«Таң журналы„
Қазақ халқында тас бетіне қашалып жазған дүниенің маңызы мен мәні ешқашан жоғалған емес. Оған тарихымыздағы Тоныкөк, Күлтегін жырларының ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге жетуі дәлел. Газет пен журналдың қоғамдағы атқаратын рөлі де сондай. Олар мәңгілік. Кез–келген уақытта сарғайған парақтардағы ескілік тартқан жазуларды тауып алуға мүмкіндігіміз бар. Осыдан болар қазақтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының “Газет–журнал халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деп тектен–текке айтпауы.
Қазақ халқының тарихында Ахмет Байтұрсынұлының “Қазақ” газетінен бастау алатын газет–журналдардың тарихында 1925 жылы жарыққа шыққан “Таң” журналының маңызы зор. Ол (1922-23ж) жылдар арасында шыққан “Шолпан” журналдарының заңды жалғасы болып табылады.“Таң” журналының шығарушыларының қатарында Ш. Тоқжігітов пен А. Сайдалин–сынды атақты тұлғалар мен қатар жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов есімі де қатар аталады. Журнал бар болғаны төрт рет қана жарық көргенімен, қоғамдағыбіршама түйіткілді мәселелерді ашып көрсете білді. Авторлар өз материалдарын мазмұнына байланысты қарастырып, бөлімдерге бөліп қарастырды. Нәтижесінде, “Отантану бөлімі” мен “Әдебиет бөлімі”, “Ресми бөлім және “Шаруа бөлімі”, “Білім–тәрбие бөлімдерінде” халықтың жай–жапсары баяндалып, халық тұрмысын жақсарту жолдары баяндалды. Журналдың “Ресми бөлімінде” үкіметтен міндеттеліп тұрған қаулылар, түрлі заңдар мен ережелер шығып тұрды. Ал, қалған бөлімдерде халықтың көзін ашу үшін білім жайындағы мәселелер, тіл мәселелері мен тәлім–тәрбие мәселелері қозғалып отырды. Журнал ел тіршілігіне, тұрмыс салтына, саяси және шаруашылық, мәдениет мәселелеріне көбірек көңіл бөлді. Басылымда көбінесе хат-хабар, мақала, өлең, әңгіме, очерк т.б көркем әдеби шығармалар жарияланып отырды.
Журналдың ең негізгі бөлімі–әдебиет ретінде қарастырылған. Бұл бөлімнен жазушы Мұхтар Әуезовтың қолтаңбасы қылаң береді. Себебі, ұлыақын Абай Құнанбаевтың өлеңдері, ақын, жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы, Абайдың ұлдарының бірі Тұрағұлдың орыс ақындарынан аудармалары және аты аңызға айналған С. Дөнентаев өлеңдері беріліп, талданған.
Журналдың ең алғашқы саны 700 тиражбен жарық көре отырып, өзінің қолдаушыларын тапқан. Алғашқы санында Асан қайғының жерге айтқан даулары баяндала отырып ел мәселесі көтерілген. Сонымен бірге, “Қазақ қызы”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Қайғылы жетім” секілді әдебиеттегі бөлек бағыт пен үрдісті насихаттайтын шығармалар да басылып отырған. Осы арқылы қараңғы қазақтың көзін ашып, қараңғылықты өз нұрымен жоятын жаңа атып келе жатқан “Таң” арқылы әрбір салаға баули білген. Ел ақындары мен жазушылардың
таныстырып, өз тарихын танытуға да жұмыс жасаған.
Қазіргі таңда, «Таң» журналының жалғасы болып «Таңшолпан» журналы шығып отыр. Әдеби-көркемжурнал көпшілік қауымның арасында тарап жүрген танымды журналға айналған. Журнал жазушылар мен ақындардың жаңа шығармаларын үзбей жариялап келе жатыр. Журналдың биылғы таралымы – бес мың дана.
Сөзімізді қорытындылай айтқанда, “Таң”журналы әлі де болсын үлкен зерттеулерді қажет етеді. Бұл журнал сол заманда қаражат тапшылығына байланысты төрт рет қана шығарылып, кейін тоқтап қалған. Дегенмен, халық жүрегінде білімге деген ұмтылысты, күнделікті өмірдегі басты мәселелерді түсіндіріп, әдебиетке бағыттаған, заңдар мен қаулыларды халыққа ұғындырып отырған, туған жердің табиғаты мен жан–жануарлар дүниесін таныстыра білген журнал болды. Бұл журналдың әлі дк болсын маңызы үлкен. Халықтың көзі мен құлағына айналып үлгерген бұл журнал арқылы біз де өткен тарихымыздың куәсі боламыз.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718