Көркем шығарманы зерттеуден туған ой

  • Бейімбет Майлин шығармаларындағы әйел бейнесін оқытудың танымдық-тәрбиелік мәні

Теңсіздік … Әйел теңдігі …

Бейімбет Майлиннің “Раушан-коммунист” шығармасында көтерілген тақырып қазіргі кезде де елең алмайды деп айта алмаймыз. Әйел адамның білімге құштарлығы сол кезде теріс көзқарас деп сипатталғаны рас. Ал қазір? Қазір әйел адамның өз ролі бар, ер адамдар секілді білім алып, ғылым жолында да еңбек ете алады. Қазіргі заманда әйел адамдардың да жеке тұлға ретінде даралануы сол замандағы Раушан секілді көзі ашық қыздардың талпынысы мен таңдауында деп айта аламыз. Бірақ әйел теңдігі толықтай шешімін таппады, біз екі түрлі көзқараспен өмір сүретін замандамыз. Әйел адам-отбасының ұйытқысы, оның өмірдегі басты міндеті де сол екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Бірақ еліміздің болашағы өскелең ұрпақ қолында. Ал олардың қандай тұлға, қандай адам болып қалыптасуы тәрбиесінен бастау алады. Біреуге бірдеңе үйретпес бұрын санаңда үйретердей дүние болуы керек.

Адам қай уақытта толығады, рухани жаңғырады, ішкі әлемі көркем бола түседі? Бұл нәрселерді өмірлік қажеттіліктерді жасап толықтыра алмаймыз. Оқыған адам-көкжиегі кең адам. Оны адам табиғатына қарай бөліп қарастыруға болмайды. Жазушы кейіпкерінің, Раушанның ісін құптамай, көреалмаушылықпен болсын, іштарлықпен болсын, бір сөзбен айтқанда әңгіме аңдыған адамдар бір отбасының шырқын бұзатынынан да хабары болмады. Бір ауыл адамдары бір-бірін түсіне алмады. Себебі сана тұрғысынан әртүрлі деңгейде болды.

Тек ол ғана емес, Бәкеннің өзі де әйелінің одан қай жағынан болмасын биік тұрғанын жақтырмады, намыстанды. Бәкеннің намыстанатындай орны бар. Бірақ өмірдің екі жанды бір-біріне жолықтыруы бекер емес. Бәкеннің түрмеге түсуі, кейін Раушанды іздеуі оның өз қатесін түсінуі деп есептейміз. Бір адам бір адамның жолын байлауы, сол үшін өмірлік қызығушылығынан бас тартуы дұрыс емес. Түптің түбінде ол адам өмір сүру керек болғасын ғана өмір сүретін деңгейге жетеді. Раушан өзі үшін таңдау жасады.

Махаббат … Денеңді тітіркендіретіндей ұғым, ия? Дегенмен Мұхтар Шаханов айтқандай, махаббат-екі адамның ой-сана биігінде жолығуы дегіміз келеді. Раушан мен Бәкен арасындағы махаббаттың өрби алмауы да осыда деп түсінеміз. Көркем туындыдағы махаббат мәселесін осылай ғана түйіндегіміз келеді.

Қорыта келе, күні кешеге дейін төмен етекті саналып келген әйел заты бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге, тіпті, елдік, ұлттық саясатқа  араласып келеді. Қазір әйелдің рөлі ерекше. Бұрын орны тек отбасы мен ошақ қасы саналып келген әйелдің бүгінгі бейнесі әмбебап механизмге құрылған дерлік. Себебі, қазіргі заман әйелі отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс орнатып, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Астары айтпай-ақ түсінікті. Жабайы капиталистік идеяға негізделген қоғам соған үндейді. Біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Айталық, әйел – саясаткер, әйел – көлік жүргізуші, әйел – бала тәрбиелеуші, әйел – үй күтуші, әйел – заңгер, әйел – экономист, әйел…

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *