Әдебиет өмір

     “Әдебиет – адамның әбігер тіршіліктерінің айнасы болуы, оның қырық құбылуы, жалпы, әдебиеттің бір кездегі тындырғанынан қазіргі берері – ауызды қу шөппен сүрткендей-ақ; бұған қоса, адамның өз өмірін қорғауда дәрменсіздігін паш етеді; өмірден баз кешіп, біржола түңілгендерді тудыруға себепкер болады; өмірін қалай болса солай, еш мақсат-мағынасыз, босбелбеулікпен өткізуге үндейді; адам – адамға жат дегенді уағыздайды. Мұның өзі адамзат ақыл-ойы тудырған жауыздықтың зұлмат күшін тізгіндеп ұстау үшін, сол адамдардың бірімен-бірінің өзара тамаша түсінісуі қажет болып тұрған бүгінгі таңда да солай.”

     Бұл тіркес өнегелі өмірімен бәрімізге белгілі қазақ баспасөзінің ардагері Серік Әбдірайымұлының аялы аудармаларының бірі, Борис Васильевтің шығармасы «Мансап және махаббаттан». Пенде баласына берілетін саналы ғұмыр тізбегінде махаббаттан құдіретті, сезім шырмауын қиып түсер не бар бұл жалғанда?! Махаббатсыз бос дүниенің мәні мен сәнін, өмір дәмін келтірер ең бір нәзік те, нәркес сезім туындысына айналған бұл шығарма орыс халқы жазушыларының еңбектерімен қоса аударылып, қазақша айтқанда, бір шаңырақ астына жиналған. Яғни  бір кітап желісіне топтастырылған. Авторы, жоғарыда айтып кеткенімдей, қазақ журналистикасына өз үлесін қосқан баспагер-журналист, жазушы әрі көркем аудармашы Серік Әбдірайымұлы.

     Өмір жақсыны таңдай біледі. Бүгінде жазушының есімін Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде, қазақ аудиториялы оқырмандар арасында білмейтін жан жоқ. Дегенмен еңбек жолын әріден, ауыл шаруашылығынан, нақтырақ, қарапайым шаруа көлігі тракторшы ретінде  бастаған жазушы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1968 жылғы түлегі атанған. Алғашқы жетістіктер мен мемлекеттік жұмыстардың тізгініне себепші болған «Лениншіл жас» газетіне  университет бітірген жылы әдеби қызметкер ретінде жұмысқа қабылданады. Араға жылдар салып журналист «Өнер» баспасында Бас редактор қызметін атқарса, қалған ғұмырын «Санат» баспасына арнады.

     Әсілінде, шынайы талант, риясыз кісілік көрінбей қалады деп қауіптенудің қажеті жоқ. Олай бола қалған күннің өзінде, бойында ұлы қасиет барын білу жақсы адамды қанағатандырады. Иә, жақсы қасиет белгілі бір ұғыммен шектеліп қалмайды, оның ішіне адамгершілік, түйсік, көркем мінез сынды  дүниелер бұл тізімді толықтырады. Жазушы баспа саласында жүріп, өз шығармашылығынан құр алақан болып қалған жоқ. Редакторлығынан бөлек, көркем аударма, авторлық кітап да жарыққа шығарып отырды. Айта кетерлігі, аса көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітаптарына жеке және тікелей редакторлық жұмыстар істеп, олардың тыңғылықты түрде жарық көруіне себепкер болды. Кейіннен Димаш Ахметұлына жалалар жабылып, негізсіз айыптаған сәттерде жазушы қолдау білдіріп, ол кісінің жанында болғанын көз көргендер «Қасіретіңді түсінбедім, жалғыздық» кітабында баян етеді.                                              

     Кейде кейбір ортақ нәрселер адамдарды жақындатады. Сол себепті де әдебиет майталманы шетел әдебиеті мен қазақ әдебиетін бір арнаға тоғыстыра білген шебер аудармашы. Автор ойынан алыстамай, дәлме-дәл және көркем түрде жүректерге жол сала білу жазушының аса шеберлігінен хабар береді. Жалпы, тақырыбымызға арқау болған «Мансап және  махаббат» шығармасы болғандықтан, бұл ойды басты назардан шығармау керек.

     Махаббат, сезім тараулары қай заманда да ең өзекті, ең нәзік тақырыптардың бірі. Бұл туындыға арқау болған басты мотив те – махаббат. Бірақ бұл кітап желісіндегі «махаббат, мансап» сөздерінің аясы  тек ер мен әйел арасындағы сезіммен ғана шектеседі деген қате пікір қалыптастырмауы керек. Бір әңгіме – бір оқиға. Ал әрбір оқиғаның астары – психологиямен шектескен жас жұбайлар өміріне ерекше рең беретін бояу, кез келген құлыпты ашар кілт. Аудармада от басы ошақ қасындағы шағын әңгімелерден бастап, бала психологиясы, тіпті П. Куусбергтің «Монолог» психологиялық әңгімесі де енген. Арада болып жатқан түйткілді ақыл таразысына салып, ортаға тастар өліара шақта көмекші бола білетін, өмірлік кеңестер топтамасы десек те, артық емес-ау, сірә. Махаббат әдебиет классикасындағы біздің қиял мен тағдыр қоса алмай кеткен ғашықтардан ғана тұрмайды. Шындығында, ол хрусталь ыдыс тәрізді. Аялап ұстаған адамның көз қуанышы, жақсы көрген жанның жан жұбанышы болады. Хрустальды сындырғысы келетіндер мен сұлулығын ұрлағысы келер залымдар да кездеседі. Ортадағы сүйіспеншіліктің қандай сыналар тұсы болса да, ғашықтық сезімнің жүрек төрінде, ой түкпірінде мәңгі сақталып қала беретініне сенгендеймін.

     Жалпы, тіршілік қамы мен өмірлік қажеттіліктерді қамтамасыз ету кез келген адамзат баласына жүктелген міндет, ал сол уақыт аралығын саналы іске арнап, халық қалаулысы бола білсе, бұл адал еңбектің жемісі. Бұған дәлел, атап кеткенімдей, басты кейіпкерімізге арналып жазған «Қасіретіңді түсінбедім, жалғыздық» атты жинақ кітап. Кітапқа ел ағалары мен жоғары буын өкілдерінің Серік Әбдірайымұлынмен серіктес, қызметтес болған кезеңдердегі оқиғалары жазылған. Ең қызығы, журналист туралы жазылған ойлар мен естеліктер қатары тек қана жақсылықтар мен асыл да, көркем сөздермен айтылған. Сол арнау тілектер мен көңіл айту хаттарынан кейін, расымен де, өмірде шын жақсының бар екеніне еріксіз сендіреді. Бекзат болмысты, дарқан пейілді тұлғаның қазақ журналистикасында өзіндік сара жолын қалыптастырып, баспасөз бен көсемсөз саласында өшпестей із қалдырғанын ұмытпай, тұлғалық әдебиет өмірін шын дәріптейміз!

 

Айтолқын АРҒЫН

Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ,

Журналистика факультеті,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *