ҚАЗАҚТЫҢ ХАНЫ АБЫЛАЙ

Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 17711781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы.  

«Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, Төле бидің қолында өскен болашақ ұлт қайраткері оның тәлім-тәрбиесін молынан көреді. Қазақтың болашағы тек бірлікте екендігін ұғынған Абылай хан ат жалын тартып мінген сәттен бастап, саналы ғұмырын осы жолға арнайды. Әбілмансұр ел өміріне ерте араласады. Бұқар, Үмбетей жыраулардың және т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне сәйкес 20 жасында қан майданда ерлігімен танылады. 1730 жылдары орын алған бір ұрыста Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры Шарышты жеңіп, жауға «Абылай!» – деп ат қояды. Осы ұрыстан соң Әбілмансұр Орта жүздің сұлтаны деп танылып, ендігі жерде халық арасында Абылай атанады.

XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай Ресеймен және Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың қолдауы арқасында жоңғар басқыншылығын талқандауды жөн көрді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ әскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, жауға қарсы көтеріп, басын біріктіріп, негізгі әскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел екенін көрсетті.

1771 жылы үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. Оның хан атағын Қытай императоры да, орыстың ақ патшасы да бекітеді. Ресей патшасы Екатерина ІІ Абылайды хандыққа бекіту, әйтпесе, оған әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртады, алайда  Абылай хан ол  шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті жоқ», – деп жауап берген. Шын мәнінде де Абылай ханның тұсында қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы  саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ол өз мемлекетінің дербестігін бәрінен де жоғары санады. Өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізген Абылай Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Бүгінде Абылай ханның есімімен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының көшелері аталған. Оның есімі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне берілген. Петропавлда ханға қола шабандоз ескерткіші қойылып, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені ашылды. Ханның портреті Қазақстанның алғашқы ұлттық валютасы, 100 теңгелік банкнотқа, тәуелсіз Қазақстанның пошта маркасына салынған. Алматы, Көкшетау, Жезқазған, Ақтөбе қалаларында ескерткіштер орнатылды.Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.  Биыл Абылай ханның туғанына 310 жыл толып отыр. Қанша уақыт өтсе де, қазақ халқының жадында Абылай хан қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келеді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды. Мұхтар Әуезов жазған мына сөздерді дәл қазіргі Тәуелсіздік заманында еске алып отырсақ, артық болмас: «Қазақтың дербес ел болуына, әрі — беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас» — деген екен. Мағжан Жұмабаевтың да мына өлең шумақтарынан Абылай ханның елге қорған болғанын көре аламыз:

«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ.

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында ор, алдында көр, жан-жағы жау.

Сол кезде елге қорған болған Абылай,

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап»

Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін – еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды.  Үш жүздің басын қосқан Абылай хан жүріп өткен жол мен ол ұстанған бағыт-бағдар ұлттық құндылықтар негізінде қалыптасатын тәлім-тәрбиеден бастау алып, ұлтқа қызмет етуге үндейтін және сол арқылы өмірден өз орнын табуға ықпал ететін ұлттық ұстаным, яғни қазақ жолы болып табылады.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *