Қазақ қайраткерлерінің саяси ұстанымы- ел мұраты
Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіс. Еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресте еңбек сіңірген қайраткерлеріміздің саны өте көп. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пайда болуымен тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі.Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» депті. Алаш қайраткерлерінің басты мұраты ұлтты жұмылдыру, ояту болған еді.
Алаш қайраткерлерінің ұстанымының арқасында, талай жастардың патриоттық сезімі оянып, Қазақ елінің тәуелсіз ел болу жолында аянбай еңбек етті. «Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы аймағымыздың рәмізі еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеядажатыр.
Қазіргі таңда елімізде өте көп қоғам қайраткерлері бар. Оларға “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді. Бұл құрметті атақ 1999 жылы 29 шілдеде тағайындалған. Елімізге сіңірген зор еңбегі үшін аса көрнекті мемлекет және қоғам, мәдениет пен өнер адамдарына, өндіріс пен әлеуметтік саланың дарынды ұйымдастырушыларына беріледі. Бәрібір де Алаш идеясы ол мәңгі жалғасын табады. Жастарға жол сілтейтін, іштегі патриоттық сезімді өшірмейтін ұстаным десек те болады.
Бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Профессор м.а Абикенова Г.Е
Тарих факультетінің 1- курс магистранты Әбдуохап О.Ү