Қазақтың алғашқы ағартушысы – Ы.Алтынсарин

Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи  даму жолында жарық жұлдыздай болып бағыт – бағдар сілтеген, сөйтіп, сол ұлттың, халықтың тарихында есімдері ерекше аталатын зор тұлғалар болатыны айқын. Ол – тұңғыш  ағартушы, педагог – жазушы Ыбырай Алтынсарин.

Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті ағартушы, этнограф ғалым, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы ақын әрі жазушы, орыс графикасы негізінде қазақ алфавитін  жасаушы жаңашыл педагог болған Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазанның жиырмасыншы жұлдызында Орта жүздің қыпшақ руында дүниеге келген. Әкесі 1844 жылы Кенесары шапқыншылығы кезінде қаза табады да, жас Ыбырайды атасы, белгілі би Балғожа Жаңбыршыұлы тәрбиелейді.1850 жылы жиырма екінші тамыз күні Орынбор қаласында ашылған мектепке отыз баланың бірі тоғыз жасар Ыбырай болды.

Ыбырай бұл мектепті жеті жыл оқып, 1857 жылы бітірді. Ыбырай ерекше зерек, дарынды болған.

Ыбырай қазақ арасынан көптеп мектеп ашуды аңсады: «Сірә, қазақ даласынан көптеп мектеп ашатын мезгіл қашан болар екен?» — дейді. Ол  

өнер – білімді, мәдениетті дәріптеп, халықты соған шақырып өлең, әңгіме, мақала жазды. Бұл жөнінде, басқаны былай қойғанда, оның «Өнер – білім бар жұрттар» деген өлеңі айқын дәлел.

Әуел бастан – ақ Ыбырайдың бар ынтасы халық ағарту жұмысы болады. «Ыбырай ылғи оқу жұмысымен айналысуды, қазақ халқын ағарту жұмысына ат салысуды көксейтін. Бұл оған бақыт, рахат сияқты көрінетін» — дейді Ильминский. Сол үшін Ыбырай халық ағарту жұмысына өзі сұранып, соған ақыры 1864 жылы ауысады, 1869 жылы бірінші қыркүйекте Торғай облысының оқу инспекторы болып тағайындалады, өмірінің соңына дейін осы қызметте болады. Оның алдында жалпы өнер – білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан екі салт – сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген, сүйген де оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі күрескер Ыбырай Алтынсарин: «Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта қайтпаймын», — деп Н.И.Ильминскийге (1884 жылдың он төртінші сентябрі) сеніммен жазғандай, сан – сала қиындақтармен  табанды күресе жүріп әрі  орыс достарының, әріптестерінің көмегін, ақыл – кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған  негізгі мақсатын орындады. Ыбырайдың осындай қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен – балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болатын. Сондықтан да болар, Ыбырай Алтынсарин бұл қуанышын (дұрысы жеңісін) Н.И.Ильминскийге жазған  хатында: «Осы жылы (яғни 1864 жылы) январьдың сегізі күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған  он төрт қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар», — деп айрықша мақтаныш сезіммен жазды.

 Ол кезде надандыққа белшесінен батып жатқан елді оқуға шақыру, мәдениеттілікке үндеу айтарлықтай тарихи іс еді. Сол бір тарихи кезеңде әлеуметтік мәні зор үлкен іс, ауыр жүкті арқалаған адамның бірі Ыбырай Алтынсарин болды.

           Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз баланы қарама –қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті.

    Алтынсарин мейілінше қиын жағдайда жұмыс істеді, талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз, «Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. Әсіресе, оның келешекке сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай алмаса, болашақ жастар орындайды деп білді. Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын жастар, тек қана жастар деген қорытындыға келді. Өзін қоршаған қараңғылық, надандықтарды шеней келіп:

          «Біз надан боп өсірдік,

            Иектегі сақалды,

           «Өнер жігіт көркі» — деп,

           Ескермедік мақалды.

           Біз болмасақ сіз барсыз,

           Үміт еткен достарым,

           Сіздерге бердім батамды» — деді.

          Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар адамгершілікке, махаббат, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі  болып шығуға үндеді. Балаға жастай дұрыс тәрбие беру бүкіл дүниежүзіндегі педагог – ғалымдардың ертеден бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі десек, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы бірінші қазақ педагогі Ыбырай Алтынсарин.Бұл мәселе жөнінде ол көптеген педагогтердің, әсіресе орыстың алдыңғы саптағы ұлы педагог – ғалымдары К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой мен пікірлес болды.

           Кітаптың беташары оқуға шақырудан басталып, оның әлеуметтік мәнін түсіндіру болса, сонымен қатар негізгі тақырыбының бірі – еңбек.

«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», — дейді.

           Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып» бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан балаларды жастайынан – жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да әңгімелері аз емес.

           Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», —  деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған бір әңгімесінде:

«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп – тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» — деп сұрады баласы. «Ата – ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», — деді атасы. «Олай болса бағу – қағуда көп мағына бар екен ғой»,- деді баласы. «Бағу – қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді  түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің  айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен  ағаштай қисық өсерсің», — деді.

Қорытындылай келе,Ы.Алтынсарин қазақтың алғашқы ағартушысы,ұлы педагог,ұлт мақтанышы бола білген нағыз тұлға!

 

Cізге ұнауы мүмкін...

1 комментарий

  1. Керемет үлгі аларлық тұлға! Жастайынан балаларды ағарту ісіне айналасқан мықты кісі!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *