Түркі тұтастығын аңсаған Тұрар
Заурбек Айдын Ғалымжанқызы
Әл-Фараби ат.Қазақ ұлттық университеті
Филология факультетінің студенті
Ғылыми жетекшісі-Қозыбақова Ф.
Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
Жазықсыз жапа шеккендердің ішінде Тұрар Рысқұлов та бар еді. Алаштың арда азаматы 1894 жылы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында туылған. Әкесі Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы желтоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады. Тұрар Рысқұлов ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. Оның қаламынан ондаған кітап-кітапша, 100-ден аса мақала шығып үлгерген екен.
Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтты.
1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Меркі ауданында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады.
1918 ж. Денсаулық сақтау халық комиссары лауазымына тағайындалады және Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитеті президиумына мүшелікке өтеді.
1919–1920 жж. Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ Өлкелік партия комитетінің мүшесі, РК(б)П Өлкелік Мұсылман бюросының төрағасы қызметтерін атқарды.
1920 ж. Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.
1921–1922 жж. РКФСР Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссарының орынбасары, 1923–1924 жж. Түркістан Автономиялық Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы лауазымдарында жұмыс істейді және БК(б)П ОК Орта Азиялық бюросының, Түркістан КП ОК бюросының мүшесі болды.
1924–1926 жж. Коминтерннің Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Коминтерннің Моңғолиядағы уәкілетті өкілі, Қазақ Өлкелік комитеті Баспа бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
1926–1937 жж. РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.
1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшырады. Бүгінде Алматыда ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады.
ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Т. Рысқұловтың замандастарына тоқтала келе: Т.Рысқұловтың негізгі идеясы – жалпытүркілік идеясы. Түркістандық тұлға. Тұтас Түркістан идеясын әлемге мойындатқан тұлға. Ол туралы бірнеше пікірлер бар. Ол, біріншіден, таза большевик, коммунист болды деген ұғым бар. Екіншіден, пантуркистік ұйым жетекшісі деген ұстаным, үшіншісі белгілі бір рудың, жүздің, аймақтың өкілі ретінде ғана тану. Айтылған пікірлердің үшеуі де әлсіз, Тұрар Рысқұлов бұлардан әлдеқайда биік» деген болатын.
1933 ж. 9 наурыздағы Т. Рысқұловтың И. Сталинге жазған хатында Қазақстандағы ашаршылық пен босқын қазақтардың жағдайы баяндалған. Онда ашаршылық пен эпидемияның салдарынан босып көшкен қазақтардың ауыр жағдайы туралы былай деп жазады: «Қазақстанға көрші орналасқан аймақтардан алынған соңғы мәліметтер бойынша, ондағы босқын қазақтардың саны: Орталық Жайықта – 50 мың адам, Қырғызстанда – 100 мың адам, Батыс Сібірде – 50 мың адам, Қарақалпақстанда – 20 мың адам, Орта Азияда – 30 мың адам. Босқындар сонымен қатар, алыста жатқан Қалмақия, Тәжікстан, Солтүстік өлкелерге және т.б. жерлерге барған. Халықтың бір бөлігі байлармен бірге Батыс Қытайға босып көшкен. Қазақтардың орталық аудандарға босып көшуі сияқты мұндай жағдай Қазақстанда бірінші рет орын алып отыр. Бұл жай ғана көшу емес (малы бар болған жағдайда жазда алыс емес аумаққа көшетін), аштыққа ұшыраған адамдардың ішетін тамақ іздеп босуы. Босып көшу жекелеген аудандарда жалпы халық санының 40-50 %-на дейін жетті…Өткен жылғы көктемде қазақ аудандары мен босқындардың арасында аштық пен эпидемия салдарынан өлім-жітім көп болды…Жергілікті органдардың мәліметтері бойынша Торғай мен Бетбаққара аудандарында халықтың 20–30 %-ы қайтыс болды және қалған халықтың басым бөлігі босып кетті. Шалқар ауданындағы біраз ауылдарындағы халықтың 30-35 %-ы қайтыс болған…Қарқаралы ауданында 1932 ж. мамыр айында 50 400 адам болған, қараша айында 15 900 адам қалды және аудан орталығында күніне 15–20 адам қайтыс болады»
Қазіргі таңда Түркістан облысы, Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұлов атымен аталатын ауыл – ауданның орталығы болып саналады. Онда Ұлы тұлғаға арнап үлкен ескерткіш орнатылған және Рысқұловтай атамызға арнап көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, келер 2024 жылы Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылмақ.
Тұрар Рысқұлов – басшы бола білмектің, басқара білмектің, ел мен жерге, халыққа қызмет етпектің, зиялылық пен зияттылықтың үлгі-өнегесін көрсете білген тұлға. Түркі ұлттарының түгел тағдырын тым-тым тереңнен ойластыра алған, елінің маңдайына біткен азамат. Және оның есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгілікке сақталатын болады. Тұрар Рысқұлов, біріншіден, ұлт қайраткері, қазақ халқын ашаршылықтан құтқарып қалған бірден бір саяси тұлға. Азық-түлік жеткізу туралы Сталинге жазған хаты, Қазақстан-Сібір жолдарын салудағы белсенділігі оның қайраткерлігін айқындай түседі. Ол Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде еңбегі еленген тұлға екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, келешек ұрпаққа Тұрар Рысқұловтай қайраткерді таныстыру біздің парызымыз деп санаймын.