Тәлімі терең тұлға
Тәлімі терең тұлға
Адам өмірге келген күннен бастап-ақ, биікке ұмтылады. Бәрін білсем, көрсем екен дейді. Арманның артынан жас балаша жүгіреді. Мақсат қойып, соған жетуге талпынады. Солай өмір жалғаса береді. Арман мен мақсат қуып жүргенде, өмірдің ұалай өткенін де аңғармай қаласың. Сол шақта оңашада отырып алып, «осы күнге дейін не істедім?», «қандай пайдалы іс жасадым?» деп сұрақ қоясың. Қойған сұрақтарыңа жауап бере алсаң, өзіңе көңілің толып, жүзіңе күлкі үйіріледі. Ал егер мардымды жауап бере алмасаң, қалған өмірімде кімге қалай жақсылық жасасам екен деп өзіңді жегідей жейсің. Менің ойымша, Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз өмірінің соңында өзіне риза болып кетті. Ағамыз дүниеден өткенімен, еңбектері мәңгі тарихта қалары белгілі. Саналы өмір сүрген дара тұлғаның халқымызға берген білімі жайлы сөз етпекпін.
Әбілфайыз Ыдырысов – өмірінің тең жартысын журналистика саласына арнаған адам.Талай мықты журналистерді тәрбиелеген ұстаз. Ғұмырын білімге арнаған дара тұлғаның өмірі өнеге. Егер барлық адамзат білімге құмар болып, бір мамандықтың артынан қуып, сол істің шебері болса, елімізде «жұмыссыздық» деген мәселе болмаушы еді. Алайда, өз ісінің маманы болуоңай емес. Әсіресе, білім саласында. «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, мәселе ана тілімізге келгенде, айрықша өзгертулер енгізу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қазақ журналистикасының ардагері Әбілфайыз Ыдырысов журналистиканың ішінде баспа ісінеқосқан үлесі жайлы сөз етпеске болмас. Жазушы баспагерлерге арнап ғылыми мақалалар мен оқулықтар жазды. Атап айтсақ, «Қазақ публицистикасының тарихы», «Очерк публицистика жанры ретінде», «Баспа басылымдарын безендіру».
Әбілфайыз Ыдырысов тек журналист қана емес, ол «жігітке жеті өнер де аз» деген ұстанымдағы тұлға секілді. Өйткені, журналистика мен жазушылықты да қатар алып жүрді. Оқырмандарына «Таңшолпан» атты аяулы жарына арнап жазған романымен танымал. Кітап жазу – ұзақ ізденіс пен көрегенділікті қажет етеді. Кітап жазамын десе, әр адамның өмірі түрлі оқиғаларға толы. Бірақ сол сан алуан иірімдерден тұратын өмір жолын қызықты кітап етіп жаза алмайды. Неге? Себебі, жазу шеберлігі – өнер. Оған туа бітті талант керек. Содан соң Жаратушыдан берілген талантты дамыту керек. Ыждахатпен оқу керек.
Әбілфайыз Ыдырысовтай тұлғадан тәлім алу – бақыт деп білемін. Өкінішке орай, бізге ол кісінің дәрісін алу бақыты бұйырмаған екен. Дегенмен, жас ұрпаққа мұра етіп қалдырған шығармалары тарихта мәңгілікке қалады. Біздің парыз – ұстаздың ізгі өсиетін ендігі ұрпаққа дәріптеу. Әбілфайыз Ыдырысовтың жазып кеткен еңбектерін игере отырып «Жаңа Қазақстанда» баспа ісін жоғарғы деңгейге жеткізу.
Жанерке Сатыбалды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті,
Баспагерлік,редакторлық және
дизайнерлік өнер кафедрасының
3-курс студенті
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718