Ойыл ауданының біртуар азаматшасы, ақын Индира Өтеміспен кездесу «Сыр- сұхбат»
Мақсаты: Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Өткізілетін орны: мектептің акті залы.
Шақырылған қонақтар: жергілікті ақын Индира Өтеміс, облыстық әмбебап кітапханасының кітапханашылары, оқушылар, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер.
Мектебіміздің кіреберіс дәлізінде күй ойнатылып, ұлттық киім киген қыздар ақындарымызды салтанатты түрде қарсы алады.
Ұйымдастырушылар: А.А. Габдешева, Е.И. Елубай, мектеп кітапханашысы М.Ә.Данекерова.
Өтілу барысы:
Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі ұйымдастырылып отырған тәлімді адамдармен кездесіп, тәрбиесін танытар «Сыр- сұхбат» кешімізге қош келдіңіздер. Кешті бастамас бұрын бүгінгі сыр- сұхбаттың қонағы болар тұлғаны білу үшін өлең жолдарын оқимын, кім жайында екенін тауып көріңіздер!
Дара туған ауданның ол ақыны,
Әркез болып ел, халқының жақыны.
Жыр шумағын әуелете тербетіп,
Болған газет, журналдардың бар сәні.
- Өлең жолдары кім жайында?
- Дұрыс айтасыңдар балалар, олай болса, ақын апамыз Индира Өтеміс бүгін бізде қонақта. Қол соғып, қошеметпен қарсы алайық!
(Амандасу, қошемет білдіру, сәлемдеме ретінде концерттік бағдарламаны ұсыну)
1-жүрзуші: Қайырлы күн, қадірлі қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Данышпан қазақ халқы ақынға кенде болған жоқ. Поэзия әлеміне көз салсақ қазақ халқының арман — мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегіне жиналған, ақын өлеңдеріне арқау болған.
2-жүргізуші: Ойыл өлкесі – жырға бай. Қазақ өлеңіне үлкен үлес қосқан талай тарлан таланттар шыққан жер бұл. Ақ тары атасы – Шығанақ Берсиев, ғалым, түрколог, филология ғылымының докторы, профессор – Рабиға Сыздықова, академик, филология ғылымының докторы – Әнуар Дербісалин, медицина ғылымының докторы, медицина министрі болған – Ишанбай Қарағұлов, алғашқы балет әртісі – Нұрсұлу Тапалова, әскери ғалым, Тегеран конференциясының қатысушысы – Қуаныш Мәкіров, афсенд жылқысының тренері, ІІІ дүркін чемпионы – Кәрім Әсенов , «Ойылым менің» әнінің, «Ойыл вальсі»-нің авторы, композитор – Жолдыбай Айтқұлов секілді ірі тұлғалар, жыр жүйріктері мен лауазымды қызмет атқарған, қазақ жырының мерейін аспандатқан дала – осы. Атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал, талантты жерлес ақынымыз Индира Өтеміс «Сыр -сұхбат» атты кездесу кешімізде қонақта.
Би «Қазақ»
Қонақтарды қабылдау сөз кезегін мектебіміздің директоры Жанар Утегуловнаға береміз.
1-жүргізуші:
Өзіңде арман, сырларым
Жүрекпен жазған жырларым!
Арқауы өлеңдерімнің
Қоңыр бел, қоңыр қырларым!
2-жүргізуші:
Илансаң досым- жараным,
Ел мен жер – менің бал әнім!
Осының бәрін айғақтар,
Өлеңім- өмірбаяным!- деп жырлаған өлеңді жанына серік еткен ақын;
1-жүргізуші: Бірнеше жыр кітаптарының авторы;
2-жүргізуші: Ауданымыздың біртуар азаматшасы;
1-жүргізуші: Ақтөбе облысының құрметті журналисті Индира Өтеміс апамызбен бірге өткізгелі отырған сырлы сұхбатты кешімізге….
Екеуі бірге: Қош келдіңіздер!
1-жүргізуші:
Өмірім- өлеңім, өлеңім- өмірім,
Сол менің- бойыма дарыған қыдырым!
Сарқылмас сары алтын- сабырым,
Халқыма жетеді жер жарған дүбірім,
Мен соған сенемін
Жар болсын екі дүниеде де- бір өзі Тәңірім!
2-жүргізуші:
Мен – Ойылдың бір бұлағымын,
Жапанға біткен – бір дарағымын.
Әкемнің өшпей қалған бір шырағымын,
Халқымның тарихының бір парағымын.
Ахаң- Жахаңдай тұлпарлардың- бір тұяғымын- деп кешегі қазақтың кемеңгер, ғажайып ұлы тұлғалары, өлеңнің хас шеберлерінің ізін жалғаған Индира апамыз елімізді, жерімізді мөлдір судай сылдырап аққан сырға толы жырларымен сусындатып келеді.
1-жүргізуші: Олай болса, ардақты апа, сіздің құрметіңізге арналады. Қабыл алыңыздар!
Ән: «Шашу» Мусина Дильнара
2-жүргізуші:
Думанды, дулы дүрмекті
Балалық шағым сенде өтті.
Сынтасым,
Сырлы толқының
Бесіктей мені тербетті.
1-жүргізуші:
Халық- ердің аруағы,
Жанбас онсыз- ер бағы.
Болса халқым бақытты
Бақыттымын мен дағы.
Ән: «Достарым» Дуэт
1-жүргізуші: Ділдә, сен білесің бе, Шығыстың ұлы шайыры: «Ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді» деген екен.
2-жүргізуші: Ия, дұрыс айтасың Ерназ. Атақты Наполеон Бонапарт: «Феодализмді құртқан зеңбірек, адамзат пен қоғамның ендігі тағдыры қаламға байланысты. Қаламнан қуатты қару жоқ. Әлемді билейтін- сөз, сөзді билейтін- ақын» деген екен.
1-жүргізуші:
«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» дейді.
Ақын апамызға қандай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді.
Индира ханым, бізді сусындатар мәңгі сарқылмас жырларыңыздың алдында құрметпен бас иеміз!
Ән: «Туған жердің ұланымыз» Кулахметов Жандос
1-жүргізуші:
Бар мұрадан – қасиетті мұрам ең,
Данасың ғой, болар, әр кез дана кең.
Менің мөлдір, сұлу Ана тілімнің
Шырақшысы- сен аман бол, Қара өлең!
2-жүргізуші:
Қазағымның кең байтақ даласында,
Көп болсын, өзіңіздей дара тұлға.
Біз үшін мәңгі үлгі боласыз ғой,
Жыр жазып, мұра қылған Индира апа!
1-жүргізуші:
- Сіз балалардың сұхбатына шынайы, нақты жауап беруге дайынсыз ба? Олай болса, сізге сәттілік тілей отырып алғашқы сауалдарымыздан бастасақ…
(Оқушылар сауалы қойылады)
- Индира ханым, адам баласының өміріндегі ең тәтті кезең- балалық шағы ғой. Сол балалық дәуреніңіз қалай өтті?
- Индира ханым, сіздің қалам ұстап, шабыт тұлпарына мінуіңізге не түрткі болды?
- Индира ханым, бала кезіңізде кітапқұмар болдыңызба?
- Ең алғашқы жазған өлеңіңіз қандай? Қазақ ақындары ішінде кімге еліктейсіз, көп оқисыз?
- Индира ханым, сыныбыңыз туралы айтып беріңізші, қандай оқушылар болды?
2-жүргізуші: – «Балаға бағыт- бағдар беретін ата- анасы», ал сізге ата- анаңыз қандай бағыт берді?
- Оқушылар сауалына кезек берейік.
- Индира ханым, мектепте оқып жүргеніңізде қандай үйірмелерге қатыстыңыз?
- Оқушы болғанда қандай болдыңыз? Мектепте қандай бағаны көбірек алатын едіңіз?
- Индира ханым,бала кезіңізде неге құмар болдыңыз?
- Бос уақытыңызда немен айналысатын едіңіз?
- Индира ханым, шығармашыл адамның көбі көңіл- күйдің адамы дейді. Сіз қандай адамсыз?
1-жүргізуші:
- Өзіңізге ұнайтын бойыңыздағы 5 жақсы, 5 жаман қасиетіңізді айтыңызшы… (санап айтқызу)
- Өзіңізге ұнайтын бойыңыздағы 5 жақсы қасиетіңізді бүгінгі жастардың бойынан көре аласыз ба?
(Оқушылар сауалы қойылады)
- Ақын ретінде сізді көбіне не шабыттандырады?
- Балалық шағыңыздан есіңізде қалған бір естелігіңізді айтып беріңізші.
- Ақынның бойында қандай қасиеттер болуы керек?
- Индира ханым, достықты қалай түсінесіз?
- Индира ханым, сіздің өміріңізде таңғажайып сәттер болды ма?
- Редактор болып қалыптасуыңызда кімдер әсер етті?
- Индира ханым, қазіргі таңда сізден тәлім алып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
2-жүргізуші:
- Ауданымызда «Ақтөбе», газеттері беттеріне мақалалары жарияланып отыратын жастардан кімдерді айта аласыз?
(Оқушылар сауалы қойылады)
- Индира ханым, сіз қызмет жасап отырған сүйікті газетіміз «Ақтөбе ұстазы» газетінен жарық көрген ең алғашқы туындыңыз қандай?
- Индира ханым, білім алған оқу ошағыңыздан ерекше бейнесімен есіңізде қалған ұстаздарыңыз бар ма?
- Қазақтың ұлы жазушыларынан, ақындарынан кімді үлгі тұтасыз?
- Индира ханым, қазақ жазушыларының, ақындарының ішінде кімдермен жүздесіп көрдіңіз? Қандай әсер алдыңыз?
- Индира ханым, соңғы жазған өлеңіңіз қандай, не туралы?
- Индира ханым, сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз немес бауырларыңыз бар ма?
- Индира ханым, ақын болуым үшін қай қырымнан шыңдалуым қажет?
- Индира ханым, музыкаға жақынсызба? Қандай музыкалық аспапта ойнайсыз?
1-жүргізуші:
- Адам баласының мықты боп қалыптасуына үш нәрсе байланысты дейді. Олар: ата- ана, ұстаз және кітап.Әдебиет әлеміне қадам басуыңызға осы үшеуінің қайсысы әсер етті деп ойлайсыз?
- Өткен жылы 60-жас мерейлі мерекелі жасыңыз аудан көлемінде шығармашылық үлкен кешпен тойланды. Құтты болсын айтамыз. Әрдайым осындай кештердің сәні боп жүре беріңіз. Жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын, сүйіп оқыр оқырмандарыңыз көп болсын!
- Сізбен жүргізген бүгінгі сұхбатымыз ұнады ма?
- Олай болса, сіздің туындыларыңызды үнемі оқып, жаттап үлгі алып жүрген оқушылардың өнерлерін тамашалайық.
- Сіздің шығармашылығыңыздан «Поэзия минуты».
(Индира шығармаларынан үзінді тақпақтарын оқиды.)
- Аңсағанова Жұлдыз 7- сынып «Қасиетті Батпаққарам- ай»
- Сабыров Бағдат 6-сынып «Оян, қазақ»
- Қабдрахим Қарақат 5- сынып «Өзің ғой маған сиқырлы әлем»
- Қабдыхамитов Ерназ 4-сынып «Ер сұлтаны- Нұрсұлтан»
- Мұратбек Аяулым 4- сынып «Айналайын Айырқұм» , «Тәуелсіздік толғауы» поэмасы
2-жүргізуші:
- Сіздің жолыңызды қуып, ақындық өнерге бетбұрыс жасап жүрген шәкірттеріңіздің сізге арнаған арнауларын қабыл алыңыз. (практикант)
(Оқушылар шығарған өлеңдерін оқиды)
- Арамызда ақын жанды абзал ұстаздарымыз да, оқушыларымыз да көп. Соның бірі- мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен машықтанушымыз Алтын ханымға сөз берсек, өз ықыласын білдірсе.
- «Мен жастарға сенемін», — деп М.Жұмабаев айтқандай, аға буынның сенімін ақтайтындай парасат-пайымы биік азамат боп өсейік!
- Қорытындылау. Оқушыларға жылы лебізіңізді білдірсеңіз..
- Марапаттау
- Сізге жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл тілей отырып, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!