03:00-де үйден жырақтап кетуіме үзілді-кесілді қарсы еді. Алайда түсінгенім алдына мақсат қоя білген жанда шектеу болмайды екен. Мен әкеммен аяғында бір келісімге келіп, ол маған ыммен рұқсатын бергендей болды. Тіпті ол өзі түн ортасында тұрып, мені жеткізіп салды. Түнгі 03:00 айнала қара түнек басқан әл-Фараби көшесінде бізден басқа бір жан жоқ. Еріктілермен музыканы бар дауысқа салып қойып, марафонға дайындықты бастап кеттік. Бұл құрбым екеуміздің алғашқы жобамыз еді. Өз-өзімізге сене алмай, жақсы көңіл күйде қалай сол күні 10 сағат қызметте болғанымызды байқамай қалыппыз. Басталуы тәтті болғанымен аяғы қатты болды. Таңғы 06:00, марафон жүргізушінің мотивациялық сөздерінен басталды, тізбектеліп құралған жүгірушілердің арасынан өнер адамдарын да байқамау мүмкін емес-ті. Бір қызығы Нұрлан Қоянбаев, әзілкеш Мейіржан Туребаев сынды тұлғалар мүгедек марафоншыларға қолғабыс болып, марафонның ойдағыдай өтуіне бірге атсалысып жүрді. Біздің көмегіміз 10-21км ат терлетіп жүгіретін марафоншыларды қарсы алып, қолдау білдіру еді. Соңғы 2 сағатта марафоншылармен бірге жүгіргендей шаршай бастадық. Құлаққа тағылған маскамен 456 марафоншының әрқайсысына медаль тағып құтты болсын айту, тамақ ішпеген бізді әлсіретіп жіберді. Не дегенмен жұмысымыз өз мәресіне жеткенде арқаңнан үлкен жүк түскендей күйде болады екенсің. 100-ге жуық еріктілер бір-бірімізді танымасақ та, жобаны бірге алып шыққанымызға әмпей-жәмпей болып, жылы сөздерімізді айтып арқамыздан қағып жаттық.
Міне, осылай ерікті болып жүргенімізге 3 жыл болыпты. Түйгенім, еріктілік ең бірінші жасөспірімдер үшін таптырмас мүмкіндік. Болашақта немен айналысарын білмей жүрген бозбалалар түрлі оқиғалардың куәсі болып, қоғаммен етене жақын араласқанда ол өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайды. Ең бастысы әртүрлі адамдармен сұхбаттас болып, қарым- қатынас орнатуды үйретеді екен. «Ең жақсы мектеп – өмір мектебі» деп Вольфганг Гете айтқандай, еріктілік мені қателік жасаудан қорықпай, өмірден үлкен сабақ алуды өмірлік негіз етті.