Отбасы – тәрбие бастауы

Умирбаева Нагима 

 Тақырыбы:  Отбасы – тәрбие бастауы

Мақсаты: Отбасы тәрбиесін  үйрету.

Тәрбиенің ең негізгі саласы-жастарды шындыққа және адалдыққа тәрбиелеу. Баланың үлгілі, тәртіпті, көргенді болып өсуі, көбінесе, отбасындағы ата-ана мен туған-туыстарының тәрбиесіне, олардың өздерінің өнегелігіне байланысты. Жас балаға ес кірісімен-ақ отбасындағы жағдай өте үлкен әсер етеді.

Ерлі-зайыпты адам, не ағайынды кісілер немесе басқалар не болса соған балалардың көзінше бірімен-бірі ұрысып-қағысып жатса, былапыт ерсі сөздер сөйленіп, лайықсыз істер болып жатса,мұның бәрі жас балада жаман із қалдырады. Баланы шындыққа, адалдыққа тәрбиелеу мәселесі-әрі күрделі, әрі жауапты парыз. Кейбір ата-аналар баланың шыншыл адал да әділ болмауына кейде өздері, «байқаусыздық», жасап, соған жол береді. Мысалға, екі бала ойнап жүріп, жанжалдасып қалса, өз баласы басқа балаға қиянат істеп, жәбір көрсетіп тұрса да, көрер көзге өз баласын мақұлдап, кісі баласының ісін теріске шығаратын ата-аналар мен үлкендерге не лаж. Бақырайып тұрған шындықты теріске айналдырсақ, өтірік пен көрсеткен жәбір баланы әділетсіздік пен зорлыққа итермелейді. Қонаққа ертіп барған баласы сол үйдің бір затын үйіне алып келсе де, оны да ересек кісілер зерттеп, жарамсыз іс екенін толық ұқтырып, қатаң тыйым салмаса, оның да арты қиынға соғады.

Дана ақынымыз Абай: «Жақсы бала ата анаға қызық, жаман бала ата-анаға күйік» — дейді. Бұл өте орынды өмір дәлелдеп берген ақиқат. Демек,«бала-адамның бауыр еті, ең алдымен, сол баланың қызығын да, азабын да көретін ата мен ана. «Оларды жөргектен бастап бағып-қағатын да, өсіріп-ширатып, қанаттандыратын да солар. Оларға тұңғыш рет үлгі мен өнеге беретін де, сана мен сезім егетін де әке-шеше. Бала өз отбасында ерлікке, жігерлікке, батылдық пен батырлыққа, сөз бен істің бірлігі сияқты қасиеттерге тәрбиеленеді. Отбасында негізі қаланған тәрбие өсе келе өмірлік нысанаға айналады. «Таяқтау-оңай, тәрбиелеу-қиын», «Балақан өсіру-балапан ұшыру емес», деген мақал-мәтелдерден көруге болады. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлың өссе-ұлы жақсымен ауылдас бол», «Әке көрген тон пішер» деген мақал-мәтелдерде тегінен-тегін айтыла салған жай сөз емес.

Яғни, бала ата-анаға, қоршаған ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгілі өнегесіне қарап тәлім алады. Баланың адам ретіндегі қалыптасуында тәрбиенің негізі ата-анадан деп есептелгенімен, жүрген ортаның, ағайын-туыстың, жора жолдастың, ең әуелі туған жердің табиғатына дейін әсер тигізетіні ақиқат. Бұлардың бәрін ержетіп, азамат болуда ықпал етер шартты жағдайлар деп бағаласақ, көгеріп, көркейіп өскен жастың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын діңгегі — әке-шешесі. Алексей Максимович Горький:«Баланы кім жақсы көрмейді, тауық екеш тауық та өз баласын жақсы кореді. Әңгіме балалы ғана болуда емес, әңгіме сол баланы дұрыс тәрбиелей білуде» — деген екен. Демек, үйлену, балалы болу-табиғат заңы. Ал сол баланың тәрбиелі болуы әрі қоғамдық заң, әрі адамгершілік борыш екенін әрбір азамат ұғынуы тиіс.

Әрбір отбасы – бұл үлкен күрделі дүние. Баланың алғашқы тәрбиешісі ата-ана болып табылады. Ата-аналардың және отбасындағы үлкендердің басшылығымен бала тұңғыш рет айналадағы дүниені танып, өмірге және еңбекке дайындайды. Олардың мінез-құлық дағдысы, көзқарасы мен нанымы өз үйінде қалыптасады.

Өз халқының нағыз азаматын тәрбиелеуде ата-ананың рөлі ерекше. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық, пәктік сияқты халқымыздың асыл қасиеттері ерте заманнан бері атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға сіңіп келеді. Балаға айналасындағы өмір шындығы ауадай қажет.

Ең алдымен әке мен шеше өз ұлтымыздың әдебиетімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, тілімен, тарихымен, өнерімен тереңірек таныс болуы тиіс. Осындай талап тұрғысында әке мен шеше және отбасының басқа да ересектерінің жақсы қарым-қатынасы балаға айқын үлгі. Үйдегі үлкендердің бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек сүйгіштігі, ізденістері – бәрі де балаға өнеге.

Баланы дұрыс тәрбиелеуді, жақсы әдет, дағды қалыптастыруды ерте бастан ескерген жөн. Ата-ананың өзара тату сыйластығы, мейірбандық пен ықыласты сөйлеген сөздері – бәрі-бәрі балаға ерекше әсер етеді. Отбасындағы ұрыс-керіс, орынсыз жанжал, балағат сөз баланы жақсы әдетке тәрбиелемейтіні белгілі, өйткені бала іштей тынып, не істерін білмей, өмірден қағажу қалуы мүмкін. Жағымсыз көріністер баланың ар-намысына, ожданына, пәк сезіміне дақ түсіреді.

Ата-ананың жағымсыз мінезі балалардың дөрекі, тілазар, қатыгез, өзімшіл болып өсуіне әсер етеді.

Баланың нағыз азамат болуына ықпалды ортаның бірі – жолдас-жоралары, достары. Әр қилы отбасында тәрбиеленген балалардың психологиялық ерекшеліктері де сан түрлі болады. Оларға өскен ортаның туған-туысқандардың, дос-жолдастарының ықпалы өте зор. Ата-ана баланың достарын, достық қарым-қатынастарын, мінез-құлықтарын білген жөн. Олардың өзара қарым-қатынастарына құрметпен қарауы керек.

Ата-ананың себепсіз ренжіп, қабақ түйіп, «осы балаларды неге ертіп келесің, басқа достар табылмады ма?»,- дегендей сөйлеуі дұрыс емес. Мұндай көзқарас баланың намысына тиеді, қатты мазалайды. Ата-ананың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, көршілерімен, сыйлас достарымен қарым-қатынасы баланың өмір жолында сабақ болары хақ.

Сондай-ақ, үй ішіндегі заттардың өз орнында болуының да мәні зор. Мәселен, ол бұйымдар шашылып жатса, ата-ана қарамаса, баланың мінезі де алқын-жұлқын тартып, бойынан сабыр кетеді. Сондықтан не нәрсені де ұсақ-түйек деп қарамай, жауапкершілікпен сезініп, назар аудара білген абзал.

Балаға «сенің қолыңнан келмейді», «сен – бұзықсың», «сенен жақсы адам шықпайды» деп зеку қате. Мұндай сөз балаға түрпідей тиіп, кері әсер етеді. Бала тәрбиелеуде аталық өсиет, даналық сөздерді қолданған дұрыс.

Бала өнегелі болса, сөз жоқ, ол көрікті болады. Сіз, құрметті ата-ана, ұлыңыздың не қызыңыздың мектепте нашар оқығанын қаламайтыныңыз белгілі. Ал «кейде» не «күнде» балаңыз «2» деген нашар баға алса, онда оған ренжисіз, сөгесіз, тіпті тілдеп те жібересіз.

Сондай кезде баламен ұрыс-керіс тудырмай-ақ түсінісіп, жөн сілтеуге бола ма?

Әрине, болады.

Ендеше, психологиялық тұрғыдан берілетін төмендегі 14 кеңеске құлақ түріңіз:

Таңертең (не түсте) бала сабаққа барарда баланы жайлап қана оятыңыз. Сіздің биязы үніңіз бен күлкіңіз-ақ ұйқысын ашуы тиіс. Кешегі бір теріс қылықтарын айтып, басқа түкке тұрмайтын нәрсеге жүйкесін жұқартпаңыз. Яғни, тамағын ішпей жатып ұрыс-керіс ұйымдастырмаңыз.

Егер балаңыз сабақтан кешігетіндей болып жатса, онда «бол да болдың» астына алып айғайламаңыз. Оны ертерек оятпаған өзіңіз кінәлісіз.

Баланы сабаққа (әсіресе, таңертең) ашқұрсақ түрінде жібермеңіз.

«Бұзық болма», «Қисалаңдамай тыныш жүр», «Бүгін 2 алсаң, құртамын» деген ескертулерді жиі айта бермеңіз. Керісінше, оған жылу сыйлап, жақсы баға алып келуіне тілектестік білдіріңіз.

Есіктен кірмей жатып, «Бүгін қандай баға алдың?» деп бас салып балаңызды сұрақтың астына алмаңыз. Мектептен келген балаңызды көңілді қарсы алыңыз, оның сабақтан шаршап келгенін ескеріңіз. Егер бала әлденеге ренжіп келсе, бірдеңе айтпақшы болса, «сені тыңдауға уақытым жоқ» демей, арнайы көңіл бөліп, мұқият тыңдаңыз.

Бала бірдеңеге ашуланып жүрсе, үндемеңіз. Сабасына түскен соң, ол болған жайды өзі-ақ айтады.

Балаңыздың қылығы үшін мұғалім сізді шақыртып алса, өзара әңгімеге балаңызды қатыстырмаңыздар. Үйге келген соң балаңыздың да пікірін тыңдап барып, қателіктерін жайлап түсіндіріңіз.

Мектептен келе сала баланы отырғызып қойып, сабаққа дайындалтпаңыз. Олар да 2-3 сағат ойнап, демалғаны жөн, түсте ұйықтап тынықсын. Бесін мезгілі – сабаққа әзірленудің сәтті кезі.

Бір мезгілде барлық сабаққа әзірленуді талап етпеңіз. Әр сабаққа

үзіліс жасау арқылы әзірленген дұрыс.

Сабаққа әзірленіп жатқан баланың желкесінен төніп тұрмаңыз. Дөрекі сөйлемеңіз. Одан да көмектесіп, бірлесіп дайындалыңыз.

«Егер сен осы сабақты орындамасаң» деп басталатын тәртіпке шақыру баланың жүйкесіне әсер етеді. Одан да өзіңіз кірісіп, жайлап жетектеп отырыңыз.

Күнде жарты сағат ештеңеге алаңдамай балаларыңызбен емін-еркін, жақын тартып, әңгімелесіп тұрыңыз.

Балаңыздың көңіл-күйі нашар болса, басы ауырса, бірден назар аударыңыз. Ол сабақтан зорығуы мүмкін.

Егер балаңыз айтқаныңызды тыңдамайтын болса, онда ұстазымен, психолог маманымен, дәрігермен кеңесіңіз.

 

Халық даналығында:

«Балаңды 5-ке дейін патшадай тәрбиеле,

15-ке дейін еңбекке құлыңдай тәрбиеле,

15-тен кейін ақылшың ретінде ұста» деген керемет ұлағатты нақыл бар. Соны әрдайым басшылыққа алыңыз.

 

Бала бойындағы жағымсыз мінез-құлықтар үнемі есепке алынса;

Ата-анамен мұғалім бірлікте болып, баланың жақсы, жағымды істері ылғи марапатталса;

Қоршаған ортадағы теріс әрекеттерден үнемі сақтандырып отырса, мұғалім мен ата-ана әрқашан сергектік, шыдамдылық танытып, жан жылуын беріп, шеберлік көрсете білсе, онда балаларымыз өзімшіл болмай, қиындықтан қашпай, міндеті мен парызын орындайтын ұрпақ болары анық.

 

Ата-аналар кодексінде:

Ата-ана ерекше жағдайда ғана емес, тәрбиемен ұдайы айналысуға міндетті;

Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өзіміз тәрбиелі болуымыз керек. Тәрбие беру – ақыл айту емес;

Баланы жақсы көргеніңізді мейірімді, жылы сөзбен жеткізіп отырыңыз;

Мектептегі жағдайды жақсарту мақсатында ұсыныстар айтуға құқыңыз бар.

 

 

Қателігін түсіне білетін,

Дұрыс жүріп, күтіне білетін,

Үлкенді сыйлап, кішіні сүйетін,

Білімді жинап, дүниені шолатын балаларыңыз үлкен азамат болып өссін!

Сөз соңын ұлы ұстаз Макаренконың:

«Баламен шындап сөйлесу үшін орын мен уақытты таңдай біліңіз. Кіре берістегі, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде керекті із қалдырмайды» деген парасатты оймен түйіндегенді жөн көрдік.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *