«Қызыл Қазақстан» журналының ең басты үш ерекшелігі
Журнал тарихы. «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат»,1991ж.) журналының алғашқы нөмірі Орынборда 1921 жылдың, қыркүйек айында басылып шығарылды. Басты мақсаттарының бірі қазақ жұмысшыларына Кеңес үкіметі мен коммунистік партия саясатын түсіндіру болды. Бұл білім, саясат, өнер, шаруашылық, әдебиет журналы деп аталды. Онда «Аурулар жайынан», «Отантану», «Әйелдер арасында» секілді әртүрлі тақырыптағы мақалалар жарияланып отырды. 1927 жылы журналды шығарушылар қатарында О. Жандосов, Ә. Байділдин, Ж. Сұлтанбеков, Ғ. Тоғжанов, О. Исаев болды.
«Қызыл Қазақстан» журналының басты үш ерекшелігі. Бірінші ерекшелік– 20 ғасырдағы елдегі ауыр да үлкен оқиғаларға, халықтың басынан өткен қиын сәттерге куә болған журнал. Екінші ерекшелігі– қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі (М.Қ. Қозыбаев) болғандығында екенін көрсетеді. (Академик Мақаш Қабашұлы Қозыбаев «Қызыл Қазақстанның» кейін «Ауыл коммунисі» мен «Қазақстан коммунисіне » айналғанына дейін тарихи принципті жоғары ұстаған, қызыл атауы тапшылдыққа ілеспеген басылым болғандығын атап көрсеткен.) Соңғы үшінші ерекшелігі– журналдың дүйім жұртқа аштықпен келген барлық ауыр сынақтар мен кесел-кесапаттан сақтануды үйреткені. Бұның барлығына дәлел болатын 1921-1922 жылдардағы қыста қардың, жазда жауынның болмауынан пайда болған құрғақшылықтың әсерінен туындаған ашаршылық кезеңі. Журналда ашаршылық туралы тіпті С.Сейфулиннің «Аштардың рухтары», Ғ.Асылбековтің «Аш жетімдерге жәрдем», А. Сегізбаевтың «Аш балаға» атты шығармалары жарияланып, халықты аштықпен күресуге, аш-арыққа қол-ұшын беруге шақырды.
«Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналы ел тарихының сонау жылдан бергі тарихын көрсететін шежіресі, қазақ баспасөзінің айнасы екеніне еш күмән жоқ.
Журналистика факультетінің 1-курс студенті Аман Ақнұр