Қазақ тілі – баянды болашақтың кепілі
Дайрабай Еркебұлан
Қазіргі таңда қазақ тілі мен оның қолданыс аясына мемлекеттік дәрежеде мән берілуде. Қазақ тілі сан ғасырлар бойына қалыптасып, бірнеше даму кезеңдерінен өтті. Алайда жетпіс жыл большевиктердің билігі тұсында қазақ тілін жойып жіберудің жоспарлы әрекеттері жүзеге асты. Қоныстандыру саясаты арқылы қазақтарды өз жерінде аз ұлтқа айналдырып, сәйкесінше қазақ тілінің қолданыс аясын саналы түрде тарылту бағытында белсенді жұмыстар жасады. Мысалы Кеңес билігі жылдарында қазақ тілі бірде-бір мемлекеттік органның ресми тілі бола алмады. Қазақ тілінде білім беретін мектептер жабылып, қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздер саны азайды. Қазақ тіліндегі балабақшалар да өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Міне осындай тарихи жайттар қазақ тілінің өмір сүру мүмкіндіктерін тығырыққа тіреді. Тіпті тіл ғылымындағы зерттеулерге сай қазақ тілі өлетін тілдер қатарына да жатқызылды. Ол заңды да еді. Кеңес үкіметі жылдарында қазақ тілі тұрмыстық тілдер қатарына жатқызылды. Қазақ тілін сақтап қалу үшін ХХ ғасырдың 60-80 жылдары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері тарих сахнасына шығып, бірегей шығармаларын қазақ тілінде жазып шықты. Осы шығармалар негізінде бірнеше ұрпақ қалыптасты. Ақын-жазушыларымыздың шоқтығы биік шығармалары күні бүгінге дейін сұраныста екендігі жасырын емес.
Қазақстан Республикасының егемендікке қол жеткізуі қазақ тіліне жаңа тыныс, жаңа леп берді деп айтуға толық негіз бар. Өйткені еліміздің тарихында қабылданған 1993 жылғы және 1995жылғы Конституцияларымызда қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берілді. Сөзсіз қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы қазақ тілінің өрісін кеңейткен маңызды оқиға болды. Іс-қағаздарды жүргізу ғана емес, сонымен қатар күнделікті қарым-қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары, билік органдары және тағы да басқа маңызды салаларда қазақ тілінің үстемдігі айқындала бастады.
Қаізргі таңда тек зерттеушілер ғана емес, сонымен қатар қоғам белсенділері мен қарапайым азаматтары қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты мәселенің маңыздылығын терең түсінеді. Қазақстан Республикасы да жыл сайын мемлекеттік тілдің дамуы мен оны қолдаудың жан-жақты сараланған бағдарламаларын қабылдауда. Бірақ біздің білетініміз, мемлекеттік тілдің дамуы мен нығаюы ең алдымен қазақ тілді ортаның қалыптасуымен тығыз байланысты. Ал қазақ тілді ортаның қалыптасуы біздің пікірімізше бірнеше фактордың көмегімен жүзеге асады. Олардың қатарында білім беру саласы, сонымен қатар мәдениет саласы, бұқаралық ақпарат құралдарын атап өтуге болады. Олардың әрқайсысына тоқталатын болсақ, біз тәуелсіздік жылдарында бірқатар жүйелі жұмыстардың атқарылғандығын байқаймыз. Мысалы білім беру саласында түбегейлі өзгерістер орын алды. Егер де Кеңестік билік жылдарында ел астанасы болған Алматы қаласында бір-екі ғана қазақ мектептері болса, бүгінде олардың саны бірнеше есе өскен. Мысалы елімізде жалпы жиыны 7514 орта білім беретін мектеп болса, соның 3845-і қазақ тіліндегі мектептер болып табылады. Әлі де болса қазақ тіліндегі мектептерге деген сұраныс өте жоғары. Өзге де тілдегі мектептерде қазақ тілінің міндетті пән ретінде оқытылатынын ескерсек, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге деген назардың аударылып отырғанына көз жеткіземіз. Сонымен қатар қазіргі таңда орта білім беру жүйесіндегі білім беру бағдарламалары да түбегейлі өзгерістер жағдайында ұйымдастырылуда. Мысалы орта білім беру жүйесінде жаңартылған білім беру бағдарламасы бірнеше жыл бойына қолданыста. Аталған білім беру бағдарламасында қазақ тілін оқыту ісіне ерекше көңіл бөлінген. Оқушылардың қазақ тілін еркін меңгеруі үшін бірнеше бағытта белсенді жұмыстар атқарылады. Мысалы айтылым, жазылым, тыңдалым бағыттарына сай келетін жаттығулар мен ережелерді меңгеріп, оқушылар өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізуді үйренеді. Сонымен қатар жаңартылған білім беру бағдарламасында функционалдық сауаттылық мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Бұл дегеніміз оқушылардың қазақ тілі бойынша алған білім мазмұнын мектептен тыс уақытта да пайдалана алу мүмкіндігі болып табылады. Бұл өз кезегінде оқушылардың баға үшін емес, күнделікті өмірде де қазақ тілінің белсенді қолданушысы болуына септігін тигізеді. Жоғары білім беру бағдарламасында да қазақ тілі міндетті пәндердің бірі болып табылады. Орыс топтары міндетті түрде екі жыл көлемінде қазақ тілін оқып, мектептен алып келген білім мазмұнын одан әрі тереңдетуге мүмкіндіктер алады. Қазақстан Республикасының тіл туралы заңында «Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi. Білім беру ұйымдарында мемлекеттiк тiл мен орыс тiлi мiндеттi оқу пәнi болып табылады және бiлiм туралы құжатқа енгiзiлетiн пәндер тiзбесiне кiредi» деп көрсетілген.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосатын маңызды салалардың бірі – мәдениет саласы болып табылады. Мәдениет саласының ауқымы кең. Дәстүрлі өнер жауһарлары мен заманауи әншілік өнердің де қазақ тілінің дамуына қосар үлесі басым. Бір ғана мысал, әлемге әйгілі болған Димаш Құдайбергеновтің толағай табысынан кейін елімізде ғана емес, сонымен қатар халықаралық кеңістікте қазақ әндеріне деген ерекше сұраныс пайда болуда. Бұл дегеніміз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қосылған зор үлес деп түсінеміз. Мәдениет саласында елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі стратегиялық маңызға ие болған бағыттар да қазақ тілінің қолданыс аясына тікелей әсер етуде. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «100 жаңа оқулық» сияқты бастамалардың бергені мол болды. Әлемде мойындалған әрі зор сұраныстағы ғылыми еңбектер қазақ тіліне аударылып, оқырмандарын тапты. Еңбектерге деген қызығушылық бірқатар студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы және де қарапайым оқырмандарды осы аударылған еңбектерді оқуына жол ашты. Ал «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да әлемдегі қазақ тарихы мен тіліне қатысты тарихи құжаттар елімізге әкеліп, ғылыми айналымға қосылды. Мұның барлығы да қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, оған деген сұранысты арттыруда. Мәдениет саласында әсіресе кино және балаларға арналған мультфилмдердің қазақ тілінде қойылуының да артықшылықтары көп. Рас аталған бағытта әлі де болса белсенді жұмыстар жүргізудің қажеттілігі сезіледі. Өйткені интернеттің түрлі ашық ресурстарында орыс тіліндегі мультфильмдерге деген сұраныс өте жоғары. Бұл тұрғысынан келгенде отандық мультипликатор мамандарымыз шығарған өнімдер көрермендерді толықтай қамти алмай отыр. Рас тарихи жанрдағы мультфильмдердің сапасы өте жоғары туындылар өте көптеп саналады. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған «Балапан» телеарнасының қазақ тілін насихаттаудағы мүмкіндіктері өте жоғары. Алайда аталған арна жұмысында да бірқатар кемшіліктер бар. Атап айтқанда бір бағдарламаны күніне үш рет қайталау және тағы да басқалары. Мұның өзі бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе керек.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығы өте жоғары деп білеміз. Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде әлеуметтік желілердің ролі жоғары болып тұр. Міне осындай жағдайда қазақ тіліндегі контенттерді қалыптастыру, түрлі заманауи қосымшаларды қазақ тілінде сөйлету және тағы да басқа бағыттағы жұмыстарды белсенді ету арқылы да қазақ тілінің мәртебесін лайықты айқындауға болады. Еліміздегі телеарналардың жұмыстары да әлемдік дәстүр мен үрдістен қалмауда. Халықаралық маңызы бар түрлі тележобаларды қазақ тілінде сөйлету арқылы көрермендер арасында тілдік сұраныс деңгейін арттыруда. Алайда тіл маманы ретінде айтарымыз, бүгінгі телеарналар жұмысында да біздің көңіл тола бермейтін жайттар кездесуде. Тележобалар мен бағдарламалардың сұранысын арттыру мақсатында кәсіби журналисттер емес, түрлі әнші, актер немесе тағы да басқа танымал тұлғаларды тарту үйреншікті жайтқа айналды. Тіл маманы болмағандықтан республикаға таратылатын эфирлерден түрлі диалект сөздерді қосып сөйлеу, жастар арасында танымал болған «слэнгтерді» пайдалану, қазақ тілінің заңдылықтары мен ережелерін бұзу сияқты жағымсыз жайттар қалыпты құбылысқа айналды. Бұл өз кезегінде түрлі бұрмалаушылықтарға алып келді. Мысалы еліміздегі телеарналардың бірінде «Қалайсың?» деп аталатын бағдарлама болды. Қазақ тілінде «Қалың қалай?» деген дұрыс сөз осылайша бұрмаланып, бүгінгі күні қалыпты сөзге айналды. Сонымен қатар «Балапан» арнасында балаларға арналған бағдарламалардың бірінде сиырдың төлі бұзауды еркелету мақсатында «бұзауқан» сөзі пайдалануда. Бұл сөз де қазақ тілінің сөздік қорында жоқ. Әрине сөздік қордың жаңа сөздермен толыққаны да дұрыс болар. Алайда қазақ тілінің қолданыс ерекшелігі мен заңдылықтарының бұзылуына жол берілмеуі тиіс деп санаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының тіл қалыптастырушы мүмкіндіктерін ескере отырып, кез-келген бағдарлама мен жобалар арнайы тіл мамандарының кеңесінен кейін барып жүзеге асқаны дұрыс.
Біздің пікірімізше қазақ тілі қоғамда өзінің лайықты орнын алып, сұранысқа ие болуы үшін ғылым тіліне айналуы тиіс. Рас қазақ тілі әлі де болса ғылым тілі ретінде қалыптасу жолында деп айта аламыз. Әрине жекелеген ғылым салалары бойынша ұғымдар мен терминдердің қазақша нұсқасы пайда болғанымен, жаппай қолданысқа ие болды десек асығыстық болар еді. Ғылым тілі дегеніміз белгілі бір ғылым саласына тән заңдылықтар мен ережелер туралы мәліметтерді сақтауы тиіс. Ғылым тілі нақты бір ғылым саласының түсініктерін нақты бір сөзбен жеткізе алуымен ерекшеленеді. Осы тұрғысынан қазақ тілі үшін әлі де болса ізденістер қажет. Бұл әсіресе нақты ғылым салалары үшін аса маңызды деп санаймыз.
Бүгінде қазақ тілінің қоғамда алар орны мен қолданыс аясы әлі де болса белсенді жұмыстарды талап етуде. Сондықтан болар елімізде қазақ тілін дамытудың бірнеше мемлекеттік бағдарламалары қабылдануда. Солардың бірі тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. Аталған мемлекеттік бағдарлама қазақ тілінің қоғамдағы өз орнын айқындау атқарылатын шаралармен қатар, қазақ тілін оқытудың заманауи ерекшеліктері сынды маңызды мәселелерді қамтиды. Сөзсіз қазақ тілінің тиісті мәртебесіне ие болуы сөзсіз оны оқыту әдістемесімен тығыз байланысты. Алайда біздің пікірімізше қазақ тілі Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі қолданыстағы тіліне айналуы үшін мемлекеттің заңнамалық негіздері берік болуы тиіс. Біз жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Демек бір ғана тілге мемлекет тұрғысынан мән беріліп, оның қолданысына ешқандай заң негізіндегі шектеулер қойылмайды. Конституция артықшылық беріп отырған қазақ тілін дамыту үшін бірнеше заңдар да жарық көріп үлгерді. Мысалы 1997 жылы «Қазақстан Республикасы Тіл туралы» заңы қабылданған болатын. Уақыт өте келе 2004 жылдың 11 шілдесінде аталған заң қайта толықтырылып, жетілдіріле түсті. Осы заңда қазақ тіліне қандай мәртебе берілген деген маңызды мәселеге келер болсақ, біз мынандай артықшылықтарды байқаймыз. Әрине ең алдымен қазақ тілі іс-қағаздарды жүргізу мен адамдар арасындағы байланыстарды қалыптастырады. Ең бастысы қазақ тілі Қазақстан Республикасындағы саясат тілі деңгейіне көтеріліп отыр. Өйткені 2004 жылы толықтырылған заң барысында қазақ тілі – мемлекеттік басқару мен заң шығару, сонымен қатар сот істері мен мемлекеттік іс-қағаздарды жүргізудің маңызды құралына айналдырылды. Рас белгілі бір дәрежеде қазақ тілі мемлекеттік органдардың жұмысында белсенді қолданылмай отырған болуы да мүмкін. Дегенмен қазақ тіліне еліміздің басты құжаты, Конституция осындай артықшылық бергеннен кейін аталған мәселе ерте ме кеш пе өз шешімін табуы тиіс деп санаймыз. Заң бойынша қазақ тілінің қалыптасып, дамуы үшін Қазақстан Республикасы үкіметі, жергілікті атқарушы органдар алдымен үлес қосуы тиіс саналады. Үкімет Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін еркін меңгеруі үшін барлық оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық жағдайды жасауы тиіс. Ең бастысы мемлекеттік тілді қолдану барысында түрлі кемсітулерге жол берілмейтіндігі де ашып айтылған. Ал қазақ тілін оқып-үйренуге кедергісін келтіретін адамдарды заң бойынша жауапкершілікке тарту да көзделген. Қазақ тілі іс-жүзінде саясат тіліне айналды. Мысалы мемлекеттік билік органдарының актілерінің барлығы да қазақ тілінде даярлаынп, қабылданады. Бұл бекітілген тәртіп. Әрине қажет болған жағдайда қазақ тіліндегі мәтінде орыс және басқа да тілдерге аударуға рұқсат беріледі. Сонымен қатар қазақ тілі Қазақстан Республикасы Қарулы күштері мен ішкі істер органдарының негізгі тілі болып табылады. Күнделікті бұйрық берумен қатар, құжаттар айналымында да қазақ тілінің үстемдігі басым. Қазақ тілі әскери құрамалар мен оларды басқару, құқық қорғау бағыты мен мемлекеттік іс-қағаздарды толтыруда да негізгі қолданыс тілі болып табылады.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының сот істерін жүргізіетін негізгі тіл. Сот саласындағы кез-келген заң бұзушылықтар мен жаза түрлері, толтырылатын хаттамалар да мемлекеттік тілде жүзеге асырылады.
Сонымен осы келтірген жайттарды талдай келе, біз қазақ тілінің дамыту ісіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отырғандығына назар аударамыз. Ел егемендігі жылдарында қазақ тілін қолдау үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар мен арнайы заңдар да шыққан болатын. Дегенмен қанша мемлекеттің қолдауы мен арнайы заңдардың шыққанына қарамастан қазақ тілінің қоғамда өз мәртебесін ала алмай отырғандығын да атап өтер едік. Бұл алдымен әрбір қазақстандықтың жеке белсенділігімен ғана шешілетін мәселе болып табылады. Мемлекеттік тілге деген құрмет көрсетудің бір жолы қазақ тілін негізгі қарым-қатынас тіліне айналдырып, қазақ тілді ортаны қалыптастыру керек деп санаймыз. Түйінді ойымды өзім жазған өлеңмен қорытындылауды жөн көрдім:
Ана тілім өмірімнің мәнісін,
Саған берем жүрегімнің жартысын.
Елемейді қарамайды көрмейді,
Қазақ тілім қазағымды сен түсін.
Мұңымда бар айтылмаған сырым да,
Өкпелісің білемін мен тағы да.
Айқайлайды әрбір ұлтта тілім деп,
Ұлттық тәрбие,ұлттық тілдің жадында.
Алашым деп жанын берді арысым,
Жерім,тілім қалсын деді сен түсін.
Ұлтшыл дейсің кінәлі ме күрессе?
Ана тілім жүрегімнің мәнісің.
Ақталмашы шала қазақ,қазағым,
Өркендейді дамытамыз кей тұсын.
Бәрі сөйлер келе жатыр дамып та,
Қазақ тілім биіктесін ұлысын.
Дамытамыз күш саламыз бәріне,
Ұлттық жүрек жойылмайды мәңгі ме?
Мәңгі деме өмір бітер аяғы,
Қазақ тілім таусылмайтын әңгіме.