Ұмыт болған қариялар

Қарттарымыз – қазынамыз. Осылай деуімізге қарамастан, кейбір қариялар қара басы қауқайып осы күні бөтен босағаны паналап жүр.    Қашанда жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақтың бүгінгі ұрпағы неден сүрінді? 

Қарттар үйіне қарияларымызды тағдырдың тауқыметі, басқа салған жалғыздық, сыйласатын ортаның жоқтығы мен бос уақыттың көптігі жетелейді екен. Астана қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы халық арасында «қарттар үйі» аталып кеткен. Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедектермен қоса қарттар да өмір сүреді. Бас аяғы 300-ден астам адам. Алуан тағдыр иелерінің арқалаған мұңы ауыр.

76 жасқа келген Тілеуқабыл Жұмағұлов кезінде мектеп директоры болған. Оның бес қызы мен бір ұлы бар, алайда олар «ардақты әкем» деп ата-ананың қадірін біліп отыр дейсің бе? «Кемпірім қайтыс болғаннан кейін мені қызым бақты, соның қолында болдым. Павлодар қаласында тұратынбыз, кейін үйімізді сатып, осында көшіп келдік. Көлігімді де бір қызыма бердім, қолымдағының бәрін балаларыма таратып бердім, қазір менде түк жоқ. Зейнетақы аламын, бірақ оны да балаларыма беремін. Тіпті құжаттарым да балаларымда, солар алып қойды бәрін. Мені осы жерге әкелді де, қалдырып кетті. Оларды сағынамын, жүздерін қайта бір көргім келеді», деп қария өз мұңымен бөлісті.

Сорақысы сол, мұндағы қариялардың 80%-ының бала-шаға, немерелері бар. Сағындық Қарабаев есімді қызмет алушының орталықта  тұрып жатқанына үш жылға таяп қалды. Оның да артынан ерген балалары бар. Қарттық шағын қарттар үйінде өткіземін деп қария ойлап па еді? «2020 жылы тамыз айында келдім. Балаларым бар, бірақ олар қазір алыста. Анда-санда мені көруге жиендерім келіп тұрады. Жылқы бағатынмын, кейін көзім көрмей қалды. Сосын бұл жерге мені туыстарым алып келді. Жүрегіме, көзіме операция жасалды. Бұл жер маған ұнайды, бәрі таза, тиесілі күтім алып жатырмын. Алайда балаларымның жанында болғым келеді», дейді ол.

Қарттар үйінің қызметкерлері қарттарға өз балалары көрсете алмаған қамқорлықты көрсету үшін барын салады. Орталықта 32 жыл бойы медбике болып жұмыс істеп келе жатқан Альфия Қасенова мұндағы қарттар  жақынындай болып кеткендігін айтады. «Қарияларды жақсы көріп, құрметтеу керек. Олардың әрқайсының өз мінездері бар және олар арнайы күтімді қажет етеді. Олармен сөйлесіп, күлімдеу керек. Сол кезде олар да саған күлімдейді, сыпайылық танытады. Бәрінің өз тағдыры бар. Біреулерінің отбасы бар болса, біреулері жалғыз. Ал енді біреулерінің ұлы да, қызы да бар. Мысалы, ұлының әйелі, қызының күйеуі қарт ата-анамен бірге тұрғысы келмейді. Сондықтан оларға қысым болмау үшін, қарттар осы жерге келеді. Немесе, балалары жұмыста, ал оларға қарайтын ешкім жоқ, қараушы жалдауға жағдайлары келмейді. Сондықтан, балалары ата-анасын бізге ақылы түрде қамқорлыққа береді», дейді А. Қасенова.

Қарттарға қажетті қызмет көрсететін мамандар мекемеде жеткілікті. Басы ауырып балтыры сыздай қалса дер кезінде тиісті жәрдем беретін дәрігерлермен қатар тағайындалған дәрі-дәрмекті уақытылы ішуін қадағалайтын медбикелердің орны бөлек. Сол секілді күнделікті ас мәзірін қадағалаушы, аспазшы, жеке күтімге жауапты мамандар, массаж жасаушы, психолог, еңбек терапиясына баулушы, түрлі санаттағы санитарлар бар. ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңы бойынша қарттар зейнетақысының 70%-ы мекеме есепшотына түсіп отырады. Сол қаражатқа қарттарға дәрі-дәрмек, киім-кешек және жеке гигиена заттары алынады. Ал зейнетақының ең төмен мөлшері 48 мың теңге қарттардың өздерінде қалады.

Соңғы деректерге сай елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 249 ұйым бар. 20  мыңға жуық қарт осы мекемелердің тұрақты тұрғындары. Ардагерлер үйіндегі қарттардың арманы соншалықты асқақ емес, бар болғаны тек түн ұйқысын төрт бөліп баққан балаларымен бір шаңырақта тұрғысы келеді, бір дастарханда шүйіркелесіп шай ішкісі келеді. Аяныштысы сол, перзенттері ата-аналарына көңіл бөлмей, далаға қаңғыртып кеткені көңілге қаяу салады.

Орталықта егде жастағы адамдардың тұрмысы үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, бұл отбасының жылуын алмастыра алмайды.  Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрған қарттардың бала-шағасы жоқ емес. Қарты бар үйдің қазынасы бар деп он баланың бірі әкені қадірлеп сыйдыра алмағаны ақылға қонбайды. Қолда бар алтынның қадірін біліп жүрейік!

Аружан Нағашбай

#қариялар

#қарттар үйі

#қазына

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *