“Казахская правда”газеті

 

      “Казахская правда”газеті

   Еліміз өз алдына дербес мемлекет ретінде тәуелсіздік алған жылдарда жергілікті ежелгі халық-қазақтардың ары мен намысына тиерлік түрпідей сөз жазатын,тіпті,тағдыры біте қайнасып болған ұлттар арасына әзәзіл отын тастарлық сөздері бар бірен-саран кісілердің пікірін жеткізген “орыс тілді”газеттер ұшырасты.

   Мұндай оспадарсыздыққа,азаматтық салиқалы,парасат-байыпқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын,ақылынан ашуы шапшаң,орынсыз қызба қанды мінез бен шалағай қисындардың тұрқы мен парқын ашатын қазақ зиялыларының сөзін “Егемен Қазақстан”газеті ең алдымен жариялаған еді.Бірақ сонда да қазақтардың өз арасына тарайтын өз тіліміздегі ешкімді алаламайтын азаматтық сөзімізді орыс тілінде де таратып,көпке жария ететін,ұлт араздығын тудырғыш ұшқалақ,айдап-салма пікірлердің жік-жігін ашып,тігісін сөгіп,орыс ағайындардың өз ортасына ой ойлататын бір басылымның болғанын аңсаған сәттері болды.Міне,осындай тілекті арқалап,орыс тілінде сөйлейтіндердің бәріне жетерлік ойды мақсұт еткен “Казахская правда” газеті жарық көрген еді.1993 жылдың қаңтар айынан бастап шыға бастаған бұл басылымның редакторы,өз заманының кемеңгер көсемсөзшісі-Алдан Айымбетов.

   Қалам қуатын халық игілігіне арнаған профессордың бір өзінің ерік-жігерінің арқасында газет 13 жыл бойы шығып тұрды.13 жылғы газет тігінділері бір дорбаға сыйып кетеді екен.Бар жоғы 175 нөмір.А3 форматты,кейде 4,кейде 8 беттік.Қаржыға байланысты кейде айына бір рет,кейде екі рет,кейде екі айда бір рет шығып тұрған екен.Газеттің таралымы 5000 дана еді.13 жыл бойы қазақтың намысын жыртқан,жоғын тірнектеп жүріп түгендеген,жағаласқанның жағасын алған “Казахская правда” қазақшыл ұлттық-патриоттық бағытты ұстанды.Газеттің беташар санында Алдан Айымбетов “Казахская правданы” “ұлтаралық татулықтың насихатшысы” деп таныстырады.Осы бағытты ол кісі соңғы нөмірге дейін ұстанып келді.Тіпті,ара-тұра газетті “Русско-Казахская правда” деген атпен де шығарып отырған.

   “Казахская правда” ұлтаралық қатынастардың ең бір асқынып тұрған кезінде патриоттық ниеттердің рупоры ғана емес,мәселені азайтып,қауқары тая қоймаған “қарсы беттің”екпінің басқан дипломатиялық акция құралы деу де қисынға келеді.Газет қазақтар мен Қазақстанда тұратын өзге ұлттар арасында алауыздық туғызғысы келетін басылымдарды үнемі жөнге шақырып отырды.Қазақтар мен орыстар арасына от тастағысы келетіндерді батыл да ашық әшкереледі.Сондай-ақ,саяси мәселелерге де көбірек көңіл бөліп,теңгенің де,басшылардың да жайын мақалаларында сөз етеді.Газет қазақ ұлтына бірден-бір жанашырлық танытқан басылым болды.Қазақ халқының қасіретті дерттерінің біріне айналған “Семей-Невада”жағдайына да жаңашырлықпен қарап,170 миллион 490 мың теңге жинап алды.

  Сол уақыттарда әлеуметтік саяси мәселелерді Алдан Айымбетов басылымға дөп басып шығарып отырған.”Если в Сарыарку переселяться казахи”деген мақалада ол кісі:”Астананың Ақмолаға немесе Орталық Қазақстанның басқа қаласына көшірілуі,меніңше,халықтардың ішкі қоныс аударуына ықпал етеді.Бұл идеяға қарсыластардың дені империяның қайта түлеуін немесе Солженицынның рецепті бойынша қазақ жерінің талан-таражға түсуін көксейтіндер екені тегін емес”,-деп жазыпты.Газеттің 175 санының әрқайсысынан да осындай ел мүддесін көксеген оңтайлы көзқарастарды,пікірлерді көптеп кездестіруге болады.Әлбетте,басылымның атының өзі айтып тұрғандай,ұлттық мүддеге байланысты тұстарда біржақты кететінін бүгіп қалу да шындыққа қиянат.Алайда оның да артында ел-жұртқа әлі күнге дейін арман болған ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың игі армандары жатыр.

   “Казахская правданың”соңғы нөмірі 2006 жылдың тамыз айында шыққан.Осы нөмірде Алдан Айымбетов редакцияның уақытша еңбек демалысына кететінің хабарлаған екен.Шындығында,ол кісі көп ұзамай мәңгі демалысқа шықты.2006 жылы “Казахская правданы”2 ай Ермек Нарымбай басқарды.Кейін газет Алдан Айымбетовтің қыздарының еншісіне қалды.Бірақ көп ұзамай Алдан ақсақалдың қыздары мен билік өкілдерінің келісімі бойынша газет біржола жабылды.

    Ұлттық-патриоттық мүдделер жолындағы күрестерде Алдан Айымбетов шығарған “Казахская правданың” 175 санының әр-қайсысының тарихи-құжаттық мәні бар деуге толық негіз бар.Өскелең ұрпақ Алдан ақсақалдың тарих алдындағы еңбегін соған қарап айқындауға,бағалауға міндетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті, 1 курс студенті

ТӨКЕН  Әйгерім

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Түркістан,26 сәуір.-2007.-12 бет./газет.

2.Алматы ақшамы,16 ақпан.-2008.-8-9 бет./газет.

3.Егемен Қазақстан,20 желтоқсан.-2001.-60 бет./газет.

4. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жылдар)./Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы, Ф.Оразаев.-Алматы:Білім,2010.-275 бет./кітап.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *