Қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр ма?
Қазіргі таңда қазақ тілінің қоғамдағы беделі артып келуде. Оған себеп-мәселелердің ашық түрде қоғам арасында талқыға салынуы. Тіліміздің осы күйінде сақталуына ат салысып, өзгеріске ұшырауына бей-жай қарамайтын саналы азаматтар мен азаматшалардың барына шың жүректен қуаныштымын. Алайда, осы мәселенің талқылануынан бастап ат тоңын ала қашқан адамдар жоқ емес, баршылық. Араларында жоғары шендегілер, мансап қуған бизнесмендер, тіпті жергілікті халық та бар. «Сонда олардың осыншалықты мемлекеттік тілге деген құрметі жоқ па?»-деген сауал еріксіз ойға келеді. Менің осы мәселеге қатысты айтарым бар.
Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, тәуелсіздік алғанға дейін тілімізге, дінімізге және ұлттық құндылықтарымыздың жоғалмауы үшін қылыш алып ұрысқа аттанған, КСРО кезінде жоғары лауазымды адамдарға арнап хат жазып, алдарына барып өз ойың ашық айтқан, алаңға шыққан, осы мәселелерге байланысты еңбектер жазған тұлғалар көп болды. Олар қан сырап жатқанда «бекер күрестім» деп айтқан жоқ. Себебі қазіргі егеменді, бейбіт заманның боларына кәміл сенді. Алайда, сол жерді, тілді қадір тұтқандар қайда?
Сұрақ көп, жауап жоқ болғаны өте өкінішті. Ендігі мәселе, қазақ тілді өнімнің аздығы. Қазіргі кезде отандық «актуалды» жобалар-қаралымы көп өнімдер болып саналады және олардың басым көпшілігі орыс тілінде. Үш тілділікті қолдаймын, бірақ отандық жобалар алдымен орыс тілінде көтеріліп, одан кейін қазақ тіліне ауысқаны өте өкінішті. Негізі, керісінше болғаны әлдеқайда дұрыс әрі жағымды болар еді. Яғни, бұл- қазақ тілінің қоғамдағы рөлінің төмендігін дәлелдейді, мейлі оның беделі артып келе жатса да, жеткілікті дәрежеде емес. Еліміздің 70%-ы қазақтар екенін ескерсек, отандық қазақ тілді жобалардың рейтингі де, саны да біршама болуы керек емес пе?
Болашақта қазақ тілді өнімдер көбейетініне және сол өнімді тұтынуға даяр болар адамдардың сұранысы көп болатынына сенгім-ақ келеді. Сол кезде болашағы туралы, даму жайлы айтуға болады. Дегенмен, қазіргі таңда ол өнім жоқтың қасы, сондықтан ол өнімнің болашағы бар не жоқ екенін болжап айтудың өзі қиын. Қолымыздан келетіні-сену, әрекет ету, болашағы жоқ екенін жоққа шығаруға тырысу.