Ақкөз Қосанов – Меркі көтерілісінің жетекшісі

1.2 Ақкөз батыр – Меркі өңіріндегі көтерілістің жетекшісі.

 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде әр көтерілістің ошақтарында өз жетекшілері мен басшылары болғаны белгілі.Мысалы Торғайда – А. Иманов, Жетісуда – Б.Әшекеев болса, мен қарастырып отырған Меркі, Шу бойындағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы – Ақкөз Қосанұлы еді. Енді осы көтеріліс барысы туралы және де жоғарыда айтылған халық батыры Ақкөз Қосанұлы жайындағы мұрағат деректеріне тереңірек тоқталайық.

Ал, енді Меркі өңіріндегі көтерілісті басқарған Ақкөз Қосанов кім? Оның айналасындағылар кімдер деген сауалға жауап берсек. Ақкөзді бірде хан, бірде батыр, бірде көтерілісті бастаушы, тіпті, ұйымдастырушы деп жүр. Шын мәнінде осының барлығы да рас екен. Оны сақталған мұрағат деректерінен, әртүрлі жыр,  дастандардан кездестірдік. Мұрағат деректерінде Ақкөзді ақ киізге отырғызып хан көтергендігі және оның төрт бұрышын Құландағы есқараның 90 жастағы биі Са­тылған, Аша елінен келген Рүстембек, төреден Қарабала, қырғыз – Атасақал ұстағандығы айтылады.

1916 жылғы Меркі көтерілісі тарихта өзіндік із қалдырған айтулы оқиға. Көтеріліс және оның жетекшілері, қатысушылар туралы Т. Рысқұлов, М. Тынышпаев, Г. Сапарғалиев, М. Қозыбаев, К. Нұрпейіс секілді ғалымдардың зерттеулерімен қатар, Т. Қожакеев, Ш. Мұртазаның романдарында, мерзімді баспасөз беттерінде К. Рахымбаев, Ш. Мамасерікова, Қ. Сарымолдаұлы, Б. Дауылбаев, Б. Әбілдаев, Н. Омарғалиев, т.б. шығармаларында көркем әдебиет тұрғысында берiлген. Әсіресе, Меркі көтерілісіне қатысушы Қиялбай Сүгірұлының 1936 жылы жазылған «Ақкөз батыр» дастаны сол күндердің жаңғырығындай естіледі.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бүкіл Қазақстан мен Орталық Азияны толықтай қамтығаны анық. Тәуелсіздігімізді алғанымызға дейін, біраз зерттеушілер Қазақстандағы көтерілістің ең ірі ошақтары деп, Торғай мен Жетісуды атап келді емес пе ? Бірақ кейінірек  тағыда басқа көтерілістің ірі ошағы болғаны анықталды. Ол-әрине Шу өңірі. Көтеріліс проблемаларын одан әрі тереңірек талдағанда, оның орталығы 1916 жылы біртіндеп Шу өңірі бойына ауысты деуге негіз бар. Бұл деректі Әулиеата уезінің начальнигі полковник С.Н. Катальский да мойындайды. Егер дәлелдеп кететін болсақ, Меркедегі және өзгеде елді мекендердегі тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау үшін Әулиеата уезінің начальнигіне көмек бере отырып, осындай шараларды жасау үстіндеміз деп хабарлайды әскери губернатор:

·        Августтың 29 күні сағ 8-ден 30 минут кеткен уақытта Меркеге жарты рота солдат жіберілді. Оның ізінше төменгі шенді 25 атты әскер жасағы жіберілді. Тағы да жарты рота солдатты дайындап жіберейін деп жатырмыз.

·        Әскери начальниктің қатысуымен Шу учаскесіндегі поселкалардан қорғау қызметі барынша күшейтілген.

·        Августтың 30 күні таңертен Меркеге тағыда жарты рота солдат екі пулеметпен жібермекпіз. Бұл солдаттарды Головачевкада түнеуге тоқтаған 243 дружинаның батальонынан алдық. Соның артынан екі рота солдат жіберуге дайындалып отырмыз. Оны да 243 дружинаның батальонынан алмақпыз.

·        Уезд начальнигі телеграф арқылы Мерке приставы мен Жетісу приставына осы жіберілген барлық күштер туралы деректі жіберіп үлгерді.

Осы жіберілген күштердің ізінше Меркеге уезд начальнигі барады. Меркі приставы мен Әулиеата уезіндегі және Черняев уезіндегі толқуларды басу үшін, тағы да шұғыл түрде әскери гарнизондарды жіберу қажет[1]. Бұл 1916 жылы 30 тамызда Әскери губернатордың Мерке уезінің начальнигіне жіберген телеграммасына қарасақ, Мерке-Шу өңіріне көтеріліс кезінде біраз әскери роталар мен гарнизондарының жіберіліп жатқанын көреміз. Әлі де әскери күштін сол өңірге жұмылдыратынына қарағанда, көтеріліс кең дәрежеде өткен деген қорытынды шығарамыз.

Әулиеата уезіндегі көтеріліс Көшеней болысынан басталып, оның Меркі учаскесі кең-байтақ Сырдария облысы қазақтарының маңызды көтеріліс ошақтарының бірі болды. Тапсырма бойынша, Әулиеата уезінен 22 675 адам алынуға тиіс болатын. 1916 жылғы тамыздың аяғына қарай шақыру пункттеріне 3 мыңдай адам ғана келген.

Әулиеата уезіндегі толқу тамыздың бас кезінде басталады. Сырдария облысы әскери губернаторының міндетін атқарушы С.Геппенердің 1916 жылғы  21 тамыздағы облыстағы көтерілістің барысы туралы баяндамасында айтылғанындай: «Көшеней болысы қазақтарының 50 адамға жуық тобыры 1 тамызда орман күзетшісінің үйін қиратып, оның мүлкін талап әкетті. Орыс халқы үрейленіп, поселкелерден қашып жатыр, ал қазақтар көршілес Пішпек уезінің болыстарымен қосылып, қыр көрсетуде және жұмысшылар бермейміз деп мәлімдеуде». Көп кешікпей бұл толқулар қарулы аттаныстарға ұласты. 1916 жылғы 20 тамыздағы құжатта былай делінген: «Меркі учаскесінде қарулы тәртіпсіздіктер басталды. Меркі-Пішпек телеграф қатынасы үзілді, көтерілісшілер Меркі-Әулиеата телеграф қатынасын үзіп тастады. Олар Меркі станциясына үш жағынан өрт қойды, ал көтерілісшілердің бір бөлігі Луговое селосын қоршап алды. 20 тамызға қараған түні көтерілісшілер прапорщик Дутко командалық ететін жазалау отрядына шабуыл жасады» .

Mеркі учаскесінің Қорағаты болысында көтеріліске басшылық жасаған елге ықпалды адам Ақкөз Қосанов болды. Көтеріліске қатысушылар өздерінің бас қосқан жиынында Ақкөзді арнайы басшы етіп сайлады. Ол кезінде болыс болған, бірақ орта шаруасы бар жігерлі де сергек ойлы, намысшыл ер азамат еді, патша шенеуніктерінің, болыс, байлардың алдында именбей тік сөйлеп, әділ пікірін ашық айтатын. Жасының мосқал тартып (67-де) қалғанына қарамастан өте қарулы, қаһар тұлпарына мінсе, қайтпайтын қайсар жан еді.

Осындай ұйымдасқан көтерілістің басшысы – әрине, Ақкөз Қосанов. Бірақта осындай керемет тұлғаға бағыт бағдар беріп, Ақкөз бен қатар көтерілістің саяси жетекшісі бола білген Тұрар Рысқұлов екені жайлы біз білеміз. Mеркі көтерілісінің басшылары мен оған қатысушылар жайлы айтатын болсақ, біз Т. Рысқұловты осы көтерілістің зерттеушісі ғана емес, соған тікелей қатысушы, Ақкөз батырдың кеңесшісі ретінде де тануымыз керек. Көтерілістің бастапқы кезеңінде Т.Рысқұловта атсалысты. Көтеріліске шыққан халықтың нашар қаруланып, жүйелі түрде ұйымдасқан іс-қимыл көрсете алмауы олардың қарсыласу мүмкіндігін шектеп, ұрыс даласында орасан зор құрбандықтарға ұшырауына алып келді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, саяси сауатты Т.Рысқұлов көтерілісшілер арасында тез бедел мен сенімге ие болып, көп ұзамай көтерілісшілердің саяси басшысына айналды. Т.Рысқұлов оларды ұйымдасқан іс-қимыл жасауға, ұсақ топтармен әрекет істемеуге уағыздайды, негізінен, патша әкімшілігіне қарсылық көрсетіп, орыс шаруаларына тиіспеуге кеңес береді. Ол көтерілісшілер көп шоғырланған жерлерде жиындар өткізіп, патша өкіметінің, жергілікті билік орындары басшыларының саясатын әшкерелеп, халықты түрліше арандатушы тыңшылардан сақтандырады.

Т.Рысқұлов Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеп отырды.  T.Рысқұлов патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен болмай қоймайтын қақтығыстарды сезе білді және көтерілісшілерді ұйымдасқан түрде іс-қимыл жасауға, азғантай топтармен әрекет етпеуге үгіттейді, негізгі қарсылықты патша әкімшілігіне көрсетіп, орыс шаруаларына және олардың қоныстарына тиіспеу керектігін айтып ақыл кеңес береді[2].

Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Т.Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқынға алды. Бірақ оны іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатып жіберуге мәжбүр болады. Саяси қызметпен айналысуға оған қатаң тыйым салынады. Түрмеден босаған Т.Рысқұлов бір айдай қатты науқастанып, көтерілісшілерге қол ұшын бере алмай қалады. Бұл кезде патша өкіметінің жазалаушы отряды көтерілісшілерді талқандап, халықты қуғын-сүргінге түсіре бастаған болатын. Ол өз алдына жеке зерттеуді талап етеді. Сондықтан зерттеу нысаны ретінде алынып отырған тақырыпқа қайта ойыссақ, көтеріліс басшысы Ақкөз Қосанұлы (1859-1921) – Ұлы жүз Дулаттың Ботбай руынан шыққан. Қорағаты болыстығының болысы да болған.

Мәселен, 1916 жылғы көтерілісшілерге бата беріп, ақыл айтқандардың арасында 75 жасқа шыққан Тортай бидің де болғаны Қиялбай Сүгірұлының дастанында айтылады. Ботпайдың төрт тірегінің бірі саналған Тортай Күсейұлы 17 жасында 1858 жылы Қоқан ханы Құдыярдың қазақтар мен қырғыздарға малмен қатар қыздарға да зекет салығын салған зомылығына қарсы Сыпатай батыр бастаған көтеріліске қатысып, жеңіске жеткен сарбаздардың бірі ретінде көп кеңес айта алатын тәжірибелі де атақты би еді. «У ішсең руыңмен іш » дейтін қазақы қағиданың көбесі 1916 жылы әлі сөгіле қойған жоқ-ты. Бұл көтеріліске қазақтың орысша мектепте оқыған жастары, кейбір тілмаштары, оның ішінде Шыңғыс хан тұқымы саналатын Қарабала Әсімов сияқты төрелер де қатысты. Көтеріліске Ташкенттен келіп қатысқан студент, кейін әлемдік деңгейге көтерілген қайраткер Тұрар Рысқұлов сол өзінен жасы үлкендеу Қарабала Әсімовтың ағалық қамқорлығын көргені белгілі. Қарабаланың туған інісі ақын Ысқақтан қалған жыр жолдары да ел есінде сақталған. Ысқақ ақын өз ағасы Қарабала туралы :

Демес жұрт Қарекеңді бұрыс қылды ,

Бүлінген көп жұмысты дұрыс қылды.

Кегімді ақ патшадан аламын деп ,

1916 жылы ұрыс қылды , – деп жырлаған ғой.

Көтеріліске қатысушылардың арасынан екі ақын – Әлтай Сүйінішәліұлы мен Қиялбай Сүгірұлы дастандар шығарған. Суырып-салма ақын Әлтайдың «Қолаба» дастаны көтерілістен соң – 1927 жылы меркелік қаламгер Рахымбай Құлбаевтың көмегімен қағаз бетіне түсіп, 1936 жылы «Он алтыншы жыл» атты жинақта жарияланған. «Қолаба» – арабша «ғалаба», яғни жеңіс деген сөздің қазақша айтылуы. [3].

Бұзау аулынан шығып, Меркі, Құлан өңірінің 7 болыс елін көтеріліске бастады. Ақкөз батыр 18-19 жасында 80-нен асқан Сыпатай батырдың батасын алған. Оның орынбасары болып Досмайыл Сырғабайұлы (1938 ж. қайтыс болды), хатшы және діни басшысы болып Өмірзақ молда сайланды. Ақкөз батыр бастаған көтерілісшілердің қатарында екі мыңға жуық сарбаз болды. Көтерілісшілер Меркіден Пішпекке, Әулиеатаға тартылған телеграф желілерін қиып, бағаналарын қиратты, Луговое селосын қоршауға алды. 20-тамыз күні прапорщик Дудко бастаған жазалаушы отряд бір түн бойы көтерісшілерден қорғануға мәжбүр болды. Луговое селосына таяу маңда салынып жатқан темір жол стансасына шабуыл жасаған көтерісшілерге қарсы 100 адамнан тұратын атты әскер жөнелтілді. Новотроицкое селосында көтерілісшілерге қоныс аударылған немістер қолдаушылық танытып, оларға азық-түлікпен көмек көрсетті. Көтерілісшілер қатарында Әулиеата мен Ташкент өзбектерінің өкілдері де болды. Көтерілісшілер басшысы Ақкөз Қосанұлы тұтқындалып, Әулиеата түрмесіне жабылды. Жазалаушылар қысымымен кейбір қазақ ауылдары босқыншылыққа ұшырап, Қытайға ауа көшті. Мұндай қазақ ауылдары 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін, уақытша үкімет көтерілісшілерге кешірім жариялаған соң ғана өз жеріне қайта оралуға мүмкіндік алды. Жазалаушы қосындар қазан айында Ақкөз батырды ұстап, Әулиеатаға түрмеге жабады. Ақкөз батыр бастаған көтерілісшілерге қарсы 26 қылмыстық іс көтеріледі [4, 244-248 бб.]. Түрмеден Қазан төңкерісінен кейін босап шықты. 1919 жылы Ново-Троицк (қазіргі Төле би) базарында орыс отаршылдарының бұзақыларын өлімші етіп сабап, сегіз қабырғасын сындырды. Ақкөз батыр екі жыл төсек тартып жатып, 1921 жылы көз жұмды.

…1917 жылдың 12 ақпанында Әулиеата уезінің №6 бітімгершілік сотының (мировой судья) 1916 жылдың 29 тамызында Меркі өңірінде болған көтеріліске қатысқан №7 ауылдың тұрғындары Жұмағұл Сүлейменов пен Сейділдә Жабакеевтің, 11-ауылының тұрғыны Молжігіт Құдабаевтың қылмыстық істері қолымызға түсті. Бірінші істе Жұмағұл мен Сейділдә №7 ауылдың старшины Темірбек Ормановты айдалада күтіп алып, қамшымен сабап, шаңырақ тізімін тартып алып, жойып жіберген. Осы оқиғаға дейін ауыл жиынында Темірбек Орманов №7 ауылдан майданның қара жұмысына алынатын азаматтардың аты-жөнін айтып, тізімдеген болатын.

Сот ісінде ауыл старшынын сабап, шаңырақ тізімін тартып алып, жойып жіберген Ж.Сүлейменов пен С.Жәбікеевтің іс-әрекеттері туралы бірнеше адамдар куәлік берген. Бізді таңғалдырғаны осы сот ісінде қазақтың атпал азаматтарының бірі, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі Мақсұт Жылысбаевтың куәгерлікке тартылуы. Ол бұл кезде Меркі приставында аудармашы әрі писарь болып қызмет істеп жүрген. (М. Жылысбаев 1922-24 жылдары Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейінірек Қазақ АССР Сауда халық комиссарының орынбасары… Осындай ірі қызметтер атқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған). Ол өзінің жауабында бұрынғы писарь Жұмағұл Сүлейменов біреулердің айтуымен майданға алынатындардың қатарына жасы ұлғайғандарды да, бір үйдің жалғызын да қосып жібергенін, сондықтан да ол түні бойы жұмыс істеп, тізімді қайта дайындағанын айтқан. Сонымен бірге жаңа тізім жасап жатқан Мақсұтқа Жұмағұл түнде келіп, тізімге кедей-кепшіктердің, нақтылап айтқанда жұмысшылардың тізімін енгізуге қарсылық көрсетіп, «оларды тізімге енгізсең өлтірем» деген. Осыған қарағанда старшынды сабап, шаңырақ тізімін тартып алудың сыры әрқалай болуы мүмкін. Алдымен өзінің қателігін жойып жіберу, одан кейін майданға қара жұмысқа адам алуға түбегейлі қарсылық көрсету деп түсінген жөн сияқты. Орайы келгенде айта кетейік, Мақсұт Жылысбаев жерлестеріне әркезде көмекке келген. Мәселен, конфескация кезінде де оның көмек қолын созғанын нақты тарихи құжаттар арқылы білеміз.

№6 бітімгершілік сотында Мақсұттан басқа да азаматтар куәгерлікке жүрген. Олардың арасында 28 жасар Темірбек Ормановтың өзі, атқамінерлер Әбдірахман Итжанов, Иван Шелхин, Қонақбай Сатқанбаев, Меркінің приставі Павел Лундин, Аспара болысы Бектен Медеров, Аспара болыстық комиссары Т.Қонысбаев, тағы да басқалар айтқан сөздерін растап, қолдарын қойған. Құжаттарда жауап берушілердің сауаты туралы да мәліметтер бар. Әрбір екінші қазақ туралы анықтама бергенде олардың сауатылығын «сауатты» және «туземный подпись» деген жазбалар арқылы көрсетіп отырған. Яғни, араб қарпімен хат танитындарды «сауатсыз» деп айтқан. Олардың айтуынша, Жұмағұл мен Сейділдә патша ағзамның шешіміне қарсы шығып, майданға адам жібермеу үшін өздерінің әрекеттерін шаңырақ тізімін жойып жіберу арқылы жасаған. 12 ақпанда олардың ісі Ташкент округтік сотына жіберілген. Алайда елде саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни билікке уақытша өкіметтің келуі істің тоқтауына, қылмыскерлерге рақымшылық жасауға негіз қалады. Олар 1917 жылдың 6 наурызда әрқайсысы мемлекет пайдасына 150 рубльден айып төлейтін болып, абақтыдан босатылды.

Бұл құжатта тағы бір назар аударарлық дерек – көтеріліс басшыларының бірі Досмайыл Сырғабайұлы туралы мәліметтің болуы. Ауыл старшыны алғаш ақ патшаның жарлығын қолдағандай болғанымен артынша көтерілісшілер жағына шыққан. 1916 жылдың 29 тамызында Тағай талда өткен жиында көтерілісшілердің ханы (бұл жерде басшысы деген мағынада қолданылған) болып, Ақкөз Қосанұлы, орынбасарлығына Досмайыл Сырғабайұлы, діни жетекшіге Өмірзақ молда сайланған. Сол кездегі куәгерлердің айтуынша Ақкөз ақылға тоқталса, Досмайыл күшке, ел тілегіне көп назар аударса керек. Тарихтан белгілісі Досмайыл Әулиеата түрмесінен уақытша өкіметтің рақымшылығымен 1917 жылдың ақпан айында абақтыдан шығып, бейбіт өмірге араласқанымен 1938 жылы қаза болған.

Екінші құжатта Меркі ауданының 11-ауылының 44 жасар қазағы Молжігіт Құдабаевтың қылмыстық ісі. Меркі бітімгершілік судьясы Молжігітті жауапқа тарту үшін көптеген адамдардан сұрақ алған. Меркінің приставы Павел Лундин Молжігіттің бұрын белсенділігімен көзге түспегендігін айтса, Мәуленқұл Жанықұлов, Жолдыбай Алакүшіков, Иманқұл Бегімбетов, болыс Бектен Медеров Молжігіт туралы білгендерін айтқан. Олардың айтуынша, төменгі Тағайдың талы деген жерде болыс Бектен Медеровтің бұйрығымен №11 ауылдың тұрғындарының жиыны болады, жиында ауыл старшины Дәрібай Рысқұлов патша ағзамның жарлығы бойынша майданға қара жұмысқа 19 бен 43 жас аралығындағы қазақ жігіттерін алу туралы айта бастайды.

Осы кезде Молжігіт Құдабаев суырылып алға шығып, бұл жарлықты орындауға болмайтынын, қазақтарды қорлау екенін және патша ағзамның қазақтарды әскерге алмау туралы уәдесін бұзып отырғандығы жөнінде бар дауыспен айтады. Оны атқамінерлер (пятидесятниктер) қақпайлап, сөйлетпеуге тырысқанымен, Молжігітті қолдаушылар көбейіп, оған ойын айтуға мұрсат беру талап етіледі. Бұдан кейін белсенділер жиыннан кетіп қалады. Бұл жиында тізім жарияланбайды. Міне, осы оқиғадан кейін Молжігіт Құдабаевты жасауылдар қамаққа, судьялар сұраққа алады. Барлық құжаттарды заңдастырғаннан кейін Меркі бітімгершілік судьясы құжаттарын Ташкент уездік сотына жолдайды. Өзін Әулиеата түрмесіне айдайды. Бұл құжатта бұдан басқа дерек жоқ.

Осы көтеріліске қатысқаны үшін Тұрар Рысқұлов бастаған бірнеше жастар тұтқындалғанымен артынша уақытша өкіметтің рақымшылығымен босатылды. Түрмеден шығысымен Ташкентке оқуға түспек болып кеткен Тұрар 1917 жылы Петерборда басталған ақпан төңкерісінен кейін көктемде Меркіге қайта оралды. Ол осында «Қазақ жастарының революциялық одағын» («Бұқараны») ұйымдастырды. Бұл туралы Тұрардың серіктерінің бірі Үсіп Сатыбалдинов нақты деректер келтіреді. Көтеріліс басылғаннан кейін, ауылдағы қазақтар мен мұжықтар арасында өшпенділік бұрынғыдан да өрши түскен. Ақ патша құлап, Меркіде совет өкіметі орнағанымен бұл әрекет тоқтамады. Оның басты себебі көтеріліске қатысқан және қолдаған қазақтарды жазалауға орыс мұжықтарының қатысуы еді. Оларды приставтар тиімді пайдалана білді. Қолдарына қару ұстатып, қазақтардан тартып алған малды бөліп беру арқылы ынталандырды. Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Гродеков: « Түркістандағы әрбір орыс поселкесі орыс әскерінің бір батальонына тең болар еді» дегені осы кезде анық көрінді. Көтерілісшілерді басуға келген әскер басшылары өз жақтарына алдымен сол жерде мекендеген мұжықтарды тартты.

Сонымен бірге орыс кулактарына аш қазақтарға азық-түлік бермеуді тапсырды. Отаршылдықтың салдары өте ауыр қасіреттерге алып келгенін ешкім жоққа шығармайды. Міне, осы келеңсіз іске куә болған Тұрар бастаған жастар одағы ұлттар арасындағы ынтмақ, бірлікті нығайтуға бағытталған үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Осындай аса күрделі кезде жаңа билікке білімді де, саналы, сөзі өтімді, ісі мығым іскер жергілікті азаматтар қажет еді. 1918 жылдың сәуір айында Меркі орыс және түземдіктер мектебінің түлектері басшылық жұмыстарға тартылды. Ал жиырма төрт жасар Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік советінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Билік, ең алдымен, оның алдына жергілікті халық пен орыстардың арасындағы өшпенділікті жою және аштыққа қарсы күресті ұйымдастыру міндетін қойды. Көп ұзамай ол орынбасарлықтан басшылық қызметке көтерілді. Сол кездегі Тұрар Рысқұлов қол қойған, сарғайған тарихи құжаттарды ақтарып, зерделегенде билік ең алдымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше мән мен маңыз бергенін аңғарасыз. Бұл іс-шараны жүзеге асыру үшін мешіттер мен шіркеулерді тиімді пайдаланған. Сол жылдары Әулиеатада 30-дан аса мешіт болған. Совдеп мүшелері дін орындарына жиі келіп, халықпен етене араласып, түсіндіру, насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізеді.

Қазақтың тағы бір қайраткер азаматы Мұхамеджан Тынышбаев 1916 жылы Сырдария губерниясының әскери губернаторына жазған хатында көп мәселелерден хабардар етеді. Тіпті, көтерілісшілдерден қорқып, Әулиеата қаласының сыртынан айналдыра ор қазылғандығын, орыс мұжықтарын қазақтарға қарсы қаруландырғанын, қазақтар орыс мекенін, орыстар қазақ ауылдарын тонау белең алғанын айтқан. Осы хатта нақты деректер көп. Алайда кейінірек жоғарыда айтылған хабарламасында Кастальский Мұхамеджан Тынышбаевтың айтқандарын жоққа шығаруға ұмтылғаны байқалады. Тіпті, ол деректерді бұрмалағаны үшін М. Тынышбаевты қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартуды да сұраған.

Жалпы Меркіде болған көтеріліс туралы осы уақытқа дейін аз жазылған жоқ. Көркем туынды да, ғылыми еңбек те жазылды. Ол көтерілістің бағасы берілген. Сондықтан да оны қайталаудан аулақпыз. Бұл тақырыпты қозғауға жоғарыда айтылған тарихи құжаттар себеп болып отыр. Бұл құжаттардың тағы бір құндылығы аймақта патшалық Россияның билік құрған кезінде дайындалғандығы.

Меркі, Шу өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшілерінің тізімдерімен аты жөндерін, көтеріліс кезінде атқарған қызметтерін әскери жағдайға байланысты Меркі участкісінің приставының 1916 жылы 9 қыркүйектегі, Әулиеата уезінің начальнигігіне берген рапортына бүге-шүгесімен сипатталады. Мерке участкесінің приставы Лундиньнің берген рапортында былай делінеді: ….Соңына қарай өзімнің парызым деп есептеймін мәселені баяндайын. Көтерілісшілердің басшысы Ақкөз Қосанов (№8-ші ауыл, Құрағаты болысы). Ол өзін жариялы хан есебінде санайды. Ақкөз Қосанов жөніндегі мендегі бар мәліметтерге қарағанда, ол тамыз айында Пішпекке барып қайтқан. Ол жақтан халыққа үгіт-насихат жүргізу және оны басқару жөніндегі тағы басқа да көтерілісшілерге қажетті ақыл-кеңес алып келуі сөзсіз.

Ал, қаза тапқан көтерілісшілерді тексеріп қарағанда олардан үш сызықты винтовканың патрондары табылған. Демек бұл көтерілісшілердің Жетісу қозғалысымен де байланысты болғандығының дәлелі. Соңғы уақытта Шу өлкесінің де халқы көтерілісшілерге көптеп қосылуда деген хабарлар айтылып жатыр. Демек бұл көтерілісші шайқаны тез арада ізбе-із жою, талқандау қазіргі уақытта кезек күттірмейтін іс. Әйтпесе көтерілісшілер шайкасы күннен-күнге саны артып келеді.

Міне, дәл осы кезде, Әулиеата-Пішкек арасындағы көтерілісті басып-жаншу үшін арнайы Ташкенттен «Ташкент-1», «Сібір полкі-2» ротасы секілді 100 адамнан тұратын жазалаушы әскер шықса, Бішкектен капитан Полторанин бастаған 65 адамдық жасақ тағы жіберілді. Олар Меркі көтерілісін аяусыз қырғынға ұшыратты. Орыстың мықтап қаруланған суыт әскеріне шыдамай тоз-тозы шығып,қыркүйек айының ақырында көтерілісшілер жеңіліс тапты. Көтерілісшілер басшысы Ақкөз Қосанұлы тұтқындалып, Әулиеата түрмесіне жабылды. Себебі,олардың қолында заманға сай қарудың болмауы мен жеке-жеке ұйымдасқан топтың өз бетінше әрекет етуі болатын. Айбалта,күрек,найза,қылыш сияқты жалаң құралдармен қаруланып,орыстың әскери техникасы мықты әскеріне төтеп беру мүмкін емес еді. Бірақ,сонда да езілген халық азаттық үшін жандарын құрбан етті.

Әулиеата уезіндегі соның ішінде Меркі бойындағы ұлт-азаттық көтеріліс Торғай мен Жетісудағы көтерілістерден кем түспек емес. Ақкөз Қосанұлы бастаған Меркідегі ұлт-азаттық көтеріліске он мыңнан астам адам қатысқан деп батыл айтуға толық негіз бар. Мұны жоғарыдағы ғылыми мақалалардан, мұрағат құжаттарынан, көтеріліске қатысушылардың естеліктерінен алынған деректер растайды.

Бұл жөнінде ұлтымыздың азаттық үшін қозғалысын зертеуші 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысқан және оның идеологиялық жетекшісі болған, қоғам қайраткері Т.Рысқұлов өзінің көтеріліс жайлы еңбегінде;басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс – Әулиеата уезінің әсіресе Меркі ауданының қазақ елінің көтерілісі болды.  … Бұлардың арасында, әсіресе бас болып шыққан Тоқан «Ақкөз» ( Ақкөз Қосановты айтып отыр. К.Н. ) деген шал болды делінеді .Өзінің жас мөлшеріне қарамастан ат қонып көтерілістің бас-аяғында жүріп, халқымен бірге болған Ақкөз Қосановтың есімі басқада көтеріліс басшыларымен бірге аталып халық есінде мәңгіге қалуы керек.

Бұл жөнінде академик М.К. Қозыбаевтың да көзқарасы осы бағыттағы пікірді қуаттайды. М.К Қозыбаев: «Имена Аккоза Косанова, Досмаиля Сыргабаева и других лидеров восстания казахов Чуйской долины стоят неравне с именами таких чудогероев национального – освободительного движения как Абдугаппар Джанбосынов, Амангелды Иманов, Кейки батыр, Бекболат ашекеев, Жаменке, Саурык батыр. Их имена будут помнить благодарные потомки»  деп айтқан ойларынан көре аламыз.

Ақкөз және ол бастаған көтерілісшілер арманы шындығында 80 жылдан кейін орындалды. 1916 жылығы Меркі көтерілісі, оның басшылары, оның ішінде Ақкөз туралы халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің Тұрар Рысқұлов туралы «Қызыл жебе» эпопеясында эпизодтық кейіпкерлер ретінде суреттесе, белгілі әдебиетші ғалымдар Темірғали Қожакеев «Үркіншілік» атты хикаясында сомдады.Телефильм түсірілді. Алайда қазақ әдебиетінде Ақкөз Қосанұлының және оның соңынан ерген ержүрек серіктерінің көркем бейнелерін жасаған арнайы кесек туындылар әлі күнге дейін жасалынған жоқ. Осы орайда Торғай қазақиарының көтерілісіне сардарлық еткен Амангелді Имановтың көркем әдебиет пен өнерде жолы болғандығын айтуға болады. Ол туралы дастандар, романдар жарияланып, көркем фильмде түсіріліп, ел арасына кеңінен белгілі болды.

Бірақ, сол Амангелді қолбасшылық еткен көтерілісшілер Ақкөз сияқты хан болып сайланған болыс Әбдіғаппар Жанбосынов, кейін Кеңес Одағының саясатына ашық қарсы шыққан Кейкі батыр Амангелдінің орынбасары болғандығына қарамастан большевиктік идеологтар жағынан шетқақпалықтар көрді. Амангелді Иманов та Кеңес өкіметі орнаған 1919 жылы көктемде азаппен қаза тапқанымен оның артында комиссар Әліби жангелдин іздеушісі, сұраушысы болса, Ақкөз Қосанұлы сияқты қлы тұлғаның өзін де, ерлік өнегесін де жақсы білетін Тұрар Рысқұлов жаламен атылып кеткен соң ескерусіз, елеусіз қала берді .Бұл әрине 2006 жылы жазылған мақаладан алынды. Енді ол кезден басап біраз еңбектер мен матириалдар жарық көріп, қолға алынып жатыр[5].

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     http://freepapers.ru/6/1916-zhyly-azastanday-lt-azatty/32229.204528.list5.html

2.     Төленова З. 1916 жылғы Меркі көтерілісі және оның жетекшісі Аққөз батыр хаһында // Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3 (07)

3.     http://ztgzt.kz/recent-publications/u-kazaxskogo-naroda-bylo-dva-puti.html

4.     Национальные движения в условиях колониализма: Казахстан, Средняя Азия, Северный Кавказ: Материалы Всесоюзного «Круглого стола» 27-28 июля 1990 г.

5.     Архив материал // ДЬЛО КАРАБАЛТИНСКОГО ВОЛОСТНОГО ПРАВЛЕНІЯ АУЛЕАТИНСКОГО УЬЗДА // Ф-747, Оп-1, Дело-2, 9-бет

 

 

 

 

                                               

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *