«Кедей сөзі» (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының газеті)
Қазақ баспасөзінің тарихының басында тұрған басылымдардың бірі – 1920 жылдың ақпанынан бастап Омбы қаласында жарық көре бастаған «Кедей сөзі» газеті қазақ еңбекшілерінің сауатын ашып, сана-сезімін оятуды мақсат тұтқан бірден бір газет.
Төте жазумен басылған мақалаларды кириллицаға аударумен айналысып жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай газет 1920 жылы ақпанда Ресей коммунистік /большевиктік/ партиясы Сібір бюросы мен Ақмола губерниялық революциялық комитетінің органы ретінде Омбы қаласында шығып тұрғанын, қазақтың ұлттық баспасөзі тарихында өзіндік орны бар екенін жеткізді. Тұңғыш редакторы – Мұқан Айтпенов. Сосын Бородихин жетекшілік етіп, Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев, Серкебаев алқа мүшелері, тұрақты қызметкерлері болған. «Егемен Қазақстан» газетінен кейін қазақ оқырмандарына жол тартқан басылым Сібір төңкеріс комитеті жанындағы Қазақ өкілдігі атынан жарық көрген. Уақыт өте келе «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы», «Солтүстік Қазақстан» атауларына ие болған. Алғашқы санынан бастап сауаттылық, ағартушылық, оқу-білімге жұмылдырушылық бағыттарын басты мұрат еткен.
Осыдан төрт жыл бұрын Теріскейліктерге сүйінші жаңалықты облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова жеткізді. Оның айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын жарық көрген «Кедей сөзі» газетінің алғашқы санының көшірмесі қазір жергілікті мұрағатта сақтаулы. Мұның жүзжылдық мерейтойы атап өтілген облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетіне үлкен тарту болған. Сөз арасында Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов және тағы басқа Алаш жұртының ірі тұлғаларының қолтаңбалары қалған «Кедей сөзінің» екінші саны осы жылдың басында Алматыдағы республикалық архивтен табылып, электронды нұсқасы жасалғанын айта кеткен жөн.
«Ресейдің ұлттық кітапханасында газеттің сақталғаны туралы ақпаратты мерзімді баспасөздің тарихын зерттеп жүрген жергілікті журналист Амандық Жантеміровтен білгеннен кейін осы мекемеге сұрау салынды. Бастапқыда «жоқ» деп жауап келді. Бұған қанағаттанбай кітапхананың өзге де қорларымен тығыз байланыс орнатылды. Сөйтіп табандылық танытқанның арқасында газеттің түпнұсқасы табылып, көшірмесі қолымызға тиді», дейді Сәуле Зейноллақызы.
Газет қағазы сарғайып, шеттері әбден көнергендіктен кейбір авторлардың есімін анықтау қиынға соғады демесеңіз, мәтіндердің барлығы дерлік жақсы сақталған. Бұл тақырыпты тереңірек зерттеу қазақ журналистикасы мен БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат тарихының ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге жол ашары сөзсіз. Қазақ баспасөзінің бүгінгі мұрагерлері – жас журналистер өз кәсібінің түп-тамырын тануға ден қояды деп сенеміз. Айтпақшы, «Кедей сөзі» газетінің тікелей мұрагері – «Солтүстік Қазақстан» газетіне биыл 103 жыл!
Ербол МЕДЕТБЕКҰЛЫ
Журналистика факультетінің 1 курс студенті