“Аңыздың ақыры” шығармасы
«Аңыздың ақыры» романы қалыптасқан ұғымдағы тарихи роман емес. Сыншы-
зерттеушілердің романның жанры туралы ортақ бір пікірге келе алмай жүруі де
сондықтан болар. Ғалымдардың бір тобы бұл шығарманы тарихи романдардың қатарында
атаса [1], екінші бір топ оның философиялық қасиетінің басымдығына назар аударады.
Шығарманы үздіксіз сана ағымы тұрғысынан қарастырған бір топ ғалымдар оның
монологқа, толғанысқа құрылғанын баса айтады.
Ə.Кекілбаев өз шығармаларында халық жадында сақталған ескі аңыздарды
жаңғыртып, көне сюжеттерді көбірек бағдар тұтады. Ә.Кекілбаев романтизмінің
көркемдік жүйесін толықтыратын сипат шығармаларында мифтік-фольклорлық
сарынның, аңыз-әңгімелердің жиі көрініс беруі болып табылады. Ә.Кекілбаев
туындылары көбінесе бүтіндей мифтік-фольклорлық сюжетке құрылады. Жазушы аңыз-
əңгімелер арқылы өткенге, тарихи оқиғалар сілеміне көз жібере отырып, мәңгілік
мəселелерді шешуге ұмтылыс жасаған. Осы сипаттағы шығармаларының бірі – «Аңыздың
ақыры» романы.
«Аңыздың ақыры» романы тарихи тақырыпқа жазылып, тарихта болған Ақсақ
Темір өмірінің бір сәті көрініс бергенімен, бұл – үйреншікті мағынадағы дерекке
негізделген тарихи туынды емес. Жазушы тарихи аңыз шеңберінен шығып, қаламгерлік
қиялын қоса отырып, дербес психологиялық шығарма тудырған. Мұнда тарих – фон,
кезең колориті ғана. Сыншы С.Әшімбаев романның тарихи негізін баса айта отырып:
«шартты түрде болса да оқиға қай ғасырда, қай жерде болып еді,әмірші деп
отырғанымыз кім, қай елдің ханы деген сұрақтың бетін ашу керек сияқты» [1] – деген
пікір білдіреді. Ә.Кекілбаев үшін романда оқиғаның қай ғасырда, қай жерде болғаны
маңызды емес. Мәселе, оқиғаның қашан және қалай болғанында емес, болған оқиғаның
адамгершілік-философиялық мәнінде. Сюжетке өткен дәуір оқиғасы арқау болғанымен,
ішкі мазмұны махаббат пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік,
бақ пен тақ, бақыт сияқты жалпыадамзаттық мәні бар мәңгілік мəселелерді қозғайды.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718