Журналистиканың қара нары – Серағаңның, ғибратты ғұмыры
Тарихы тоқсан жылға жуықтаған журналистика факультетінің түлегі Серік Әбдірайымұлының өмір жолы қызығы мен қиыншылығы қатар келген кезеңде өтті. Соғыстан кейінгі жылдардағы балалық шақ Серікті кішкентайынан төзім мен еңбекқорлыққа, қайсар мінез бен жігерлікке баулыды. Мектепті бітіре салысымен ауылда еңбек етіп, оқуға түсуге бар ынтасын салып, әрекет етті. Алматыға 1963 жылы келіп, бүгінге дейін өз биігінен төмен түспеген ҚазҰУ-дың студенті атанды. Бұл жолда қайраткер журфактың аңыз тұлғалары Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов, Қайыржан Бекхожин секілді ұстаздардан сабақ алды. Әбдірайымұлының талантын танып, арқасынан қаққан, білім жолындағы және өмір жолындағы ұстаздары мен достары еді. Бұл кісінің қол астында қызмет қылып, болмысын танып, жақсылығын көріп, шығармашылығымен жас ұрпақты барынша таныстырып жүрген, бүгінде артта қалған шәкірттері. Бір кездері Серағаңнан сабақ алған, қанатының астында болған өмірлік інілері де ол кісінің жанында жүрген кезеңін мақтанышпен еске алады. Серік Әбдірайымұлы «Қазақ университеті» баспасының директоры кезінде, жас журналистердің жолын ашты. Осы салада сіңісуіне, жобасының алға жылжуына өз үлесін қосып, ақжүрек аға атауымен қаншама жастың есінде қалды. Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді демекші Серіктің көпшілдігін, парасат-пайымын, ақжарқын мінезін, адамгершілігін, көзін көргендер ұмытпайды. Көсемсөз иесі, «Адам ісімен жасайды, алғанымен емес, бергенімен санатқа кіреді» деп өзінің эсселерінің бірінде жазған екен. Шынында, Әбдірайымұлының халқына да, қазақ әдебиетіне де, бергені көп. Бүгінгі баспасөздің бетінде ұмытылған көркем очерк жанры Серіктің қаламына қуат берген жанр болатын. Өз уақытында заманының кемшіл тұстарын ашып айтқан қайраткердің жазбалары халқының ықыласына бөленді, өз бағасын алды. Дүрбелең дәуір туып, қоғам басқа бағытқа бұрылғанда, адамгершіліктің биік шыңында қалған тұлғалар аз. Қиын заманда адамшылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Димаш атамыздың өр тұлғасын бір сұхбатпен көрсетіп, ақиқатын халыққа ашып берді. Димекеңмен бірге жүрген шағында етене араласып, қаламгер халқына өшпестей мұралар сыйлады. «Елу жыл ел ағасы», «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітаптары Серағаңның төккен терінің анық дәлелдері.
Қазақтың құрметті журналистінің бірі Қайырбек Мырзахметұлы өз мақаласында Димаш атамыздың қиын кезеңі туралы сөз қозғайды.
Сонау 86-ның Желтоқсаны ызғар шашып тұрған шақ. Екінің бірі бір-біріне үрке қарайтын кез. Қазақтың біртуар перзенті Д.Қонаев абыройын өсек-аяңмен көлегейлеп, шалғайынан тарта бастаған сәтте Серік азаматтық танытып, уайым-қайғысын сейілтті. Дүниеден өткенше араласып, 1993 жылдан Д.Қонаев қорының вице-президенті болды. Серік ғұмырында ешкімге қол жайған жоқ, мұң-мұқтажын айтпады. Қырық жылға жуық тас үйде отырып ұрпақ өсірді, немере сүйді. Бірде Димаш ағаны «отбасымнан дәм татыңыз» деп пәтеріне шақырды. Артық дүние жоқ, жағалай кітап толы үйге қайран қалған Димекең екеуінің арасындағы сөз мынау:
– Қарағым-ай, кезінде үйді де өзгертуге ықылас білдірмеген екенсің.
– Димеке, осы үйде өніп, осы үйде бала сүйдім… деп аяқтаған екен.
Кісінің басының қадіріне жеткен Ахметұлы талай рет Серағаңа көлік сыйлағысы келіпті. Алайда Әбдірайымұлы жигулиді де, волганы да алмай тектілік танытып, Димаш атамызды таң қалдырғаны бар. Кейіннен сол Серік Ф. Шаляпиннің «Перде жамылған пенде» повесін тәржімелеп, Қонаевтануға қоғамның назарын аудартты.
Осы тұста Серік Әбдірайымұлындай нар тұлғалы азаматқа талантты ақын Ибрагим Исаев көзі тірісінде арнаған өлеңдер циклінің әлдебір жерінде:
«Кездер келгенде Дала мен Тауды жалғайтын,
Азамат керек жала мен жаудан қорғайтын.
Жол салу керек қарсы алу үшін күндерді,
Болашақтардың бетінде таңба қалмайтын.» – деп жазыпты.
Расында да, Серағаң болашақтардың бетінде таңба қалдырмас үшін, Димекеңнің халқына кеткен уақыты мен абырой-намысын ақтап, қалқан болды. Қазақ әдебиеті газетінің екі нөмерінде сол кездегі газеттің редакторының орынбасары болған Оралхан Бөкейдің себебімен «Ақиқат айтылмай қалмайды» деген бас тақырыппен жаряланған сұхбатты ауруханада, жүрек сырқатымен жатып қағазға түсіріпті. Төсекке таңылса да халыққа қастерлі ұлының жақсы атын қайтарып берген Серіктің есімі мәңгілік болмақ. Бес-алты жаста әке тәрбиесінен қол үзгенімен, қазақтың қайсар әйелдері Дүрия мен Айжан әже қос құлыншағын нағыз азамат етіп, тәрбиеледі. Бұл кісілердің өзі үшін көтерген, ауыртпашылығы мен жақсылығын публицист «Қазақ елі» газетіне жарияланған «Қос алып, жүз жасаған қос құдағи» атты эссесінде жазды.
Әбдірайымұлы туралы журналист Қайырбек Мырзахметұлы өз мақаласында мынадай естелігімен бөліскен:
2006 жылы жаз айында ұлымыз Бағдат Жанарға үйленді. Той қаладағы «Бәйтеректе» басталды. Алматыдан Серіктің ағасы Жарылқасын, жеңгесі Қайыркүл, Серік келді. Серік тамылжыта сөйледі. Жас жұбайларға өзі жазған Д.Қонаев туралы «Елу жыл – ел ағасы» атты кітапты сыйға тартты. Сол кітап әлі үйде тұр. Парақтап оқимын. Сөз құдіреті осы кітапта өрнектелген.
Журналист осы тойдан кейін екеуі бірге үйге оралып, түні бойы әңгімелескені туралы айтады. Өз замандастары «Жеті жетім» атауы, әдеби ортаға жақсы танылып кеткен құрдастары жайлы тамыза сөз қозғайды. Жетпісінші жылдары қаламгер құрдастардың, жан достардың шағын тобы пайда болды. «Жетімдердің» басын қосқан Орекең деседі. Топқа Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбек, Қуанышбай Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Кәдірбек Сегізбаев және Серік Әбдірайымұлы кіреді. Орекеңнен өзгелерінің барлығының әкелері соғыста шейіт болған. «Жетімдер» аталуы да сондықтан екен.
Осы кісілерге қатысты Асанәлі Әшімовтың оқиғасын жазушы журналист Әлібек Асқаров былай деп жазады:
Бірде Асекең «Үнемі қастарыңдамын, әмпей-жәмпейміз, қуаныш-тілегіміз ортақ, мені де жетімдерге мүше етіп алсаңдаршы» дейді. «Ой, бұл қиын шаруа, ол үшін сен біраз сыннан өтуің керек» деп достары әзілдеп жолатпайды.
Жылдар жылжып жатады. Өмірден Оралхан Бөкей өтеді. Бірер жылдан соң Кәрібай Ахметбеков дүние салады. Астанаға көшіп кеткен Ақселеу кенеттен қайтыс болады. Ақселеуден соң араға бірер ай салып Серік көз жұмады.
Сол қайғылардың бәрін бірге бөлісіп, оқиғалардың қалың ортасында бірге жүрген Асанәлі:
– Әй, сендердің мына түрлерің жаман екен. «Жеті жетімдеріңе» мені қабылдамай-ақ қойыңдаршы! – деп әзілдепті.
Бала кезімізде қалың көрерменнің сүйіктісі 1998 жылы қайтыс болған, атақты композитор Нұрғиса Тілендиевке арналған деректі фильм жарыққа шықты. Бұл аңыз адамға да, Әбдірайымұлының еңбегі сіңген екен. Осы кісіге арнап біраз эсселер жазып, кейіннен «Қаһарман Нұрғиса» атты жинағын кітап етіп шығарыпты.
Ұстазымыз Темірғали Көпбаев өз мақаласында Серік Әбдірайымұлы көз тірісінде-ақ аты аңызға айналған ерекше дарын иесі Нұрғиса Тілендиевтің рухани інісі болды – деп жазған.
Былтыр ғана Шымкент қаласында жүз жылдығы атап өтілген,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымының кандидаты Асанбай Асқаровтың абыройын, Серағаң қайта қалыпқа келтіруге өз септігін тигізді. Қарттық келгенде тағдыр тәлкегіне түсіп, қорлық көріп, рухын жоғалтпаған Асанбай қарияның өз жұбайы Фатимаға жазған хаттары арқылы оқырманға айыпталушының адами болмысы мен тұғырлылығын танытады.
Әбдірайымұлының досы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының мына сөзі Темірғали Көпбаевтың мақаласында жазылған: «Сәкентайдың ісі мен сөзінде алшақтық болмайтын. Асанбай Асқаровтың, Нұрғиса Тілендиевтің өзі араласқан адамдардың көп қырын ашты. Сол кезде Серік жазбағанда оны кім жазар еді» деп еске алады.
Аз уақытта артынан өшпес мұра қалдырған Әбдірайымұлының аудармашылықта да орны өзгеше. «Мансап пен Махаббат» атты аудармалар жинағында түрлі жанрды қазақша тәржімалап, оқырманға әлем әдебиетінің жаухарлары мен классиктерін таныстырды. Кітаптың алғашқы бетінде әйгілі эстон жазушысы Пауль Куусбергтің дүние жүзі халықтарының бірнеше тіліне аударылған «Монолог» психологиялық әңгімесі: Қи қоңызынан бастау алып, адам баласына өмір жайлы түрлі ой салады. Жазушының шеберлігін айнытпай, қазақша көркемдеп, әр беріп, адам баласының жер бетіндегі табиғат қорғаушысы емес, тек қана бұзушысы немесе күл ˗ паршасын шығарушысы екендігін баяндайды. Осы тұста бұл әңгімеде маған ұнайтын сөйлем дейміз бе? әлде жазушының пікірі дейміз бе? Сөйлем тіркесі бар. «Мен бір нәрсені ˗ «өмірдің аты ˗ өмір» дегенді айтқым келеді; өмірдің өзінен басқа бағасы жоқ» Осы сөйлем арқылы біздің санамызда автор резонанс тудырады. Бұл кітапта тек европа әдебиеті ғана емес, әйгілі түріктің сатиригі Әзиз Несиннің кездесетіні Серағаңның шеберлілігінің нағыз дәлелі. Себебі әзілдің шыңына жеткен Әзиздің әңгімелері ешкімді енжар қалдырмайды. Оқырманның көңіл күйін, ойын кітап оқып отырыпта, басқа бағытқа бұрып әкетеді. Кітаптағы шығармалардың қай ˗ қайсы да жеңіл оқылады,көңілге түрлі ой салады.Ал кітаптың тақырыбына арқау болған, орыс жазушысы Б.Васильевтың «Мансап пен Махаббат» повесі шенді қызметкерлердің халық естімеген ақиқатын көркем түрде жеткізеді. Оқиғаның соңы Ткаченконың ғашығынан көз жазып қалғанымен аяқталады. Аударма оқырманға жеңіл, түсінікті тілде жазылған. Әрі аудармасы арқылы Әбдірайымұлы қазақ тілінің көркемдігі мен байлығын паш еткен.
Серағаңның 2008 жылы Санат баспасынан жарық көрген «Самғау» атты кітабы аңыз адамдардың өмірінен сыр шертеді. Танымал публицист Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Кеңес Аухадиев, Нұрғиса Тілендиев, Асанәлі Әшімов, Төлеген Қожамқұлов, Заманбек Нұрқаділов және Тауман Амандосов секілді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, жазушы˗ғалымдармен, өнер шеберлерімен болған сыр˗сұхбатын осы кітапқа енгізген. Халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген басқа да, белгілі азаматтар туралы көркем эсселерімен кітап іші толықтырылған. Ең қызығы автор өз кітабын бауыры Әбдірайымұлы Жарылқасынға арнаған.
Бүгінде журналистика факультетінің ғимаратында өнегелі ғұмырымен, ұмытылмас естеліктері сақтаулы, Серік Әбдірайымовтың атында шәкірт журналисттерге сабақ өтетін арнайы кабинет бар. Қара шаңырақта бұл кабинеттің бой көтергеніне он жылдан аса уақыт болды.
Сәулелі ғұмырын тек игі істерге жұмсаған Серіктің халқы үшін жасаған істері, ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Шынында да, қайраткердің қай жылдарына көз тастасақ та тек жақсы істеріне куә боламыз. Бүгінде ұлтының ұлағатты ұлы бола білген нардың зираты Кеңсайда орналасқан. Серағаңның жалғыз бауыры Жарылқасын ағамыз аңыз адамның зиратына отыз екі түп қайың егіпті. Ол қайыңды былтыр жазда өз көзімізбен көріп қайттық, бауыры өсірген қайың бүгінде Алатаумен жарыса өсіп, тамырын тереңге тастап, Әбдірайымұлының рухын биікке көтеріп тұрғандай.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ,
Журналистика факультеті,
Баспагерлік,редакторлық және дизайнерлік өнер
кафедрасының 2 курс студенті
Ақпердиева Таңшолпан Әбдімұратқызы