ЕАЭО-тың Қазақстан экономикасына әсері және бәсекеге қабілеттілігі
ЕАЭО-тың Қазақстан экономикасына әсері және бәсекеге қабілеттілігі
Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі, оны Елбасы М. Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінде дәріс оқу кезінде – 1994 жылғы 29 наурызда жария еткен болатын.
Тұңғыш Президенттің бастамасы тек 20 жылдан кейін ғана іске асты және бұл экономикалық одаққа кірген посткеңестік республикалар үшін тарихи оқиғаға айналды.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында қол қойылды. Аталған құжат Одаққа қатысушы елдердің экономикаларын дамыту үшін ұзақ мерзімді тұрақты жағдайларды қамтамасыз ететін еуразиялық интеграцияның дамуына бастау берді, сондай-ақ төрт еркіндікті: тауарлар, капитал, қызметтер және жұмыс күшінің еркін қозғалысын жүзеге асыруға мүмкіндік жасады.
Одақтың жұмыс істеуі кезінде бірлестік елдері азаматтарының өмір сүруі мен жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ілгері даму өзгерістері байқалуда. Одақтағы өнім айналымының жалпы ережелерінің арқасында тұтынушылар үшін сапалы және қауіпсіз тауарлардың саны артты, азаматтар ЕАЭО елдерінің кез келгенінен тең жағдайда ала алатын қызметтердің сапасы жақсарды.
Бүгінде еңбек етушілер Одақ ішінде еркін қозғалып, қосымша талаптар мен рұқсаттарсыз жұмыс істейді, олардың дипломдары өзара мойындалады. Олар қажетті медициналық көмекті ала алады, балаларды балабақшалар мен мектептерге бөледі. Бұл, ең алдымен, бизнесті және жалпы ЕАЭО елдерінің экономикаларын дамыту үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында мүмкін болды. ЕАЭО жаңа Кедендік кодексі қабылданды, соның арқасында кедендік операцияларды жасау мерзімі бірнеше есеге қысқарды. Сонымен қатар, Одақ ішіндегі сауда кедергілерімен күрес институтталды, 2016 жылдан бастап 51 кедергі жойылды. Соңғы жылдары Одақ ішіндегі өзара тауар айналымы шамамен 32%-ға өсті.
Әлемдік сараптаушылардың бағалауынша, XXI ғасырдың бірінші онжылдығындағы барынша серпінді 25 экономиканың арасында Қазақстан үшінші орынды иемденді. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы ЖІӨ 20 есе артты, сөйтіп, 2013 жылы 12 мың АҚШ долларын құрады, елдің алтын валюта қоры 90 млрд. АҚШ долларынан асты, бұл Қазақстан экономикасының 30%-ын құрайды. Кеден одағы құрылғаннан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне құйылған тікелей инвестициялардың көлемі екі есе өсті. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне құйылған шетелдік тікелей инвестициялардың көлемі 88% көбейді, яғни 2009-2012 жылдарда 1,8 млрд. АҚШ долларынан 3,4 млрд. АҚШ долларына өсті. Кедендік одақ жұмыс істегеннен бастап мүше мемлекеттердің өзара саудасының артқандығы байқалды және жалпы қазақстандық экспорт 2009 жылмен салыстырғанда 64% ұлғайды.
Жоғарыдағы оң көрсеткіштерге қарамастан бірсыпыра бағыттар бойынша Қазақстанның деңгейі әлі де төмен. Айталық «Жаңа технологияға қол жетімділік» және «Кәсіпорын деңгейінде технологияны қолдану» көрсеткіштері бойынша, сәйкесінше 88 және 78 орында.
7М04143 Цифрлық экономика, 2 курс магистранты
Талибаева Айнұр Иембергенқызы