«Жас азамат» газеті және Қошке Кемеңгерұлы

 

                              «Жас азамат» газеті және Қошке Кемеңгерұлы  

  

 Аса өміршең, әрі жүйелі Алаш идеясы мен Алаш партиясының бағдарламасы жарым-жартылай болса да жүзеге асып, елдікке деген үміт молайған Ақпан төкерісінен кейінгі кезең қазақ зиялылары үшін аса қолайлы мезгіл боп есептелді. «Теңдік, бостандық күні туды!» деп жар салып, қазақ жұртының мақсат-мүддесі үшін жан сала кірісті.  

 

Алашорда үкіметі өмірге келіп, автономия алу, мемлекеттік құрлымды жүйелеу істері жүргізіле бастайды. Алдыңғы толқын ағаларына көмек беріп, қолғабыс болу, Алаш үнін жастар арасына тарату мақсатында 1918 жылдың сәуір-мамыр айларында Омбы қаласында қазақ жастарының тұңғыш құрылтайы өтеді. Осы құрылтайға қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі ұйымдардан өкілдер келіп қатысып, жалпы жұрттың шешімі бойынша барша ұйымдардың басын біріктіріп, бұрынғы Омбыдағы «Бірлік» ұйымының негізінде «Жас азамат» атты ұйым құрады. Құрылтайда жастар саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар, ұлтымыздың мәдени-ағарту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Құрылтайда әр түрлі көзқарастар орын алады. Осылайша алаш ұранды жастардың тұңғыш жалпықазақтық жастар ұйымы дүниеге келді. Ұйымның төрағалығына М.Мырзаұлы, басқарма мүшелігіне – С.Садуақасұлы, М.Сейітұлы, Г.Досымбекқызы, А.Байділдаұлы бекітілді. [18] Ұйымның үні болып «Жас азамат» деген газет шығарылмақшы болады. Газет редакторлығына Қошке Кемеңгерұлы бекітіледі. Газеттің алғашқы саны сол жылы 30 шілдеде жарық көреді.  

«Жас азамат» ұйымының құрылуы мен оның жарғысы туралы Мұтар Әуезов «Абай» журналының 1918 жылғы 6- санында «Бірінші жалпы жастар съезі», «Жастар ұйымдарына ашық хат» атты қатарынан екі мақала жариялайды  

 Жас азаматтың алтын идеяалы, әулие мақсаты, негізгі жолы-ұлт бостандығы, ұлт теңдігі еді. 

 Бұл тілекке жету үшін Жас азамат Алаштың алтын туын жайқалдыра  алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ел қылатын бірлікті қолданды. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры адалдықты қолданады. 

           Алаш үнін ту еткен газеттің 1918 жылдың 30-шілдесінен 1919 жылдың 3-ақпанына дейін 22-нөмірі жарық көрген. Қазір біздің қолымызға түскені 18 саны. Мұның ішінде 2, 9, 10, 19 – сандары жоқ. Қызылжар қаласында шығып тұрған газеттің негізгі редакторлық міндетін атқарған Қошке Кемеңгерұлы болған. Ал газеттің әр санында «бастырушы Алаш серіктігі» деп жазылса, 1- ден 11- ге дейінгі сандарының  «уақытша шығарушы – Хошмұхамед Кемеңгерұлы», 12-нөмірінде «уақытша шығарушы үшін – Біләл Малдыбайұлы», 13-тен 16-ға дейін «уақытша шығарушы – Біләл Малдыбайұлы», бұның себебін газеттің осы 12-санында: «Газеттің шығарушысы Қошмұхамет мырза Кемеңгеров Қызылжар уъезі қазақтарына земствоны түсіндіріп һәм болосной земстволар ашу үшін 12 ноябрьде қырға шығып кетті», – деп түсіндіреді. Ал қайтадан 17- ден 22- ге дейінгі сандарда: «уақытша шығарушы – Хошмұхамед Кемеңгерұлы» деп көрсетілген. Осы қысқа ғана жеті ай уақытта 22 саны ғана шығып үлгерген газетті бүгінгі есеппен қарасақ аз деуге болады. Алайда тар заманға тұспа-тұс келген қазақ жастар баспасөзінің алғашқы қарлығаштарына бұның өзі оңай тиген жоқ. Мемлекеттен босатылған бір тұтас қаржы болмады. Сол себепті көп қиындықтарға ұшырады. Әуелі жастар әр түрлі ойындар қойып, мәдени кештер ұйымдастырып, содан түскен қаржыға газет жұмысын жүргізді. Ол көмектің де бірде келіп, бірде келмей қалатын кездері көп болды. 

 

        Ел мүддесі үшін күрескен бұл газеттің шығарушысы қазақ халқының жақтаушысы да жоқтаушысы да Қошке Кемеңгерұлы болды. Халқының біртуар қайраткері һәм көрнекті қаламгері Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы 1896 жылдың 15 шілдесі күні ескіше Ақмола облысы, Омбы уезі, Теке болысы, Қаржас ауылында дүние есігін ашқан. Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан оқыған Қошкені әкесі Омбы приход школына береді (Бұл кезде мұсылманша оқу орны – мектеп, медресе, орысша оқу орны – школа, училище аталған). Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін олардың балаларын «Божий Закон» сабағынан босатқан. Жас Қошке осы школдан орыс тілін, басқа да пәндердің негіздерін үйреніп шығады. 

 

1917-1918 жылдардағы саяси оқиғалар тұсында Қошке сергелдеңге түскен халық пен оқығандардың ішінде жүрді. Бұл кезде заман қатал, саясат құбылмалы еді. Осыған қарамай Алаш зиялылары сеңдей соғылысқан жұрттың арасынан бөлінбей, мәмілегерлік жолын іздеді. 1917 жылы сәуірде Қошмұхамбет Кемеңгерұлы Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан (Омбыдан) Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. 1915-1916 жылдары Омбыдағы қазақ жастары сол жағалаудағы Қаржаста жасырын жиналатын болса, 17-жылғы өзгерістен соң қала ішінде ашық мәжіліс құрды. Алғашқы бас қосулардың нәтижесі 1918-1919 жылдары Алаш Ордаға қалтқысыз жәрдем берген, ел бірлігі мәселесінде біршама тиянақты жұмыс жасаған «Жас азамат» ұйымы мен газеті еді. Қошке осы ұйымның алқасына кірді, оның Қызылжар қаласында шығып тұрған үні – «Жас азамат» газетіне редактор болды.  

 

Көзін тырмап ашқаннан бері ойлайтыны елдің, халықтың мұң-мұқтажы. Қазақтың көзін ашу болды. Басқа Алаш қайраткерлері сынды бұл кісі де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды, екі күннің бірін темір торда өткізіп, айдауда жүрседе өзінің өмірінен ҰЛТ мүддесін биік қойды. Айырбастамады. Текті болып туып, текті болып өлді. Арыстарын ардақтаған халықпыз ғой осындай тау азаматтарымыздың барын ұмытпай еске алып тұрайық. 

 

Ербол МЕДЕТБЕКҰЛЫ

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық                                                                                                       университеті журналистика факультетінің                                                                                             студенті

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *