Тынымбай Нұрмағанбетовтың “Ата қоныс” әңгімесінің ерекшелігі
Проза жанрында қалам тербеген, прозаға бар ғұмырын, жан-жүрегін арнаған қазақтың көрнекті жазушысы Тынымбай Нұрмағанбетовтың әңгімелері оқырман таңдамайды. Оның жазушылығы көпке ортақ, себебі Тынымбай әңгімелерін оқи бастағанда қазақтың жанына жақын ауыл өмірі суреттеледі.. Бәріне түсінікті тілмен, жалпығы ортақ оймен, қазақтың жаны дейтін құндылықпен оқырмандарын ізгілікке шақырады. Шығармалары арқылы оқырманның сүйіктісіне айналған тұлға қазіргі қазақ прозасының алтын қазығы десек артық мақтағанымыз емес.
Жазушының есейген шағында жазған әңгімелерінің бірі – «Ата қоныс». «Ата-қоныс»-ауылға деген сағыныштың айқын көрінісі. Әңгіменің тақырыбы ауыл, ата мекен, туған жер, ауылды сақатап қалу идеясынан туындаған.
Өмірінің ең жарқын сәттері, бүкіл жастық шағы Талтоған ауылында өткен Мұқа шал қазір ауылын еске алып, ат ізін салғысы келмейді. Бошалап кеткен Аймүйізді іздеймін деп, амалсыздан жолы Талтоғанға түседі. Ата қонысына талай жылдан бері алғаш келуі осы болатын. Ауылдың тау-тасы мен шөбіне дейін бәрі қаз қалпында. Тамдардың арасынан өткен сайын, әр ойыс, әр бұрыш осында өткен ғұмырын еске түсіреді, бәрі көз алдына елестейді. Құдай қосқан жары Дәнекермен өткізген сәттері, кешқұрым жанып тұрған пешке қарап отырып сан түрлі әңгімелесулері, шер тарқатысуы , бірге отырғызған өріктің бүгінде жуан ағашқа айналғанын көріп, көңілін мұң шалды. Бұдан байқайтынымыз, адам қанша жерден ауылын ұмытса да, күш-қуаты тасып, бойында қан тулап тұрған кездегі өмірінің жарқын кезеңін еш ұмыта алмайды, бәрібір де жүрек түбінде жылы естеліктер сақталады.
Бошалап кеткен Аймүйіз де туған жерін еш ұмытпады, дәл сол өзі туып-өскен жерге келіп бұзаулапты. Кей сәттерде жануардың сезімі адам сезімінен әлдеқайда жоғары болатынын осы жерден көруге болады.
Шаршап-шалдығып келе жатқанда, үміті үзіліп жүдеп кеткен сәтте шеткі оқшау тамның есігі ашылып, іштен ақ жаулықты әже шықты. Сөйтсе бұл Шынаркүл екен. Шынаркүлдің күйеуі Қаулен Мұқамен екеуі құрдас еді, бала кезден тату өскен достар болды, екеуі де бір уақытта үйленді. Тіршіліктің бал дәмін қатар татып келе жатқан достарды сұм соғыс айырды. Қаулен хабарсыз жоғалғандардың қатарында болды. Одан кейін Дәнекер дертке шалдығып, өмірден озғаннан кейін Мұқа жас әйелге үйленіп, Талтоғанды тастап көшіп кетті.
Әңгімеден Мұқа шалдың жас әйелге үйленіп, үш баласы үш жерде директор атанып ауылдан көшкелі туған жерін сағынбауы, араға біраз жыл салып туған жерін сағынып іздеп кеткен Аймүйізді іздеймін деп, өзінің де сағыныш сезімі оянады, қалай ғана бұрын-соңды сағынбай жүргеніне таң қалуын байқаймыз. Әңгіменің ең әсерлі тұстарының бірі – Шынаркүлдің өкпе-мұңын шығарып, еңкілдеп жалауы. Ет-жақынынан айырылған, бұл өмірде өзінің адал итінен басқа ешкімі қалмаған жанның мұң-зары, әрине, кел келген адамды жылатпай қоймасы анық. Айналасындағы жастық-шағын бірге өткізген достары, көршілері, ауылдастары…бәрі де көшіп кеткен адам майданда жалғыз қалған жауынгердей сезімді бастан өткерері анық. Шынаркүлдің зарын тыңдап оытрған, ата-қонысын әлдеқашан ұмытып кеткен Мұқа шалдың ұяттан кірерге тесік таппауы мен жүрегінің езілуі ауылдан үдере көшіп, қалалық өмірдің қызығына кіріп кететін адамдарға, бәлкім, таныс жағдай шығар. Адамның өмірі жақсы жаққа оңала бастағанда туған мекенді ұмытып кетуге болмайды.
Туған жерінен алып келген өрігінен дәм тата: «Дәмі қандай десеңші… Япырмай, қалайша аңдамағанмын. Айтпақшы мен таңдайымның дәм айырудан қалғанын неге ойламағанмын. Алда пендешілік-ай. Кінәні өзімнен іздемеппін-ау.Болмаса мына өріктің дәмі бұрынғыша, бәз-баяғыша ғой.
Кеше су татып түр деп ойладым-ау… Рас, су дәмі де бар. Су татыса ше… Өзіміздің Талтоғанның суының дәмі емес пе? Сол судың бір шәйнегін әкеп, ем дәрідей етіп, күніне бір ұрттап тұрсам кім сөкет дер еді» .Осы тұста кез келген адамның жүрегінен орын алған ауылдың қадір-қасиеті білінеді…
Қазіргі таңдағы өзекті пробелмалардың бірі ауылды сақтап қалу деп жоғарыда айттық, жастың да, кәрінің де ауылды тастап кете баруы түптің түбінде ауыл деген керемет мекеннің жойылып кетуіне апарады. Жастар ауылды көркейтудің орнына қаладағы өдерінің жанына жағатын жайлы өмірді таңдайды. Алайда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүру дұрыс емес деп ойлаймын. Түйіндей келе, ауылды сақтап қалмасақ қазақтың жанының бір бөлшегінен айырылатынымыз айдан анық.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718