ӘЛІППЕ САБАҚТАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУ МҮМКІНДІКТЕРІ
ӘЛІППЕ САБАҚТАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУ МҮМКІНДІКТЕРІ
Конуспаева Медина Дархановна
«Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі»
МКҚК
«Бастауыш білім беру» мамандығы, ІV курс студенті
Ғылыми жетекшісі: Рахимова Айсұлу Сенбіқызы,
қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
Аңдатпа
Осы мақалада әліппе сабағында әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану мүмкіндіктері айтылады.
Тірек сөздер: Әліппе, таңба, әдіс, әріп.
Аннотация
В данной статье описаны возможности эффективного использования методов на уроке алфавита.
Ключевые слова: Алфавит, символ, метод, буква.
Annotations
This article describes the possibilities of effective use of methods in the alphabet lesson.
Key words: Alphabet, symbol, method, letter.
Білім негізі бастауышта екенін ескерсек, дәл осы кезеңде бүлдіршіндердің оқуға дағдысы қалыптасып, өмірлік ұстанымдары жүзеге асырылады. Сол себепті ұстаздарға жүктелетін міндеттің жүгі ауыр. Әсіресе, «Әліппе» оқулығы мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндердің қолына тиетін ең алғашқы кітабы – білімнің бастауышы, мөлдір бұлағы. Қаншама жылдар бойы оқушылардың жан азығына айналған, өзіндік ерекшелігі басым, бағасы биік құнды қазына.
Әліппе оқулығының ең алғашқы авторы Ахмет Байтұрсынұлы екені барша халыққа мәлім. Ағартушы тұлғаның арманына айналған ана тілде сауат ашатын кітап қанша уақыт өтсе де өзінің өзектілігін еш жойған емес. Сол кезеңнің өзінде оқуға жеңіл, тілге жүйелі, меңгеруге ыңғайлы әдіс-тәсілдер ескеріліп, балалардың бейіміне қарай оңтайландырылып ойластырылған болатын. Себебі, білім алуға ниетті бүлдіршіндердің ынта-жігері мен болашаққа деген арманы бастау алатын шақта жас ерекшелігіне шақ болуы тиіс.
Ресей және Еуропа ғалымдарының пікірінше Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған жаңа қазақ әліпбиі озық жазу үлгісі болып шықты. Яғни, қалай жазылса, солай оқылатын біркелкі концепция, қалыптастыру үлкен ғылыми жаңалық болды. Қырғыз, қарақалпақ және башқұрт халқы өз әліпбилерін жасағанда Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған емле үлгісін пайдаланды. Ал, кейінірек қазақ тілін латын және кириллица әліпбилеріне көшіру кезінде де Ахмет Байтұрсынұлы жасаған жүйе негізге алынды.
Тарих беттерін парақтай отыра, бүгінгі білім беру жүйесін салыстыра қарайтын болсақ, қай кезеңде де ең алдымен бүлдіршіндердің сауат ашуына жағдай жасау ең алғашқы кезекте тұратыны белгілі.
Ахмет Байтұрсынұлы әліппе жазу барысында жазуға ыңғайлы, оқуға жеңіл түрін қарастырған. Оған араб таңбаларын қолданып, қазақ тіліне икемдейді. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын, өзі «қазақ жазуы» деп, ал басқалар болса «Байтұрсынов» жазуы деп атап кеткен қазақтың графикасының пайда болуына түрткі болған.
Ұлы тұлғаның қалдырып кеткен мол мұрасы негізінде Тәуелсіз Қазақстанның ұландары да, мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтте ең алғаш «Әліппемен» танысты. Әрине, бірақ кейін жаңартылған білім мазмұны бойынша, бұл үрдіс біраз өзгеріс тауып, кейіннен Әліппе «Сауат ашумен» алмастырылған болатын. Араға жылдар салып, 2021-2022 жылдың жаңа оқу жылында бүлдіршіндер өздерінің сүйікті оқулығы, «Әліппемен» қайта қауышты. Оның алғашқы бетінде Ахмет Байтұрсынұлының орналасуы да бекер емес.
Заман ағымына орай жаңартылған әліппеде заманауи технологиялар да кеңінен қолданылған. Оның әр бетінде QR-код белгіленіп, қосымша мәліметтер игеруге болады. Тіпті, тапсырмалар да, жалпылама түрде берілмей, арнайы дискте ұсынылған.
Әліппенің кіріспесі түрлі-түсті суреттермен сөйлем құрастыру, мағынаны тануға бағытталған. Мұның өзіндік сыры да жоқ емес. Кіші жастағы балалар бояуы басым бейнелерді жақсы көреді. Сол себепті сабақ барысында бірінші сынып оқушылары үшін суреттерді жиі пайдалану өзінің оң нәтижесін беретіні анық.
Әліппені оқыту барысында әріптердің орналасу барысы да арнайы ережеге сүйеніп жазылған. Ол сөз құрастыруға, әріптерді біріктіруге бағытталған. Мәселен, «А» әріпімен алғаш танысқан соң балалар бірден «Т» әріпін меңгеруге кіріседі. Бұл «ата», «ат» деген секілді сөздерді құрастыру үшін ойластырылған. Әліппені оқыту барысында тек жекелей дыбыстарды оқу, жазу жағын ғана ескермей, бірден осылай бірнеше әріптерді біріктіруге үйретіп, жазуға, оқуға дағдыландыру қажет. Әр әріпті өткен сайын оны арнайы жазу дәптеріне көшіру, таңбасын белгілеу, оқу тәрізді элементтер біріктіріліп, уақыт өте келе күрделене түседі. Бастапқыда балалар қалам ұстау барысында қиындықтарға тап болатыны жасырын емес. Сол үшін әріптен бөлек белгілерді бейнелеу, сызық, таңба тәрізді жазуды қосымша тапсырма ретінде ұсынған жөн.
Жалпы, әр сабақ жаңа әріптерді меңгерумен одан әрі өрбіп, уақыт өте келе дыбыстарды ажырату, буынға бөлу, тыныс белгісін қою тәрізді қосымша ережелермен толығады. Осы орайда, педагог оқушыларды жалықтырып алмайтын жағдайларды ескеріп, түрлі әдіс-тәсілдерге мән берген жөн. Инновациялық технологияларды қолдану да ұмыт қалмай, жаңартылған мазмұнда сабақ беру барысы үздіксіз жүргізілуі шарт.
Бірінші сынып оқушылары оқу жүйесіне жылдам бой үйрету үшін ұстаздың біліктілігі аса үлкен мәнге ие. Бірден ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және жоғары талап қоя отыра білімді еркін меңгеруге ықпал ету керек. Оған қоса, әліппе оқулығының әр тарауын кешіктірмей, мерзімінде меңгерту, тапсырмаларды дер кезінде ұсыну, тексеріс уақытын кешіктірмеу тәрізді сәттерді үнемі басшылыққа алған жөн.
Жалпы, әліппе оқулығын меңгеру барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер үлкен мәнге ие. Бас кезінде бойға сіңген дағды, уақыт өте келе өзінің өзектілігін байқататыны анық. Сол себепті, бірінші сынып оқушыларын білімге баулу барысында мүлт кетпеген абзал. Мысалға алатын болсақ әліппе кітабындағы 95-96-беттеріндегі тапсырманы «Сәйкестендіру» әдісімен сабақты тиімді де ұтымды өткізуге болады.
«Әліппе» білім әлеміне жол ашатын, бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейтіп, әріптерді тануға мүмкіндік беретін, алғашқы дағдыларды қалыптастыратын құнды қазына. Сол себепті, әліппе оқулығын жан-жақты меңгерту жүйелі жүргізілуі шарт. Білімді ұрпағымыз көп болсын!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. «Қызықты грамматика» Алматы – Мектеп 1984.
2. «Мектептегі мерекелер» журналы.
3. Әдістемелік көмекші құралдар.
4. Бастауыш сынып әдістемесі журналы 2008 жыл.
5. Әліппе 2021. Атамұра (Ә.Жұмабаева, Н.Құрман, Б.Сабденова) 95-96 б.