АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ Эссе
Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы
«Байқадам ЖББОМ”КММ тарих пәні мұғалімі
Рымбек Серікбол Амангелдіұлы
АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ
Эссе
«Адамзатқа ең алдымен тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп, ұлы ғұлама Әл – Фараби бекер айтпаған. Тәрбие беру – адамзат жолындағы үздіксіз процесс.
Қазіргі танда жас ұрпаққа адамгершілік пен рухани тұрғыдан тәрбие беру өзекті мәселе десек те болады. Яғни, ең құнды қасиеттері бар, рухани бай адам баласын қалыптастыру, оның балалық шағынан бастау алатыны сөзсіз. Халықта мынадай дана сөз бар: «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың». Сондықтан да болашақ ұрпақтың бойына жастайынан мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіру әрбір ата-ананың борышы. Рухани- адамгершілік тәрбие беру екі жақты құбылыс. Бір жағынан – бұл үлкендердің, яғни ата-ана мен құзырлы органдардың жас ұрпақты рухани және адамгершілік негізде тәрбиелеу жолындағы белсенді қызметі болса, екінші жағынан – бұл жастардың сол тәрбиеге деген көз-қарастары, іс-әрекеттері мен сана-сезімінің қалыптасуы, бір сөзбен айтқанда белсенділігі.
Руханилық – адамзаттың ішкі жан дүниесінің баға жетпес көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінезі, ар-ұяты, сана-сезімі мен қарым-қатынасы, жалпы айтсақ адамгершілік қасиеттері дамиды. Бұл өз тарапынан мейірімділік пен игі әрекеттерге баулиды.
Рухани-адамгершілік тәрбиесі – бұл жеке тұлғаның рухани және мәдени тұрғыда қалыптасқан өін-өзі ұстау мәнері мен қомдағы мәдени қарым-қатынас көрінісі.
Болашақ жастарымыздың адамгершілік пен рухани тәрбие алудың тағы бір әсер ету факторлары, олардың қай ортада өсіп-жетілуі мен құрбы-жолдастары. Ежелден-ақ, дана халқымыз жора-жодас жайлы былай деген екен: «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа…».
Осылайша ата-бабамыз адамгершілікті рухани тәрбие алудың арқауы ретінде жас ұрпақты мақал-мәтелдер, жұмбақтар, өлеңдер мен айтыс арқылы жаман мен жақсыны айыра білуге үйреткен.
Осыған байланысты ұлы ақын Абай Құнанбайұлы: «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп тұжырымдаған екен. Ұлы Абай атамыз өмір бойы «Адам бол!» деген этикалық қағидамен бұқара халықты адамгершілік, адамдық және ізгілік қасиеттерге үндеген еді.
Адамгершілік – адамзаттың рухани қоры, жастарымыздың ізгілікке жетелейтін игі қадамдарының бірі. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгісі десек те болады.
Адамгершілік тақырыбы – шексіз, ол ешуақытта ескірмейді. Жастарымыздың бойына адамгершілік құндылықтарды дарыта білу – ата-ана тәрбиесінің жемісі. Адамгершілік – бұл әр адамның бойындағы асыл қазына.
Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халық, отбасы, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр.
Белгілі ұстаз В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», – дейді. Демек, жас ұрпаққа жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершілік пен руханилық қасиеттерін сіңіре білсек, еліміздің жарқын болашағына кепіл болатыны сөзсіз.
Қорыта келе, адамзаттың алдында тұратын ұлы мұраттың бірі – саналы және салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – болашақ қоғамның тәрбиесі. Осыған орай, отбасының, яғни ата-ананың болашақ ұрпаққа адамгершілік пен рухани тұрғыда тәрбие берудегі үлестері орасан зор және де бұл ұрпақ алдындағы жауапкершілік атадан-балаға жалғасуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Отан отбасынан басталады», «Бала жастан…» деген нақыл сөздер, ата-ананың бала тәрбиесінде алатын орнын ерекшелендіреді.
Көрнекті ағартушы-педагог, жазушы Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай: «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі».
Демек, ата-ана жас ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке, шыншылдыққа, рақымшылық, сыйластық пен жанашырлық секілді қасиеттерді дарыта білуі қажет. Сонда ғана қазіргі заманның талабына сай қоғамға пайдасы зор, отанына жаны жақын, үлкенге құрметпен қарай білетін, кішіге қамқоршы болатын, рухани және мәдени жағынан жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға болады.
Осы қасиеттерді балаға жастайынан бойына сіңірсек, рухани-адамгершілік тәрбиесінің ірге тасын қалағанмен бірдей боламыз. Өйткені «Адамның күні адаммен», – дегендей, адамға деген сыйластық осы бір жақсы қасиеттердің бар болуынан танылады.
«Еліміздің күші – патшада, сәбидің күші – жылауында» демекші, біздің күш-қуатымыз бен сеніміміз – адамгершілігімізде болуы қажет.