ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Мурсалы Намаз Мухтарқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Магистрант, Алматы, Қазақстан,
namaz.mursaly@gmail.com
Өркениет әлеміне құбылыс болып кіретін азамат дайындау, қазіргі қазақ азаматының мінезін қалыптастыру мақсатында «Сенім» бағдарламасын жасап шыққан ғалым-ұстаз Алма Мүтәліпқызының әрбір еңбегі, әрбір сөзі бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін өз өзектілігін жоймақ емес. Ғалымның ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас туралы ойлары, ұрпақ тәрбиелеу жолында білім беру реформасына бетбұрыс әкелген, «Ұлттық мектеп философия-сының дәстүрлі түркілік өнеге мен қазақ әлемі негізіндегі әлемдік өркениет қарым-қатынасында» болуын мұрат еткен, мәдениет туралы білімнің тарих, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, дін, би, өнер салаларымен жүйелі түрде оқытылуын ұсынған, ғылыми-практикалық методология негіздерін ұлттық тәрбие нысандарымен, тамыры терең білім идеологиясымен байланыста жүзеге асыруды көздеген ұстанымдары ұлттық тәрбие мен жаңа тұрпатты білім жүйесінің қанат жаюына игі ықпал етері даусыз.
Алма Қыраубаева – ғалымдықты ұстаздықпен ұластырған үлкен жүректі тұлға. Ғалым педагогикалық ой түюде жан дүниесіне, болашағына игі ықпал жасаған өзінің ұстаздарының болмысына ойша үңіледі. Бүгінгі мен кешегіні салыстыра қарайды. «Адамдық қасиетінен айнымайтын үлкен жүректі ұстаз еш уақытта студенттің арына тимейді. Мақтауменен бала өседі. Семинардағы бір ауыз пікіріміз үшін көкке көтере мақтаған ұстаздың қанатты сөзінен кейін биіктеп, қиялмен қалықтап, жұпыны жатақхананың алдына жеткенде ғана жерге түсуші едік. Сол ұстаз берген кішкентай қанат таң атпай кітапханаға қарай алып ұшатын. Қауырсын қалам беріп, небір «ұлы ойды» қағаз бетіне шимайлататын. Самайы күмістенген сол ұстаздардың айналасында өңшең бір талантты балалар жүреді. Енді ойлап қарасам, талаптыдан талант ашқан ұстаздың өзі екен» [1, 71 б.], – дейді Алма ұстаз тебіреніп.
Дәстүрлі педагогиканы ұлттық мектеп үлгісімен толықтырып, қазақ педагогикасы деп аталатын тарихтың жаңа парағын ашқан ғалым-педагог Алма Қыраубаеваның «Қазақстан мектебі» журналының 1996 жылдың сәуірдегі санында жарияланған «Сенім» бағдарламасы – ұлттық мектеп моделі деп атауға болатын жаңа сипаттағы мектептің толық педагогикалық процестер алгоритмін қамти отырып, жүйелі әрі нәтижелі түрде сынамадан өткенінің дәлелі болатын негізгі құжат деуге болады. «Сенім» бағдарламасы – Алма Қыраубаеваның авторлық мектеп технологиясы. Бұл – ғылыми-педагогикалық, құқықтық-нормативтік талаптарға сай, баламасы жоқ ұлттық мектеп үлгісі. Аталған жаңашыл жоба Алматы облысының Қаскелең ауданы (қазіргі Қарасай ауданы) Жандосов ауылындағы 1993-1996 жылдар аралығында жұмыс істеген Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп‑лицейінде жүзеге асқан еді. Өзінің өміршеңдігі мен маңыздылығын уақыт өткен сайын дәлелдеуімен қатар, XX ғасыр аяғында ұлттық қазақ педагогикасының дамуына үлес қосқан тың идея, батыл педагогтік көзқарас, ұлттық құндылықтарға негізделген ХХІ ғасырға сай заманауи SMART жоба.
«Сенім» бағдарламасы негізінде жұмыс істеген Гуманитарлық Қазақ мәдениеті мектеп-лицейі – тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі білім саласын жаңа бағытта дамытуға жасалған батыл қадам. Бағдарлама авторы әрі мектептің негізін салушы А. Қыраубаева бұл бағдарламаны бірден бастап кетпегені де айқын, себебі ұстаз өзінің ғылыми ізденістері мен ұстаздық тәжірибесін жан‑жақты зерделеп, сұрыптап, мақсатын айқын межелеген тұста қолға алынған жоба. Ол тек қағаз жүзіндегі ой болып қалған жоқ, мектеп ретінде өз өміршеңдігін дәлелдеді.
«Қазақ баласы әлем сахнасына «Қазақ құбылысы» болып шығуы керек!» – дейді Алма Мүтәліпқызы. Педагог-ұстаз ұсынған «Қазақ құбылысы» деген атаудың мағынасы мен мәніде тереңде жатыр. Ұлт мәңгілігін сақтар қазақ халқының гуманистік кескінін, кең мінезін, бай әдет-ғұрпын, қазыналы салт-санасын, дәстүрін, шешендік өнері мен бай тарихын, тамырын ғасырлар қойнауынан алар әдебиет пен сұлу сазды ән-күйін ұрпақ пен ұлт санасына егуді көздейтін, батырлық, ерлік мектептерімізді өрістетуді қамтамасыз етер жалпыхалықтық белгілерді ұштастыратын ұғым. Ұлт пен ұлысты, мемлекетті сақтаудың жолдары мен ел мен жерге деген махаббатты қалыптастырудың өнегесі деп білеміз.
Қазақ мектебінің ұлттық моделін құрастыруда ұстаз Алма Қыраубаева ұлттық мектептің үлгісін жасау ұлттық сана мен қазақи кісілікті жан дүние қалыптастыру арқылы әлемдік өркениетке кірудің тұтас жүйесін жасаудан тұратынын айтып кеткен еді. Ұлттық сана мен қазақи кісілікке негізделген өркениеттік жүйеде ұлттық тәрбие ұстанымын бекіту, ұлттық сананы қалыптастыру, өзіне деген сенімділікті арттыру, дүниетаным негіздерін меңгерту, қарым-қатынас мәдениетін игерту, әлемдік өркениетке ұмтылдырудан тұрады және де бұл ұстанымдар бір-бірімен ұштаса, сабақтаса отырып, біртұтас жүйені құрайды және ортақ мақсатқа қызмет етеді. Ол жоба – интеллектуал, өзіне-өзі сенімді, білімді жеткіншек ұрпақ өсіруге әкелетінін айтқан.
Алма ұстаз: «Мектеп – адамды қалыптастырушы, адамның жанын жасаушы орта» дей отырып, қазіргі қазақ мектебіне керек атрибуттарды талдап-таңдайды. Ол бүгінгі білім беретін мектеп Ұлттық мектеп болуы керек деген шешімге келеді. Бұл мектеп қазақ баласының әлемдік өркениетте мәдениет, білім, білік, мінез, еңбек жағынан «кірпіш болып қаланатын», болашақтың арман мектебі болуы тиіс деп есептейді. Алма ұстаздың әр сыныпқа сәйкес пәннің білім мазмұнын саралаған, оқу мен тәрбие сабақтастығын ұштастырған, оқушының дара тұлғаға тән қасиеттері мен ішкі психологиялық жай-күйін, жас ерекшелігін ескерген, педагогикалық ұстанымға сүйенген, әдет пен әдепті меңгеруге арналған, бала мен ата-ананың, оқушы мен мұғалімнің, үлкен мен кішінің, қыз бен ұлдың ізгілік қарым-қатынасын жолға қойған, адамгершілікке, құрмет пен түсіністікке жетелеген ой-тұжырымдары мектеп жарғысы мен бағдарламадан көрініс тауып, ұлттық мектептің оқу жүйесі мен гуманистік тәрбиенің негізін қалайды.
Профессор Алма Мүтәліпқызы қазақ әдебиетінің тарихын зерделі зерттеумен қатар оның ғылым мен білім нәріне айналуына мол үлес қосты. Алаш қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл білімінің теориялық негізін қалаған ғалымҚұдайберген Жұбанов білім мен ғылымның байланысына айырықша мән береді. Тілші-ғалым: «Білімге айналмаған ғылым – пайдасыз ғылым. Ғылымды білімге айналдыратын – мектеп» [2,77 б.], – дейді.
Заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлының «Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болу үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі – сол елдің тілі, екіншісі – тарихы» деген ойының өзі ұлт мектебінің басты тіректерін атап көрсетеді. Ғалым Алма Қыраубаева ұлт мектебіндегі оқу жүйесін қазақ әдебиетінің тарихымен ұластыра отырып, оның ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі мен орнына ерекше назар аударады. Ол алаш арыстарының көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Елді түзетуді әуелі бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» [2,85б.] деген пікірін ғылыми-теориялық, тәжірбиелік, прагматикалық тұрғыдан дәйектеді.
Мерзімді басылым беттерінде ұлттық тәрбие, уақыт талабына сай жаңа үлгідегі мектептің қажеттігі, ұстаздың міндеті, халықтық тәрбие жөніндегі мақалалары кезінде жиі жарияланды. Бұл көкейкесті мәселелерді қозғаған еңбектердің бастылары «Баланы басқаша оқытпасақ…», «Ұлттық мектеп қажет», «Шәкірт мүмкіндігі шексіз…», «Ұстаз – ақиқаттың апостолы, шындықтың шырақшысы», «Сену тәрбиесі», «Қыз қылығымен», «Әже ашуы», «Ақ әже», «Қайын ата» болып жалғаса берер еді. Мақалалардың аттарынан қандай мәселенің көтерілгенін, авторлық ұстанымды аңғаруға болады.
Қорыта айтқанда, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Мүтәліпқызы: Ұлттық рухтағы қажырлы, бірегей ғалым Б.Кенжебаевтың үміт артқан, сенімін ақтаған дарынды шәкірттерінің бірі болды; Ұлттық танымды тереңдету, қазақ әдебиеті тарихын ежелгі түркі халықтарының ортақ мұраларынан бастау және оны ғылыми негіздеу – басты ғылыми ұстанымдарының біріне айналды; Ежелгі дәуір әдебиеті нұсқаларының қазақша сөйлеуіне, бүгінгі білімгерлердің, ғалымдардың қажеттілігіне асуына айрықша еңбек сіңірді; Ғылымды ұстаздықпен сабақтастырған, ғылым жолында шәкірттер тәрбиелеп, ежелгі дәуір әдебиетінің мәселелеріне жас ғалымдарды жұмылдыра білген принципшіл, ұлағатты жан; Бұл ретте ол Б. Кенжебаев концепциясын жаңа ғылыми зерттеулермен тереңдете, орнықтыра түскен көрнекті ғалым; Жоғарғы, орта мектептерге арнап терең танымдық мәні бар, ежелгі дәуір әдебиетінің тылсым сырларын ашқан тамаша оқу құралдарын жазды, хрестоматия құрастырды; Ұлттық мақсат-мүддедегі ұлтжанды жаңашыл ұстаз болды, кемел ұрпақ тәрбиелеу басты арманына айналды, осы бағытта 90-жылдары жаңа үлгідегі мектепті ұйымдастыруды қолға алды, жас ұрпақтың жан дүниесіне үңіліп, ұстаздық жүрегінің шындығын жайып салған «Жаным садаға…» кітабын жазды; Ұстаз ғалымдар, әріптестері туралы танымдық-ғылыми мәні зор мақалаларын жазды, шәкірттер тәрбиеледі, ғылымға баулыды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Қыраубаева А. Жаным садаға. Деректі әңгімелер. – Алматы: Жалын,
- – 192 б.
- Сөз сарасы. – Алматы: Сардар, 2009. – 160 б.