Кітап-сарқылмас асыл қазына

Халықаралық кітап күні сәуір айында белгіленсе де, көптеген мемлекеттерде кітапқа байланысты тағайындалған, жылдар тезінде үрдіске айналған айтулы мерекелер баршылық. Әсіресе Еуропа елдерінде кітап мерекелері дәстүрге айналып кеткен.

Мысалы,  Барселона қаласында Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен бір датада – 23-сәуір күні қаладағы гүл сататын жерлерде ұзын-сонар кезек басталады. Өйткені, осы күні ер адамдар өз сүйіктісіне бір шоқ қызыл гүл сыйлауы тиіс, ал оған ілтипаты ретінде бұрымдысы кітап тарту етеді. Ал Ирландияда кейіпкердің – «Улисс» романындағы Джеймс Джойстың құрметіне 16 маусым күні «Блум» мерекесін атап өтеді. Тарихы да қызық: 1904 жылдың 16 маусымында романның бас кейіпкері өз сүйіктісімен кездесуге барған екен. Міне, кітапқа, тіпті, оның кейіпкерлеріне деген құрмет Кәрі құрлықта жақсы қалыптасқан.Десек те, біздің елде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек, адам мен адамды оқығанымен, білгенімен салыстыру керек. Осы кезде бәсеке артпақ. Адамның жеңуге, жоғары болуға деген пендешілік құштарлығын пайдаға шешу керек. Шынын айтсақ, дәл осы қасиетті дұрыс бағытта бағындыра алсақ, кез келген адам дегеніне жетпек.

Тәмсіл келтіру бағзыдан қалыптасқан дағды. Адамшылық, білімділік, сананың ашықтығы – қазақтың көзі ашық азаматтары үздіксіз насихаттап келе жатқан мәселе. Осындай ұлы қасиеттерді игеру үшін немесе ояту үшін қажет құрал – кітап. Сананың сұранысына қарай әр азамат қалауындағы дүниені оқиды.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – дейді хакім Абай он сегізінші қара сөзінде. Данышпан тізген қасиеттің барлығы осы кітаптан табылмақ.

Француз халқы технологиялық, экономикалық заманда өмір сүріп жатса-дағы, негізін сауатсыздықты жоюдан алған «Кітап оқу күнін» әлі күнге дейін ауқымды шара етіп өткізеді, халқы оқу мәселесінде жауапкершілікті сезінеді. Мейрам күні Францияның ірі қалаларындағы алаңдарда жазушылармен, ақындармен кездесулер өткізілсе, барлық ақпарат құралдары әдеби тақырыптарды талқылап, тақырып шеңберіндегі бағдарламалар жасайды. Бұл мерекенің басталуына сауатсыздықты жою мәселесі себеп болғанын баса айтқан жөн. 1986 жылы ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтижесінде еңбекке жарамды халықтың 20 пайызы жазу мен оқудан мақұрым екенін анықтаған. Осы мереке халықтың дәстүріне сіңісіп, жалпыхалықтық сипат алған.

Жыл санап кітап өндірісі жанданып, сұраныс артып келеді. Жазу мәнері, тақырып алуандығы өзгеше сипат алды. Технологиялық заманға лайықталған жаңа жанрлар пайда болды. Бұл – үздіксіз процесс.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Т.ғ.к.,профессор Қозғамбаева Г.Б.

тарих факультетінің 1 курс магистранты Кеңес С.Б.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *