КІТАП ЖӘНЕ ЖАСТАР

14 ақпанда әлемнің 40-тан астам елінде Халықаралық Кітап беру күні атап өтіледі, онда адамдар достарымен, туыстарымен және тіпті бейтаныс адамдармен кітап сыйлықтарын бөліседі, сонымен қатар кітаптарды кітапханаларға, балалар үйлеріне, мектептерге, қайырымдылық ұйымдарына береді. Бұл мереке – Халықаралық Кітап беру күні (International Book Giving Day) – 2012 жылы пайда болды және балаларға кітап сыйлайтын және оқуға деген сүйіспеншілігін оятатын жандардың басын біріктірді. Бастаманы баспагерлер, кітап дүкендері, қайырымдылық қорлары және әлеуметтік ұйымдар қолдайды.

Оқу адамға әр түрлі және белсенді әсер ететінін және адамның жеке басының қалыптасуы мен дамуында маңызды функцияны орындайтынын біле отырып, оқуды қолдауды қоғам дамуының басым міндеттерінің бірі ретінде қарастыра отырып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих факультетінің тарих-география мамандығының 1-курс магистранттарына «Кітап және жастар» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Алдымен, студенттер арасында аталмыш мерекенің шығу тарихы баяндалды. АҚШ-тың Delightful балалар кітаптары сайтының негізін қалаушының ұлы Эмми Бродмур әкесінен адамдар бір-біріне кітап беретін ерекше күннің неге жоқтығын сұраған. Эмми бұл идеяға жігерленіп, бастамаға қатысу туралы ұсынысты желіге тарата бастаған. Осы сәттен кітап сыйлау күні қалыптасқан. Студенттер осы тұрғыда бір-бірімен қызықты фактілермен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Ұлттық әдебиетке оқырмандардың қызығушылығын қолдау және дамыту мақсатында оқу проблемаларына ғалымдардың, мамандардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің назарын аударту керектігі айтылды. Сонымен қатар, әлеуетті оқырмандарды тарту; кітап баспа ұйымдарының қазақстандық авторлардың кітаптарын басып шығаруға қызығушылығын арттыру; қазақстандық авторлардың әлемдік әдеби процеске кірігуі сынды кезекті мәселелерді де талқылады.

Кітап беру – бұл жақсы дәстүр, оны ұстану әсіресе балалар мен ересектердің оқуға деген қызығушылығы төмендеген кезде өте маңызды. Ұлтты бәсекеге қабілетті, ал елді өркендететін негізгі құрал да осы – оқу. Сондықтан кітап саласында жұмыс істейтіндердің барлығының міндеті-оқырманға ақылды, маңызды кітаптарға қол жеткізу, ұлттық авторларды қолдау. Ал Кітап беру күні бізге осы бағытта жұмыс істеуге көмектеседі. Белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, баспагерлер, кітап сатушылар, кітапханашылар өздерінің сүйікті кітаптары туралы айтып, оларды мұқтаж кітапханаларға сыйға тартады. Жыл сайын акцияға қатысушылардың саны артып келе жатқанына қуаныштымыз. Дөңгелек үстелге қатысушы магистранттар да өздерімен бірге өздері оқыған кітапарын алып келіп, ортаға қысқаша сипаттамасымен бөлісті. Соңында бір-бірімен кітаптарын алмастырып, сыйға тартты.

Магистранттарды бүгінде көпшіліктің санасы ғаламторға шырмалғандығы, ақапараттың көпшілігін кітаптан емес, интернеттен іздейтіндігі толғандырды. Байқасақ, бүгінгі таңда өркениетті елдер кітап оқуға ден қоя бастады. Оған себеп, көпшіліктің ұялы телефонға тәуелді болуы. Бала тұрмақ үлкендердің өзі одан бас алмайды. Соған орай әлем кітапқа бет бұрып, кітапқұмарлар ұйымы құрылуда.

Абай атамыз: «Барлық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге», – деп бекер айтпаған. Соны біле тұрсақ та, көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы төмендеді. Қазір шынымен де сананы ғаламтор жайлаған қоғам, кітапқа құлықсыз уақытта өмір сүріп жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз не болмақ? Сол себепті жастарды кітап оқуға тартудың жайын ойлайық. Бұл күнгі «дөңгелек үстел» соған арқау болады деген сенімдеміз.

Оқу мен кітапқа деген көзқарас әрқашан қоғам мен адамның мәдени дамуының өлшемі болып табылады.  Біз сізді осы ерекше акцияға қосылуға және жақындарыңызға кітаптар сыйлауға шақырамыз!

Т.ғ.к., профессор Козғамбаева Г.Б
тарих факультетінің 1 курс магистранты Баян Н.Е.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *