Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы
Жунисова Балакыз Абдурахмановна.
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«Қызылтөбе лицейі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Сұлтан Бейбарыс – Ұлы дала елінің барысы
Ата-бабаларымыздың қаһармандығын паш ететін, тарихта айрықша орын алатын батырларымыз аз емес. Батырды батыр ететін – алып күші, қайсарлығы,тез шешім қабылдайтын ақылдылығы мен ар-намысы. Қазақ халқында осындай батырларды «қара батыр» деп атайды. Сондай қаһармандарымыздың бірі – қыпшақ сұлтан Бейбарыс – барша түркі халықтарына ,мұсылман қауымына ортақ тұлға. Оны батыр ретінде ғана емес, адам құндылықтары тұрғысынан да тануға болады. Оның Мысыр елінде жасаған істері, салған ескерткіштері күллі әлемге мәлім.
Сұлтан Бейбарыстың құлдықтан сұлтандыққа көтерілген өмір тарихы да көп жайды аңғартады. Құлқамыт өмірдің мәні жоқтығын сезген жігіттің бойындағы тектілік құлдық санадан азат болуға ұмтылады. Табиғатынан еркін саналы, дала өміріне төселген жас Бейбарыс мәмлүктер арасында дараланып, дұшпанға қарсы шайқаста ерекше көзге ілінеді.
«Адамның батырлығы, батырға тән мінезі жағдаят үстінде сыналады» дегендей Бейбарыстың қанындағы қайсарлығы ,соғыс өнерін жетік меңгергені осы кезде танылады. Жорықтардан жеңіспен оралып, беделі арта түскен Бейбарыстың жақтаушыларының қатары көбеюі әрі Құтұздың «Халеб аймағына әмірші етем» деген сөзден тайқып шығуы билік тізгінін өз қолына алуға себеп болады. Асқан талантымен ерекшеленген Бейбарыс Мысырдың Құтұздан кейінгі сұлтаны болып, қазақ тарихында ғажайып тұлға ретінде қалыптасады .
Бейбарыс -алып қара күш иесі ғана емес, адам бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі оған тән. Батырдың асыл қасиеттері, кемеңгерлігі ел басқару ісінде танылды. Мысырда тұрақтылық орнап, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып өркендейді. Крест жорығы мен монғол шапқыншыларынан мұсылман қауымын сақтап қалып, араб елінде қыпшақ тілі мен мәдениетін дамытып, көреген саясаткер, даңқты әмірші екенін дәлелдеді. Оған «әл –Мәлик аз –Заһир» – «Жеңімпаз патша» деген атақ берілді.
Қорытындылай келе, өз заманынан озып туған, ерекше тұлға – Бейбарыс сұлтанның даңқы асып бүгінгі күнге жетті. Батыр бейнесі, іс-әрекеті ұрпағына үлгі болып қалды. Тек үлгі болып қана қоймай, Отан, туған жер, ұлттық ар-намыс, парыз туралы ойлануына себеп болды. Сонымен қатар әлемге қазақ халқын танытқан тарихи құндылығымызға- Ұлы дала елінің барысына айналды.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718